Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шенеуніктер туыстары мен қосымша табысы туралы мәлімет беруге міндеттеледі

декларация
Фото: ChatGPT

Енді шенеуніктер өзімен бірге жұмыс істейтін туған-туысы, кәсібі, тіпті қосымша табысы туралы да мәлімет беруге тиіс. Өйткені Үкімет жеке мүдделер декларациясын тапсыру тәртібін бекітті. Құжатты жауапты лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлермен қатар, оларға теңестірілген тұлғалар да толтырады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа тәртіп 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды. Мемлекеттік қызметке келген немесе басқа қызметке ауысқан адам декларацияны 15 жұмыс күні ішінде тапсыруы керек.

Мемлекеттік қызметші өзімен бір мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін жұбайы, жақын туыстары, жекжаттары және басқа да байланысы бар адамдар туралы мәлімет береді. Бұдан бөлек сабақ берсе, ғылыми немесе шығармашылық жұмыспен айналысса, оны да көрсетуі тиіс. Кәсіпке қатысы, жеке кәсіпкерлігі және өз мүлкін басқа біреудің басқаруына бергені туралы ақпарат та декларацияға жазылады.

Ал басшылық қызметтегі шенеуніктерге қойылатын талап бұдан да қатаң. Егер оның жұбайы немесе жақын туыстары иелік ететін не басқаруға қатысатын компания шенеунік жұмыс істейтін мемлекеттік мекемемен келісімшарт жасаса немесе басқа да іскерлік байланыста болса, бұл туралы да мәлімет берілуі керек.

"Сондай-ақ қосымша ақы төленетін жұмысы, кәсіпке қатысы және сенімгерлік басқаруға берген мүлкі туралы ақпарат беріледі. Декларацияларды мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кадр қызметтері жинайды. Оны тапсырмаған немесе белгіленген мерзімнен кеш тапсырған адам тәртіптік жауапкершілікке тартылады", – деп түсіндірді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Жаңа тәртіп мемлекеттік қызметшінің жеке мүддесі мен қызметтік міндеті бір-бірімен қайшы келетін жағдайларды ертерек анықтауға арналған. Мәселен, мемлекеттік орган белгілі бір компаниямен жұмыс істесе, ал ол компанияға сол мекемедегі басшының жақын туысы иелік етсе, бұл байланыс декларацияда көрсетілуі тиіс.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 10:19