Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді шетелден әкелінген тым ескі көліктер елімізде тіркелмейді

көлік шетел ескі
Фото: pexels.com

Өнеркәсіп министрлігі электрондық паспорт рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Жаңа талап бойынша, зертханалар жеке тұлғалардан бес жыл толмаған және өзіне алған көліктердің ғана құжатын қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстандықтар енді шетелден мерзімі бес жылдан асқан көлік әкеле алмайды. Осы айдан бастап сырттан кірген машиналардың электрондық паспортын, яғни кедендегілердің тілінде айтқанда "ЭПТС" рәсімдеу тәртібі өзгерді. Жаңа талап бойынша бұдан былай шығарылған мерзімі 2021 жылға жетпейтін темір тұлпарларды тіркеу мүмкін емес. Зертханалар жеке тұлғалардан тек қана мерзімі 5 жылдан аспаған және жеке пайдалануға алған көліктердің құжатын қабылдамақ.

“Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 23 қыркүйектегі №474 бұйрығына сәйкес (25 қыркүйектен бастап күшіне енді), жеке тұлғалар жеке пайдалануы үшін әкелетін бес жылдан асқан автокөліктерге көлік құралдарының электрондық паспорты рәсімделмейді. Сондықтан мұндай автокөлікті әкеліп, оны Қазақстанда әрі қарай пайдалану үшін рәсімдеу мүмкін емес”, – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Ал Ресей мен Қырғызстан сияқты Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен кірген 5 жылдан ескі машиналар рәсімделсе, оларға "аяқталмаған" деген мәртебе беріледі. Бұлай қабылданған көліктер Қазақстанда алғашқы тіркеуден өтпейді. Айта кетсек, бүгінде 1 адам жеке пайдалануға сырт елден жылына бір көлік ғана тіркей алады. Қажет болған жағдайда салмағы 3 жарым тоннаға жетпейтін тіркемені немесе автоүйді қосымша әкелуге болады. Ал елге кірген соң құрылғыны жеке пайдалануға арналған тәртіппен рәсімдеу қажет. Бұл жағдайда кедендік төлем төлейді. Оның мөлшері есептеу тәсіліне қарай көлік құнының 48%-ын немесе қозғалтқыштың әр текше сантиметрі үшін 1 жарым еуро төлейді.

“Қазір көліктің көбін Оңтүстік Корея мен Қытайдан, Америка мен Араб Әмірлігінен әкеліп жатыр. Енді бұл талап барлығына ортақ болса олар үлгермейді. Менің ойымша мұндай мәселе ешкімге қажет емес. Иә, мемлекет көлеңкелі нарықты шектеп, заңсыздықтарды тоқтатқысы келеді. Алайда күшіне енген тәртіп жалпыға қатысты болса нарық өзгеруі мүмкін”, – дейді автосарапшы Алексей Алексеев.

Министрлік әзірге жаңа талаптың мән-жайын ашық түсіндірген жоқ. 

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 08:30