Шенеуніктердің жұмысы енді қалай бағаланады: Тоқаев 16 жылдық жүйенің күшін жойды
Қазақстанда министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын жыл сайын бағалап, төмен нәтиже көрсеткен басшылардың жауапкершілігін қарастыруға негіз болған жүйе күшін жойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы 2026 жылғы 21 қазанда қолданысқа енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мемлекеттік органдардың жұмысы енді бағаланбайды дегенді білдірмейді. Олардың даму жоспарларын қалай орындап, бюджет бағдарламаларында көзделген нәтижелерге қаншалықты қол жеткізгенін Жоғары аудиторлық палата тексеруді жалғастырады. Алайда бұрынғы рейтинг жасау тәртібі мен сол рейтингке сүйеніп басшылардың жауапкершілігін қарастыру ережелері тоқтатылды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 19 наурызда қол қойған №954 жарлық күшін жойды. Ол орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің жұмысын бағалаудың ортақ тәртібін бекіткен еді.
Тоқаевтың 2026 жылғы 18 қыркүйектегі №1469 жарлығымен күшін жойған құжаттар мен жекелеген ережелер тізіміне барлығы 33 тармақ енген.
Төмен көрсеткіш үшін басшыларға қандай шара қарастырылған?
Бұрынғы жүйеде мемлекеттік орган рейтингте соңғы үш орынның бірін иеленсе немесе өзі жауапты саладағы көрсеткіштер үш жыл қатарынан нашарласа, оның басшысының жауапкершілігі қарастырылуы мүмкін еді. Мұндай ұсынысты Президент әкімшілігі енгізетін.
Дегенмен төмен баға алған министрді немесе әкімді бірден қызметінен босатпайтын. Оған қандай шара қолдану керегі бөлек қаралатын.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бағалауға берілген мәліметтердің шынайылығына, толықтығына және уақытында ұсынылуына жеке жауапты болған.
Министрліктер мен әкімдіктер қалай бағаланды?
Бұл жүйе 2010 жылы екі орталық мемлекеттік орган мен бір облыс әкімдігінде сынақтан өткізіліп, 2011 жылдан тұрақты қолданыла бастады.
Бағалау кезінде ведомстволардың міндеттерін қаншалықты орындағаны, бюджет қаражатын қалай жұмсағаны және халықпен байланысы ескерілді. Сондай-ақ олардың ішкі жұмысын ұйымдастыруы мен салалар және өңірлерді дамытудағы нақты нәтижелеріне назар аударылды.
Соңғы жылдары операциялық тиімділік үш бағыт бойынша бағаланды:
-
Мақсаттарға қол жеткізу — 45%. Даму жоспарларының орындалуы, бюджет бағдарламаларының көрсеткіштері және қаражатты тиімді пайдалану есепке алынды.
-
Халықпен және бизнеспен өзара іс-қимыл — 30%. Мемлекеттік қызметтердің сапасы, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау, ведомстволардың ашықтығы бағаланды.
-
Ұйымдастырушылық даму — 25%. Кадрларды басқару мен ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігі тексерілді.
Баға тек мемлекеттік органдардың өз есептеріне сүйеніп қойылған жоқ. Ресми статистика, тексеру қорытындылары, тәуелсіз сарапшылардың тұжырымдары, әлеуметтік зерттеулер мен қоғамдық кеңестердің ұсынымдары да пайдаланылды.
Осы деректер негізінде Жоғары аудиторлық палата тиімділік рейтингін жасады. Нәтижелер арнайы комиссия арқылы президентке ұсынылды. Мемлекеттік құпия мен заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қоспағанда, бағалау қорытындылары ашық жариялануға тиіс болды.

Жүйені неге өзгертпек болды?
Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау тәсілдерін қайта қарау мәселесі 2025 жылы көтерілген. Сол жылдың қыркүйегінде Жоғары аудиторлық палата елде бір мезетте бағалаудың тоғыз түрлі форматы қолданылатынын хабарлаған.
Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі өңірлердің инвестициялық тартымдылығын, Бас прокуратура құқық қорғау органдарының жұмысын, ал Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалаған.
Аудиторлардың пікірінше, бұл бағалаулар көбіне бірін-бірі қайталап, мемлекеттік басқарудың тиімділігін толық көрсетуге мүмкіндік бермеген.
Сондықтан палата оларды мақсаттарға қол жеткізу, ашықтық, цифрлық даму және қызмет көрсету сапасы секілді төрт негізгі индексті қамтитын бірыңғай жүйеге біріктіруді ұсынған.
Жаңа бағалау қандай болуы мүмкін?
Талқыланған модельде министрліктер мен әкімдіктерді бір-бірімен салыстырудың орнына, әр мемлекеттік органның бұрынғы нәтижесімен салыстырғандағы ілгерілеуін анықтау ұсынылды. Бұл ведомство жұмысының шынымен жақсарғанын көрсетуге тиіс.
Сондай-ақ халықаралық рейтингтердегідей AAA, AA, A, BBB секілді әріптік бағалау енгізу және тексеруді жылына үш рет өткізу ұсынылған. Осылайша, жыл соңын күтпей, аралық нәтижелерді бақылауға мүмкіндік туады.
Жаңа тәсілде өткізілген іс-шаралар санынан гөрі жұмыстың нақты нәтижесіне басымдық беру көзделген. Ол үшін әр мемлекеттік органға жеке тиімділік көрсеткіштерін — KPI белгілеу ұсынылды. Ал екі жыл қатарынан төмен нәтиже көрсету кадрлық шешімдерге негіз болуы мүмкін.
Алайда бұлар — талқылау барысында айтылған ұсыныстар. Оларды күшіне енген талаптармен шатастырмаған жөн.
2026 жылғы 23 шілдедегі заңға сәйкес, Жоғары аудиторлық палата министрліктер мен әкімдіктердің даму жоспарларын орындауын және бюджет бағдарламаларындағы нәтижелерге жетуін бағалайды. Палатаға осы бағалаудың жаңа ережелерін қазан айында бекіту тапсырылған.
Жарлықтың күші жойылғаннан кейін не өзгереді?
2026 жылғы 21 қазаннан бастап министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын бағалаудың бұрынғы жүйесі күшін жойды. Сонымен қатар рейтинг жасау және жұмыстың нашар нәтижелері үшін басшылардың жауапкершілігін қарау тәртібі де тоқтатылды.
Алайда мемлекеттік органдардың жұмысы бағалана береді. 2026 жылғы 23 шілдедегі заңға сәйкес, Жоғары аудиторлық палата министрліктер мен әкімдіктердің даму жоспарларын қалай орындап жатқанын және бюджет бағдарламаларында көзделген нәтижелерге қол жеткізуін тексеруге тиіс. Жұмысты бағалаудың жаңа қағидаларын бекіту Жоғары аудиторлық палатаға қазан айында тапсырылған.
Шетелден көлік әкелуге қатысты заң өзгерді: Қазақстандықтар нені білуі керек?