Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий теңізінде жоғалған екі әскеридің денесі табылды: Көз жұмғандар саны 14-ке жетті

Маңғыстау іздестіру жұмыстары
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақапарттық агенттігі хабарлайды.

25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Іздеу жұмыстары барысында төмендегі әскери қызметкерлердің денелері табылды:

1. Мадихан Азамат Болатбекұлы, 10.06.2007 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Жаңаөзен қаласы, Көктем көшесі, 12/36 үйде тұрған;

2. Төлеген Ақылбек Қабенұлы, 11.02.2007 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Жармыш ауылында тұрған;

3. Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы, 21.03.2006 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Жаңаөзен қаласы, Ақсу көшесі, 160-үйде тұрған;

4. Аяпберген Сержан Талғатұлы, 18.02.2006 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Ақтау қаласы, Өмірзақ ауылы, Аққорған көшесі, 12-үйде тұрған;

5. Мұхтарұлы Олжас, 09.01.2003 жылы туған. Түркістан облысының тумасы. Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ашекеев көшесі, ¼ үй мекенжайында тұрған;

6. Темірғалиев Жеңіс Тілеушеұлы, 08.05.2005 жылы туған. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы, 28/2 үй мекенжайында тұрған;

7. Көбенов Алмас Жүсіпұлы, 23.01.2006 жылы туған. Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан аймағында туған. Мұнайлы ауданы, Баянды-3 ауылы, 94/1 үй мекенжайында тұрған;

8. Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы, 23.04.2007 жылы туған. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Бәйтерек ауданы, Аурухана көшесі, №3 үй мекенжайында тұрған;

9. Жаңабай Асет Саматұлы, 19.09.2006 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылы, Құрылысшы көшесі, 14/3 үй мекенжайында тұрған;

10. Бегей Дастан Нұрболұлы, 03.09.2007 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Жаңаөзен қаласы, Рахат көшесі, 12-үйде тұрған;

11. Диханбаев Олжас Тәжібайұлы, 14.01.2005 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Жаңаөзен қаласы, Өмірзақ Нұрбаев көшесі, 72-үйде тұрған;

12. Гилаж Ақжайық Болатбетұлы, 15.09.2006 жылы туған. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Орал қаласы, А. Скоробогатов көшесі, 24-үй, 67-пәтерде тұрған.

13. Ғұмаров Мансұр Айтбайұлы, 02.06.2007 жылы туған. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ақжайық ауданы, Еркебаев көшесі, 44-үйде тұрған;

14. Тұрдыбекұлы Мирас, 17.08.2007 жылы туған. Маңғыстау облысының тумасы. Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылы, Ардагер көшесі, 64-үйде тұрған.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 10:57