Қарағанды хайуанаттар бағында алғаш рет амур жолбарыстарының жаңа туған күшіктері көрсетілді

Қарағандыда хайуанаттар бағы қызметкерлері амур жолбарыстарының төлдеген төлін көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жыртқыш жұп Мия мен Батырдан екі төл – бір аталық және бір аналық дүниеге келді. Жолбарыс күшіктері 30 сәуірде туған. Алғашқы апталарда олар келушілерге көрсетілмеді. Себебі жаңа туған төлдердің әлсіреп туғанына байланысты ерекше күтім қажет болған. Ветеринарлар мен зоопарк қызметкерлері олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстаған.
Туған кезде күшіктердің салмағы 450 және 530 грамм болған. Қазір олардың салмағы екі килограмнан асып, белсенді өсіп, қозғалысы күшейіп, дамуы қалыпты жүріп жатыр.
Зоопарк қызметкерлерінің айтуынша, жолбарыс күшіктері өздерін жақсы сезінеді және толыққанды тамақтанып жатыр. Негізгі күтімді анасы Мия атқарады. Бұл оның екінші төлдеуі. Қазір күшіктер анасымен бірге бейімделу кезеңінен өтуде.
Амур жолбарысы — ең сирек кездесетін түрлердің бірі және Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан мамандар мұндай төлдің дүниеге келуін популяцияны сақтау жолындағы маңызды оқиға деп бағалап отыр.
ОқыңызЖақын уақытта келушілер жолбарыс күшіктерін көре алады. Әзірге олар анасымен бірге қалып, ортаға бейімделу үстінде.
Айта кетейік, Қазақстанда тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының маңызды кезеңі басталған. Ғалымдар амур және тұран жолбарыстары бір тармаққа жататынын анықтап, популяцияны қалпына келтіру үшін амур жолбарыстарын пайдалануға шешім қабылдаған.
Еске салсақ, Қазақстанға 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыстар қайта әкелінген.