"Шыңға кедымен шығып, екі тәулік бойы көмек күткен": Алматы тауында қалған 16 жастағы жасөспірімнің анасы оқиғаның қалай болғанын айтты
Алматы тауларында екі тәулік бойы аязда қалып қойған 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы қазір жақсы. Ол ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Анасының айтуынша, жасөспірім тауға достарымен бірге шыққанымен, олар кері қайтқан соң, Сәтбаев шыңын жалғыз бағындыруды ұйғарған. Баласының жоғалып кеткенін білген отбасы бірнеше сағат бойы таудан көз алмай, оның аман оралуын күткен. Stan.kz тілшісі жасөспірімнің анасы тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрады.
“Достары кері қайтқан, ал өзі шыңға қарай жалғыз кеткен”
Жасөспірім Сәтбаев шыңына жалғыз көтерілген. Ал оны іздеу жұмыстарына ағасы да қатысып, інісіне жетуге тырысқан. Алайда мұз басқан тік беткейден әрі өте алмаған.
Ағасы әлеуметтік желідегі жазбасында іздеу кезінде 3600 метр биікте, −15°C аязда 13 сағаттан астам уақыт болғанын айтқан. Ал інісі −20°C суықта шамамен 4200 метр биікте қалған.
"Тауда мұз болғандықтан, одан әрі көтеріле алмадым. Ал оның менікіндей кроссовкимен соншалық биікке шыққанына таңғалдым", – деп жазған ол.
Анасының сөзінше, ұлы тауға жиі шығып жүрген. Әдетте айына екі рет тауға көтерілетін көрінеді. Сәтбаев шыңын да бұған дейін бірнеше рет бағындыруға тырысқанымен, мақсатына жете алмаған.
"Ол негізі тауға үнемі барып тұрады. Айына екі рет шығатын. Сәтбаев шыңына да бірнеше рет барып, бағындыра алмай қайтқан еді. Осы жолы достарымен бірге шыққан. Бірақ олардың бірі аяғы ауырып, екіншісінің жүрегі айнып, әрі қарай көтеріле алмайтындарын айтып, кері қайтыпты. Ал ұлым өзі жалғастыра беремін деп, жалғыз жоғарыға көтерілген", – дейді анасы.
Анасының айтуынша, жасөспірім шыңға жеткен соң, төмен қарай түсетін басқа туристерді күтіп, солармен бірге қайтуды жоспарлаған. Алайда биікте жүргенде адасып, төмен түсе алмай қалған.
Жақындарының сөзінше, ұлы сол күні түске таман ата-анасына видео жіберіп, Сәтбаев шыңына жеткенін хабарлаған. Тіпті бағындырған шыңын әкесіне арнағанын айтқан. Ол ата-анасына шың басында бір-екі сағат демалып алып, кейін төмен түсетінін жеткізіп, кешкі сағат сегіздер шамасында оны таудың етегінен күтіп алуды сұраған.
Ата-анасы айтылған уақытта Үлкен Алматы көліне барып, баласының түсуін күткен. Алайда сағат тілі түн ортасына жақындаса да, жасөспірімнен хабар болмаған.

Жасөспірімнің қай жерде жүргені туралы соңғы ақпарат сол күні сағат 12:31-де түскен. Ол кезде туристер арасында "Сковородка" деп аталатын аумақта болған. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.
"Біз кешкі сегіз-тоғыздар шамасында бардық. Әне түсіп қалар, міне түсіп қалар деп күтіп отырдық. Жарық көрінсе, баламыз келе жатыр ма деп қараймыз. Сағат түнгі 23:00 мен 00:00-ге дейін күттік. Бірақ түспеген соң, алаңдай бастадық", – дейді анасы.
Отбасы бірден төтенше жағдайлар қызметіне және полицияға хабар берген. Анасының айтуынша, құтқарушылар таңғы сағат 04:00 шамасында келіп, іздеу жұмыстарын бастаған.
"Біз де тауға көтерілдік"
Баласын іздеуге отбасының өзі де аттанған. Анасы, әкесі және үлкен ұлы таңғы сағат төртте тауға көтерілген.
