Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйден шығуға қорқамын": 17 жастағы қазақстандық қыздың жеке деректерін курстастары желіге таратып жіберген

Телеграм
Фото: Pexels

Threads әлеуметтік желісінде 17 жастағы Аружан есімді астаналық қыз қазақстандықтардан көмек сұрап жазды. ЖОО-да онымен бірге оқыған топтастары арасында жанжал туындап, олар бойжеткеннің телефон нөмірін, жеке ақпарат және суретін Telegram-арналарға таратып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Қыздың айтуынша, оқиға 19 қазанда оқу орнында басталған. Ол оқытушыға тапсырманың қай уақытта жіберілгенін дәлелдеу үшін скриншот көрсеткен. Бұған дейін оқытушы студенттердің бірінің өзіне қатысты балағат сөздер қолданғанына назар аударған.

“Осыдан кейін маған қысым жасала бастады. Екі қыз менің телефонымды күштеп тартып алуға тырысып, жеке хат-хабарларымды көрсетуді талап етті. Мен бас тарттым, өйткені жеке өміріме және хат-хабарлардың қол сұғылмаушылығына құқығым бар деп санаймын. Олар менің соңымнан еріп, даусын көтеріп, шағым айтып, психологиялық қысым көрсетуді жалғастырды. Мен кетуге, жанжалдан аулақ болуға, жеке шекараларымды қорғауға тырыстым”, – деді.

Қыз жанжалдан қашып, оқу ғимаратынан кетуге тырысқанын айтты. Алайда сыртқа шыққан кезде бұрынғы құрбыларының бірі оны кеуде тұсынан бірнеше рет қатты итерген. Осыдан кейін денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Қыздың мәлімдеуінше, медициналық тексеру кезінде плевра қуысында сұйықтық жиналғаны анықталған. Оқиғадан кейін ол анасына болған жағдайды айтып берген. Оқу орны әкімшілігінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда қыздың сөзінше, оның ұстанымы толық тыңдалмай, керісінше, бірнеше студент тарапынан агрессия көрсетті, өтірік айтты және жанжалды өзі бастаған деген айыптауларға тап болған. Кейін қыз құқық қорғаушы мен психологтың көмегіне жүгініп, арыз жазғанын жеткізді.

Жеке деректер Telegram-ға жарияланған

Қыздың айтуынша, жағдай 28 қазаннан кейін одан әрі ушыға түскен. Сол күннен бастап оған бұрын-соңды танымаған адамдар хабарласа бастаған. Олар оның аты-жөнін, телефон нөмірін, өзі туралы кейбір мәліметтерді, тіпті анасына қатысты ақпаратты да білген.

“28 қазанда маған мүлдем бейтаныс нөмірлер жаза бастады. Мен ешқашан кездестірмеген адамдар менің атымды, телефон нөмірімді, мен туралы кейбір мәліметтерді, тіпті анам туралы ақпаратты білетін. Кейіннен менің суреттерім қорлау, балағат сөздермен және менің абыройыма кереғар хабарламалармен бірге Telegram-арналарда жарияланғанын білдім”, – деді бойжеткен.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Ол бұл жағдайды жай ғана студенттер арасындағы келіспеушілік деп қарастыруға болмайтынын айтады. Себебі қазір мәселе өзінің жеке өміріне, психологиялық жағдайына және қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр.

"Неліктен мұндай жағдайға тап болғанымды түсінбеймін"

Қыздың сөзінше, ол бұрынғы курстастарымен жақсы қарым-қатынаста болған, оларға көмектесіп, қолдау көрсетуге тырысқан. 13 жыл бойы актерлік өнермен айналысып, түрлі байқауларға қатысқан. Журналистика саласында білім алуға талпынып, қоғамдық жұмыстарға да араласқан.

“Мен Қазақстанда көптеген жасөспірімдер буллингке, қорлауға, ұжымдық қысым мен қудалауға тап болатынын білемін. Қыздар сексуалдандыруға, фотосуреттерді таратуға, жалған айыптауларға және оларды қоғам алдында масқаралауға тырысады. Көпшілігі үндемейді. Үндемейді, өйткені қорқады.Үндемейді, өйткені оларға сенбейді. Олар жеке мәселелерін көпшілікке шығарғысы келмегендіктен үндемейді. Салдарынан қорқып, үндемейді. Бірақ біз бұл мәселені шындап қабылдай бастағанша, тағы қанша жасөспірім осындай жағдайдан өтуі керек?”, – деп сөзін қорытындылады бойжеткен қыз.

