Каспийдегі 14 сарбаздың өлімі: Бектенов әскери оқу-жаттығулар кезінде жүйелі олқылықтар барын мойындады
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығуларды ұйымдастыру кезінде анықталған кемшіліктер мен әскери қызметшілердің қауіпсіздігін күшейту шаралары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғалар әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі мәселелер барын көрсетті.
Қорғаныс министрлігінде жүргізілген кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулардың барысын бақылауды ұйымдастыру, ықтимал тәуекелдерді бағалау және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет етуге дайындық мәселелерінде кемшіліктер анықталды, – деді Бектенов.
- Қауіпті факторларға жеткілікті мән берілмейді;
- Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау әлсіз;
- Оқу-жаттығудың ең қауіпті кезеңдерін уақытында тоқтату туралы шешім кеш қабылданды деп тізбектеді премьер-министр.
Қазір Қазақстан Қарулы күштерінде әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз аппараттар қолданылады. Ал кейбір күштік құрылымдарда әскери қызметшілердің қай жерде жүргенін және денсаулық жағдайын бақылауға арналған жеке құрылғылар бар.
Сонымен қатар күштік құрылымдар "Қазгидромет" мекемесімен байланыста жұмыс істеп, ауа райының өзгеруі мен дауылды ескертулер туралы ақпаратты тұрақты түрде алып отырады.
Премьер-министрдің айтуынша, президенттің тапсырмасымен Әскери реформа жоспарының жобасы әзірленген. Құжатта әскери басқару жүйесін жетілдіру, оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін біріздендіру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қатаң сақтау қарастырылған.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев мемлекет қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары алдындағы міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді. Заң бойынша тиесілі төлемдер кешіктірілмей аударылады. Сондай-ақ әр отбасыға қолдау көрсету үшін мамандар бекітіледі.
Бұдан бөлек, билік өкілдері қосымша көмек жинау аяқталғанын хабарлады. Қажетті қаражат арнайы қорға жиналған. Қаражатты бөлу үшін Қазақстан халқы Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіповтің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметкерлердің отбасыларына қолдау көрсету үшін бірнеше миллиард теңге көлемінде қаржы жиналған.
"Бір бала жансақтау бөлімінде": Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түсті
