Каспийдегі қайғылы жағдай: Прокурорлар оқиғаға қатысты алғашқы күдіктілерді анықтады
Аталмыш оқиғағы байланысты 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынып, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді және 12 сараптама тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақапарттық агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды.
Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.
Іс Қылмыстық Кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша тергеліп жатыр.
453-баптың 2-бөлігі бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал 465-бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. 465-бап бойынша белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру да көзделген.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстанда күз келсе де күн неге жаздағыдай жылы: Cиноптиктер себебін айтты