Қазақстандық әке бала күтімі бойынша декрет төлемдерін сот арқылы өндіріп алды

Сот бала күтіміне байланысты табысынан айырылған әкенің әлеуметтік төлем алу құқығын қорғады. Қарағанды облысында қаралған іс бойынша Әлеуметтік сақтандыру қорының төлем тағайындаудан бас тартуы заңсыз деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес талапкер кәмелетке толмаған баланың әкесі екен. Жұмыс берушінің бұйрығымен оған бала үш жасқа толғанға дейін жалақы сақталмайтын бала күтімі демалысы берілген.
Осыдан кейін азамат мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш жасаған. Алайда қор әлеуметтік тәуекел туындаған кезде табыс жоғалту фактісі болмағанын алға тартып, төлем тағайындаудан бас тартқан. Сондай-ақ жауапкердің пікірінше, мұндай төлем бала туғаннан кейінгі алғашқы бір жарым жыл ішінде ғана төленуге тиіс.
ОқыңызАлайда сот бұл уәжбен келіспеді. Соттың айтуынша, қызметкерге бала күтіміне байланысты жалақысыз демалыс берілуі табыстан айырылуға әкелетін жағдай. Сонымен қатар заңнамада әлеуметтік төлем алу құқығы баланың туған күнімен байланыстырылады, ал табыстың нақты қашан жоғалғаны шешуші мәнге ие емес.
Сот ата-ананың әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтінішті бала туған күннен бастап 18 айда кез келген уақытта беруге құқылы екенін атап өтті. Сондықтан бала туғаннан кейін белгілі бір уақыт өткен соң жүгіну төлем тағайындаудан бас тартуға негіз бола алмайды.
Осылайша, сот талапкердің талабын қанағаттандырды. Кейін Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс еңбек қауіпсіздігін күшейту, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған еді. Құжатта жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салу, бала күтіміне байланысты демалыста болған әкелердің осы кезеңін еңбек өтіліне қосу, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғаларға байланысты өтемақы төлеу тетіктерін жетілдіру сияқты бірқатар өзгеріс қарастырылған еді.
Шымкентте әскерге барудан қашқан 23 жастағы жігіт үшінші қабаттан секіріп комаға түсті