Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Театр сахнасындағыдай әсер қалдырды": Бекжан Тұрыс ұлының үйлену тойын дүркіретіп өткізді

Үйлену тойда жас жұбайлар
Фото: Видеодан скриншот

Белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың отбасында қуанышты жаңалық. Өнер иесінің ұлы Мағжан Тұрыс сүйіктісі Еңлікпен шаңырақ көтерді. Ұлттық дәстүр мен театр өнері ұштасқан салтанатты тойдың видеолары әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Желіде тараған кадрлардан тойдың әдеттегіден өзгеше ұйымдастырылғанын байқауға болады. Әсіресе жас жұбайларды қарсы алу рәсімі көпшіліктің назарын аударған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртістері қыздар мен жігіттер болып бөлініп, "Жар-жар" жырын сахналық қойылымға ұқсас үлгіде орындаған.

Салтанатты кешке қазақ өнерінің танымал өкілдері де жиналған. Қонақтар қатарында Меруерт Өтекешова, Мақпал Жүнісова, Асылбек Боранбаев, Дулыға Ақмолда, Рамазан Стамғазиев пен Ерлан Біләл сынды өнер майталмандары болған.

Тойда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне де айрықша мән берілген. Қонақтар арасында қол күрес пен “қыз қуу” сайыстары ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар үлестірілген. Тіпті меймандарға кәде ретінде қазы да тарту етілген.

Желі қолданушылары әсіресе театр әртістерінің орындауындағы “Жар-жарға” тәнті болып, пікірлерін жарыса жазды.

“Мұндай тойды бұрын көрмеппін. Нағыз қазақы той!”, “Қыздар мен жігіттердің кезектесіп жар-жар айтуы қандай жарасымды!”, “Театр сахнасындағы қойылымды тамашалағандай болдық”, “Бекжан ағамыз ұлттық өнердің қадірін тағы бір көрсетті”, – деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, Бекжан Тұрыс – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері. Ол көпшілікке “Ұят болмасын” бағдарламасындағы Ақылбай ата бейнесі арқылы да кеңінен танылған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 13:25