Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қасқыр мен қабан аулаған": Табиғатқа жіберілген Үміт атты жолбарыс өздігінен аң аулауды үйренді

Жолбарыс
Фото: gov.kz

Іле-Балқаш резерватына жіберілген Үміт атты амур жолбарысы алғашқы 10 күн ішінде өздігінен аң аулай алатынын дәлелдеді. Жыртқыш қасқыр мен қабан аулаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Экология министрлігінің мамандары жолбарыстың табиғи ортадағы алғашқы он күндік бақылау қорытындысын шығарды. Осы уақыт ішінде зерттеушілер оны жіті бақылауда ұстап, қозғалысын қадағалап, тоқтаған жерлерін зерттеп келеді.

Мамандар жолбарыстың қай аумақта болғанын нақты анықтайтын GPS-белдігін пайдаланады. Одан кейін топ сол аумаққа барып, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Алғашқы он күннің басты жаңалығы – Үміт өз қорегін өздігінен табуға қабілетті екенін көрсетті. Бақылау барысында мамандар жолбарыстың қасқыр аулап, онымен бірнеше күн бойы қоректенгенін анықтады. Кейін оның мәзіріне жабайы қабан да қосылған. 

Зерттеушілердің пікірінше, жолбарыс жай ғана тіршілік етіп қоймай, жаңа ортаға шын мәнінде бейімделіп, табиғат аясында өздігінен өмір сүре бастаған. 

Қазір мамандар Үміттің қозғалысын күн сайын бақылап, оның жаңа ортаға бейімделу барысын қадағалауды жалғастыруда.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда араға 70 жыл салып алғаш рет Амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілгені туралы жазған едік

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 22:26