Үміттен кейін екінші Амур жолбарысы табиғатқа жіберілді
31 қазан күні "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Амур есімді аталық жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар кездеспеген еді. Енді табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар өздерінің тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралып жатыр.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев, сондай-ақ "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, мамандар мен адам және жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.
“Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық. Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе "Амур жолбарысы" орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін”, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
Министр бұл шараның мақсаты – жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана емес, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру екенін атап өтті.

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур "Іле-Балқаш" резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болды. Осы уақыт аралығында мамандар оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстады.
Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.
Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Олардың қозғалысы, жаңа ортаға бейімделуі тұрақты бақылауда болмақ.
Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.
Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің аңғары кезінде Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың азаюы, қоректік жануарлар санының кемуі және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан жойылып кетті.
Жолбарыстарды қайта жерсіндіру мақсатында 2018 жылы "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Содан бері мұнда тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлардың санын арттыру және жыртқыштардың тіршілігіне қажетті жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар қоныс аударылды. 2026 жылғы қыркүйекте "Алтын-Емел" ұлттық паркінен тағы 30 құлан жеткізілді. Бұл жануарлар болашақта жолбарыстардың қоректік қорының бір бөлігін құрауы тиіс.

Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді
2026 жылғы мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы әкелінді. Олардың екеуі – ересек, екеуі – күшік. Қазір жануарлар "Іле-Балқаш" резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауларында ұсталып отыр.
Жоба Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы аясында халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен жүзеге асырылуда.
Бағдарламаға Freedom Holding Corp. және Freedom "Шапағат" корпоративтік қоры да қолдау көрсеткен. Қаражат қазақстандық мамандарды оқытуға, бейімдеу қоршауларын жабдықтауға және жолбарыстарды тасымалдауға бағытталған.
Сонымен қатар Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігі, "Амур жолбарысы" орталығы және Дүниежүзілік табиғат қоры (WWF) жобаға атсалысқан.
2024 жылы Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен WWF International ынтымақтастықты жалғастыру туралы меморандумға қол қойған.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
Жолбарыстарды табиғатқа қайтару барысында жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алатын арнайы топ құрылған.
Мамандар жануарлардың қозғалысын бақылап, тұрғындармен байланыс орнатады және күтпеген жағдайларға жедел әрекет етеді.
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының директоры Қанат Қожабековтің айтуынша, жолбарыстарды табиғатқа қайтару оларды еркіндікке жіберумен ғана шектелмейді. Бұл жануарлардың бейімделуін бақылауды, олардың мекендеу ортасын қорғауды және жергілікті тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізуді талап етеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 70 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи мекеніне қайта оралғаны туралы жазған едік. “Іле-Балқаш” мемлекеттік табиғи резерватында Амур жолбарысының Үміт атты аналығы табиғи ортаға жіберілді. Табиғи ортаға жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді. Ол өздігінен аң аулайды, ал оның қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады. Мамандардың мәліметінше, Үміттің жабайы табиғатқа бейімделуі сәтті өтуде.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түсті