"Біз үшеуміз – мен, әкесі және үлкен ұлымыз – таңғы сағат төртте тауға көтерілдік. Шамамен 3500 метрге дейін бардық. Сағат онға дейін жаяу жүрдік. Одан әрі менің шамам келмей қалды. Ал әкесі жоғары қарай іздеуді жалғастырды", – дейді анасы.
Жақындарының айтуынша, іздеу кезінде отбасы үшін ең қиыны – баласының аман-сау екеніне сенімді бола алмау болған. Әсіресе таудағы аяз, биіктік пен жабайы аңдардан қауіптенген.
"Тікұшақтың келгенін көріп, қасына қонады деп күткен"
Анасы баласының іздеу жұмыстары кезінде тікұшақтың бірнеше рет ұшып келгенін көргенін, бірақ оның жанына қонбағанын айтып бергенін жеткізді.
"Ол қатты тоңып қалған. Палаткасы болмаған, тек күртесін жамылып жатқан. Тікұшақ келіп, қасына келіп қайта ұшып кеткенін айтыпты. Өзі қатты қорқып, енді өлетін шығармын деп ойлаған екен", – дейді анасы.

Жасөспірім бірнеше сағат бойы тамақсыз қалып, қатты суықтан әлсіреген. Оны құтқарушылар дронның көмегімен тауып, медициналық мекемеге жеткізген. Қазір жасөспірім ауруханада жатыр. Аяқ-қолы І дәрежелі үсік алып, қазір жағдайы тұрақталған. Анасының айтуынша, дәрігерлер оны жеті күн бақылауда ұстайтынын айтқан. Қазір баласының жағдайы бірқалыпты, тамақ іше бастаған.
"Балам жоқ болса, енді не үшін өмір сүремін деп ойладым"
Анасы баласының жоғалып кеткенін естіген сәтте қандай күйде болғанын сөзбен жеткізу қиын екенін айтады. Түн ортасында баласы әлі оралмаған соң, отбасы түрлі жаман ойға берілген.
"Адамдар біреудің баласы жоғалып кетсе, сырттай аяп, “ойбай” деп жатамыз ғой. Бірақ дәл сондай жағдай өз басыңа түскенде ғана оның қандай ауыр екенін түсінеді екенсің. Сол түні балам аман табылмаса, енді не үшін өмір сүремін деп ойладым. Басқа балаларым бар екенін де ойлайсың, бірақ баламнан айырылып қаламын деген қорқыныш өте ауыр болды. Ешбір ананы баламен сынамасын дегім келеді", – дейді ол.
Анасының айтуынша, жасөспірімнің тауға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол бұған дейін де талай шыңға көтеріліп, тауға ата-анасымен бірге барған. Сәтбаев шыңы оның бағындырған ең биік нүктесі болған.
Жасөспірімнің анасы ұлын іздеуге атсалысқан еріктілерге де, төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына да алғысын білдірді. Оның айтуынша, іздеу жұмыстарына қатысқан азаматтар баласын аман алып қалу үшін бар күшін салған. Анасы, әсіресе, құтқарушылардың жедел әрекеті мен жанқиярлық еңбегін жоғары бағалап, қиын сәтте қолдау көрсеткен барша жанға ризашылығын жеткізді.
Қазір жасөспірім болған оқиғадан кейін қатты күйзелген. Анасы әзірге баласын тауға жіберу туралы ойламайтынын, ұлының өзі де енді тауға аттап басқысы келмейтінін айтты. Анасының сөзінше, ұлы мектепте жақсы оқиды, қазір 10-сыныпта білім алып жүр. Болашақта IT маманы болуды жоспарлап, осы бағытта дайындалып жатыр.
Ал төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірім Сәтбаев шыңының солтүстік беткейінен табылған. Іздеу жұмыстарына 114 адам қатысып, операцияға "Қазавиақұтқару" әуе кемесі де тартылған. Дәрігерлер оған алдын ала тау ауруы мен жеңіл дәрежедегі гипотермия диагнозын қойған.
ТЖМ өкілдері тауға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлап, ауа райын, қар жағдайын және күннің бату уақытын ескеруге шақырды.
"Қайда жұмыс істейсіз, қанша жалақы аласыз?": Қазақстан ата-аналары мектептердің жеке мәліметтерді сұрауына наразы болып жатыр