Каспийде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қаржылай көмек бөлінді
Каспийдегі қайғылы жағдай кезінде қаза тауып, зардап шеккен әскери қызметкерлердің отбасына қаржылай көмек бөлу жөніндегі комиссия жұмысын аяқтады. Қаржылай көмектің нақты сомасы айтылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңір әкімдігінің сайтында жарияланған мәлімдемеде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов қорға түскен барлық қаражаттың бөлінгенін айтты.
"Ұлттық рух" қоры еліміздің ірі кәсіпорындарынан, кәсіпкерлері мен меценаттарынан қайырымдылық қаражатын жинау үшін құрылған.
“Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр”, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Қаражаттың мақсатты әрі әділ бөлінуін бақылау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кіреді.
“Қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына қаражат комиссияның шешімдері мен заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес теңдей бөлінді. Ал оқиғадан аман қалған әскери қызметкерлерге бөлек төлемдер қарастырылған. Оларға берілетін материалдық көмектің мөлшерін де комиссия белгілеген”, – деп баяндады Бекмұрат Жүсіпов.
Қаражатты есепке алу және бөлу жөніндегі шешімдер қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарының қатысуымен қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген және барлық заңды рәсімдер сақталған. Бекмұрат Жүсіповтің айтуынша, комиссия қордың шотына ақша түскен сәттен бастап оны алушыларға аударғанға дейінгі бүкіл процесті бақылаған.
"Әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарының өтініші бойынша, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке деректерінің құпиялығын сақтау мақсатында нақты төлем сомалары мен қаражат алушылар туралы мәліметтер жарияланбайды", — деді Бекмұрат Жүсіпов.
Оның айтуынша, комиссияның жұмысы аяқталған. Түскен қаражатты бөлуге қатысты барлық шешім құжат жүзінде рәсімделген.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлады деген басты күдікті мен 12 ер адам жауапқа тартылмаған күйі, іс жабылған