Қазақстанда араға 70 жыл салып алғаш рет Амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілді

Қазақстанда 70 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи мекеніне қайта оралды. “Іле-Балқаш” мемлекеттік табиғи резерватында Амур жолбарысының Үміт атты аналығы табиғи ортаға жіберілді. Бұл Қазақстанда жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару бағдарламасының алғашқы практикалық қадамы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Табиғи ортаға Үміт есімді Амур жолбарысының аналығы жіберілді. Бұл жолбарысты тарихи мекеніне қайтару және Қазақстанда оның популяциясын қалпына келтіру бағдарламасының алғашқы практикалық кезеңі саналады.
ОқыңызЖолбарыс неге дәл Іле-Балқашқа жіберілді?
Мамандардың айтуынша, Іле өзенінің бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірі тарихи тұрғыдан Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Бұрын бұл аумақта жолбарыстың тіршілік етуіне қолайлы тоғайлы ормандар мен мол қорек қоры болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында ормандардың азаюы, жабайы тұяқты жануарлар санының кемуі және аңшылық салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан біржола жойылып кеткен. Ол елімізде соңғы рет 70 жылдан астам уақыт бұрын болған.
Экология министрлігінің мәліметінше, жолбарысты тарихи мекеніне қайтаруға дайындық жұмыстары он жылдан астам уақыт бойы жүргізілген.
Осы уақыт ішінде “Іле-Балқаш” мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, жолбарыстың өмір сүруіне қажет табиғи орта қалпына келтірілді. Сонымен қатар оның негізгі қорегі саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту жұмыстары жүргізіліп, арнайы бейімдеу вольерлері мен қажет инфрақұрылым салынды.
Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілген
2026 жылдың мамыр айында Ресейдің қолдауымен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі – ересек жолбарыс, ал қалған екеуі 6–7 айлық күшіктер.
Жануарлар Қазақстанға жеткізілген соң “Іле-Балқаш” мемлекеттік табиғи резерватындағы арнайы бейімдеу вольерлеріне орналастырылды. Табиғи ортаға жіберілер алдында Үміт толық ветеринариялық тексеруден өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық қабілетін, мінез-құлқын және адамға реакциясын бағалады. Нәтижесінде табиғатта өз бетінше тіршілік етуге дайын деген қорытынды шығарған.
Қазір Үмітке тағылған GPS/GSM спутниктік қарғыбау мен фототұзақтар арқылы оның қозғалысы тәулік бойы бақылауға алынып отыр.
Министрлік мәліметінше, аталық жолбарыс әзірге табиғи ортаға жіберілген жоқ. Қазір ол мінез-құлық сынақтарынан өтіп жатыр. Табиғатқа жіберу туралы шешім барлық тексеру аяқталған соң қабылданады.
Ал Қазақстанға күшік кезінде әкелінген екі жолбарыс арнайы вольерлерде өсіп жатыр. Олар 18 айға толған соң ветеринариялық және мінез-құлық сынақтарының нәтижесіне қарай табиғи ортаға жіберілуі мүмкін.
Жолбарыс – қоректік тізбектің ең жоғарғы сатысындағы жыртқыштардың бірі. Сондықтан оны тарихи мекеніне қайтару сирек кездесетін жануар түрін сақтауды ғана көздемейді. Бұл жоба Іле өзені бойы мен Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіріп, тұтас экожүйені қайта жандандыруға бағытталған.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзені мен Оңтүстік Балқаш өңірінде жолбарыстың тұрақты популяциясын қалыптастыру.
Анықтама
Тұран жолбарысы бұрын Іле, Сырдария өзендерінің бойын және Қазақстанның басқа да тоғайлы өңірлерін мекендеген. ХХ ғасырдың ортасында табиғи мекендеу ортасының жойылуы, қорек қорының азаюы және аңшылық салдарынан бұл түржойылып кетті.
Ғалымдардың молекулалық-генетикалық зерттеулері Амур мен Тұран жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін көрсетті. Осыған байланысты Амур жолбарысы Қазақстандағы тарихи ареалда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ең қолайлы түр ретінде таңдалған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыстар қайта әкелінгені туралы жазған едік.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін