Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200 миллион теңгеге түсірілген "Алан туралы аңыз" мультфильмі шығынын ақтай алмай отыр

мультфильм
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда түсірілген “Алан туралы аңыз” мультфильмі прокатқа шыққалы бір апта өтсе де, көрермен жинай алмай жатыр. Анимация түсіріліміне мемлекеттен 200 миллион теңге бөлінген. Егер туынды шығынын ақтамаса, отандық анимацияның болашағына кері әсер етуі мүмкін. Мультфильм авторлары көрермен қызығушылығының төмендігіне алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Толықметражды мультфильм үшөлшемді анимация және заманауи цифрлық технологиялар көмегімен жасалған. Картинаны түсіруге мемлекет 200 миллион теңге бөлген. Жобаны жасаушылар туындының техникалық деңгейі шетелдегі танымал анимациялық фильмдермен бәсекелесе алатынын айтады. Алайда мультфильм прокатқа шыққанына бір апта өтсе де, көрерменнің қызығушылығы әзірге төмен.

“Сақ” киностудиясының директоры Нұриддин Паттеевтің айтуынша, мәселе тек осы мультфильмге қатысты емес. Бұған дейін де отандық толықметражды анимациялық туындылар кинотеатрларға көрермен жинай алмай келген.

“Егер бұл жоба да шығынын ақтамаса, Қазақстандағы анимация саласының одан әрі дамуына елеулі әсер етуі мүмкін”, – дейді ол.

Авторлар Аланның оқиғасы арқылы балаларға Отанды сүю, достық, адалдық пен табандылықтың маңызын жеткізуге тырысады. Оған қоса ұлттық мәдениеттің кейбір қырларымен таныстыруды көздейді. 

Ал көрермендер мультфильмге қызығушылықтың төмен болуын әртүрлі себеппен байланыстырады. Бірі отандық анимацияда көркемдік әр алуандылық пен оқиға динамикасы жетіспейді деп санайды. Енді бірі экшн көріністері мен заманауи монтаждың аздығын айтады. Сауалнамаға қатысқандардың бір бөлігі кинотеатрға жалпы сирек баратынын, мультфильмдерді үйде немесе телефоннан көргенді жөн санайтынын жеткізген.

“Сақ” киностудиясы осы жылдар ішінде жүзден астам анимациялық жоба шығарған. Олардың қатарында “Қалқанқұлақ”, “Томпақ”, “Қой мен ешкі”, “Қазақ хандығы” және “Толағай” бар.

Студия өкілдерінің пікірінше, отандық анимацияның алдында тұрған міндеттердің бірі – қазақ балалары өзін жақын сезінетін, көпшілікке танымал төл кейіпкерлерді қалыптастыру.

“Қазір балалардан кімге ұқсағысы келетінін сұрасаң, Халк немесе Өрмекші адам болғысы келетінін айтады. Бізге өз кейіпкерлерімізді жасап, оларды таныту маңызды”, – деді Нұриддин Паттеев.

Қазір “Алан туралы аңыз” кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Көрермен қызығушылығы төмен күйде қалса, фильм сеанстарының саны қысқаруы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Барлық жағынан нашар деп танылған қытайлық мультфильм Голливуд фильмдерімен қатарласып келе жатқанын жазған едік. Әуесқой мультфильм Niu Lai-ды Қытайда анасы мен баласы түсірген. Туынды сиырлар мекендейтін қиял-ғажайып әлемін баяндайды. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 15:50