Оның айтуынша, бұрынғы тобынан кету туралы шешімді өзі қабылдаған және мұны ешқандай жария айыптаусыз, тыныш жолмен жасаған. Алайда кейін студенттер арасындағы қарым-қатынас нашарлап, өзіне қатысты сырттай әңгімелер, мазақтау және ұжымдық қысым басталған. Қыз өзінің басынан өткен жағдайға әділ баға беріліп, жеке деректерін таратқандар анықталғанын қалайды. Сондай-ақ өзінің және отбасының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуін сұрайды.

Жеке деректерді тарату заңмен жазалануы мүмкін

“Human Rights Lawyers” бюросының басшысы Ләззат Рақишеваның айтуынша, 17 жастағы қыздың жеке деректерін, фотосуреттері мен телефон нөмірін келісімінсіз Telegram-арналарда жариялау жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және дербес деректерді заңсыз жинау немесе тарату белгілеріне жатуы мүмкін.

Сарапшы жарияланымның мазмұны мен мақсатына қарай өзге де құқық бұзушылық белгілері анықталуы мүмкін екенін атап өтті. Мәселен, егер адамның фотосуреттері мен жеке мәліметтері оны көпшілік алдында кемсіту, мазақ ету немесе қудалауды ұйымдастыру мақсатында жарияланса, бұл кибербуллинг белгілерін қамтуы мүмкін.

"Егер жарияланымда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат болса, бұл жала жабу ретінде бағалануы мүмкін. Ал әдепсіз түрде кемсіту сипатындағы сөздер қолданылса, қорлау белгілері болуы ықтимал", – деп түсіндірді Ләззат Рақишева.

Сонымен қатар сарапшы дербес деректерді белгілі бір талаптарды орындату үшін жариялау жағдайларына да назар аударды. Мысалы, адамды ақша аударуға немесе интимдік сипаттағы фотосуреттер жіберуге мәжбүрлеу мақсатында оның жеке мәліметтерін таратумен қорқытса, мұндай әрекетте бопсалау белгілері болуы мүмкін. Ләззат Рақишева қыздың кәмелетке толмағанын да ескеру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдайда баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударылуы тиіс.

Оқу орны әкімшілігі буллингке көз жұма қараса, жауапқа тартылуы мүмкін

Ләззат Рақишеваның айтуынша, оқу орны әкімшілігінің мұндай жағдайдағы міндеттері оқиғаның қай жерде болғанына, оған кімдердің қатысқанына және басшылықтың бұл туралы хабардар болған-болмағанына байланысты. Егер қысым оқу үдерісімен байланысты болса, мысалы, оны сыныптастары немесе курстастары ұйымдастырса, студенттер арасындағы чаттарда жалғасса немесе педагогтерге белгілі болса, оқу орнының әкімшілігі жағдайға араласып, тиісті шаралар қабылдауы керек. 

Сарапшының түсіндіруінше, ең алдымен, білім беру ұйымы қауіпсіз орта қалыптастырып, жәбірленушіні одан әрі қысымнан қорғауға міндетті. Кәмелетке толмаған қыздың өзі немесе ата-анасы ауызша не жазбаша шағым түсірсе, өтінішті тіркеп, жағдайды қарастыруы қажет. Сондай-ақ оқу орнының психологын тартып, балаға психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыруы керек.

"Егер жарияланымда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалса, мысалы, жала жабу, бопсалау немесе жеке өмірге қолсұғылмаушылық фактілері болса, әкімшілік полицияға немесе осы оқу орнына бекітілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторға хабарлауы қажет", – деп түсіндірді Ләззат Рақишева.

