Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жолда есіксіз көлікпен жүрген қазақстандық 21 мың теңге айыппұл арқалады

есігі жоқ көлік айдаған
Фото: Видео кадрларынан скрин

Таразда алдыңғы есігі жоқ көлікпен жүрген жүргізуші өзі күтпеген жерден жауапкершілікке тартылды. Ол есігі жоқ көлігін техникалық қызмет көрсету станциясына солай жеткізбек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жамбыл облысының полиция департаментінің мәліметінше, есіксіз жүрген Volkswagen жүргізушісін патрульдік полицейлер байқаған.

“Таразда патрульдік полиция қызметкерлерінің назарын ерекше автокөлік аударды. Төле би даңғылымен ерекше "жиынтықтағы" – алдыңғы сол жақ есігі жоқ Volkswagen қозғалып бара жатқан. Белгілі болғандай, көлік ұзақ уақыт бойы бір орында тұрған. Жүргізуші оны техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізбекші болып, эвакуатор шақырудың орнына дәл осы күйде өз бетімен баруды жөн көрген”, – делінген хабарламада.

Нәтижесінде жүргізуші тоқтатылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған 5 АЕК, яғни 21 615 теңге айыппұл салынды.

 “Алайда, есігі жоқ автокөлікпен жүру – сәттілікке сенетін жағдай емес. Көліктің мұндай техникалық жағдайы жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақауы бар автокөлікті жөндеу орнына қауіпсіз жолмен жеткізу керек. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, өзіңізді және айналадағыларды тәуекелге тікпей, эвакуатор қызметін пайдаланған жөн”, – деп ескертті полиция өкілдері.

Еске салсақ, Қазақстан ескі шетелдік көліктерге қойылатын талаптарды күшейтілгенін хабарлаған едік. Бес жылдан асқан көліктер енді тіркелмейді

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 08:52