Оның айтуынша, егер жеке деректерді таратқан адам осы оқу орнының студенті болса, әкімшілік оның кім екенін анықтап, ата-анасын шақырып, оқу орнының ішкі тәртібі мен заңнамаға сәйкес шаралар қабылдауы керек. Сарапшы оқу орны басшылығы болған жағдайдан хабардар бола тұра, оны елемей, қажетті шараларды қабылдамаса, жауапкершілік мәселесі туындауы мүмкін екенін атап өтті.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Ләззат Рақишеваның пікірінше, мұндай жағдайда жәбірленуші ең алдымен құқық бұзушылыққа қатысты дәлелдерді сақтап қоюы керек. Себебі жанжалға қатысы бар адамдар Telegram-дағы жазбаларды немесе хабарламаларды кейін өшіріп тастауы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, жәбірленуші жарияланымдардың скриншоттарын түсіріп, экранды бейнежазбаға жазуы қажет. Онда арнаның атауы, пайдаланушы аты, жарияланымның сілтемесі, жазбаның мәтіні, фотосуреттері мен телефон нөмірінің жарияланғаны анық көрінуі маңызды. Сондай-ақ жазбаны орналастырған адамның профилі туралы мәліметтерді сақтаған жөн. Бұдан бөлек, бейтаныс адамдардан келген хабарламалар мен қоңыраулардың тарихын, қорқыту сипатындағы жазбаларды және басқа да дәлелдерді өшірмей сақтау керек.

Құқыққорғаушы қыздың жасы 17-де болғандықтан, құқықтарын қорғау кезінде анасы немесе басқа заңды өкілімен бірге әрекет еткенін дұрыс санайды. Жиналған материалдарды полицияға арызбен бірге ұсынып, жеке деректерді заңсыз тарату, қорқыту және өзге де ықтимал құқық бұзушылықтарды тексеруді талап етуге болады.

Қыз қайда жүгіне алады?

Ләззат Рақишеваның айтуынша, 17 жастағы қыз ең алдымен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының 111 нөміріне хабарласа алады. Орталық тәулік бойы және құпия түрде жұмыс істейді. Сондай-ақ ол өзі оқитын оқу орнына бекітілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторына немесе тұрғылықты жері бойынша полиция басқармасына арыздана алады.

Сарапшының түсіндіруінше, қыз бастапқы кеңес алу үшін полицияға өз бетінше жүгіне алады. Ал қылмыстық іс жүргізу кезінде оның кәмелетке толмаған тұлға ретіндегі мәртебесі ескеріліп, заңды өкілінің қатысуы қамтамасыз етілуі керек.

Мұндай істерді полиция органдары, атап айтқанда, Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы қарайды. Цифрлық іздер неғұрлым толық әрі нақты жиналса, істің нәтижелі әрі жедел қаралуына соғұрлым көмегі тиеді.

Қандай материалдарды жинау қажет?

  • Смартфоннан немесе компьютерден түсірілген егжей-тегжейлі скриншоттар;
  • Экранның бейнежазбасы;
  • Бірегей цифрлық идентификаторлар;
  • Жарияланымдар мен Telegram арналарының мәтіндік форматтағы сілтемелері;
  • Оқиғаға куә болған адамдардың байланыс деректері.

Жиналған барлық файлдарды бір USB-флеш-жинақтағышқа (флешкаға) сақтауға немесе басып шығаруға болады.

Сөз соңында Ляззат Рақишева “Human Rights Lawyers” жәберленушіге психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп жатқанын және заңгерлік көмек көрсетіп жатқанын айтты.

Департамент жауабы

Бойжеткеннің жазған жазбасына пікірлер алаңына Полиция департаменті де пікірін білдірген. Өз жауабында іс "Сарайшық" аудандық полиция басқармасының ақпаратты есепке алу кітабына тіркелген.

“Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі”, – деп жауап берді “Сарайшық” аудандық полиция департаменті.

Осы оқиға аясында бойжеткеннің оқитын университетінен де редакция жауап алуға тарысты. Алайда өз жазбасында ол Астанадағы қай университетте оқитынын жазбаған және материал шыққанша, ол журналистің жазған хатына жауап бермеді.

Еске сала кетейік, Еуразия Ұлттық университеті магистранттарының жеке деректері Google-кестеге жинақталған. Білім алушылардың айтуынша, сілтеме бірнеше адамның қолына түскен. Ал университет ақпараттың ашық әрі бәріне қолжетімді болғанын растамады.

 

 

 

Ислам Әден
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 16:53