Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайда жұмыс істейсіз, қанша жалақы аласыз?": Қазақстан ата-аналары мектептердің жеке мәліметтерді сұрауына наразы болып жатыр

ата-ана
Фото: Pexels

Қазақстанда ата-аналар мектептердің отбасы туралы тым көп мәлімет сұрайтынына шағымданып жатыр. Олардың түрлі әлеуметтік желі платформаларында жазғандарындай, мектептер ата-анасының қайда жұмыс істейтінін, қанша табыс табатынын, қандай оқу орнын бітіргенін, тіпті баланың бауырлары туралы да ақпарат жинайтын көрінеді. Кейбір ата-ана мұндай сауалнамаларды толтырудан бас тартқан айтады. Мектептерге бұл мәліметтер не үшін қажет және оларды бермеуге бола ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Мектеп пе, әлде прокуратура ма?": Ата-аналар не дейді?

Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтар мектептерде таратылатын сауалнамаларға қатысты наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, кейбір мектептер баланың өзіне ғана емес, бүкіл отбасына қатысты ақпарат сұрайтын көрінеді.

Тредс
Фото: скриншот

Мәселен, threads__kz парақшасында автор мектеп тарапы ата-аналардан отбасы мүшелерінің аты-жөні, телефон нөмірі, мекенжайы, жұмыс орны мен қызметі туралы сауал жолдап, ақпарат беруін сұраған.

"Осы айда мектебіміз барлық отбасы мүшесі туралы мәлімет беруді талап етті. Аты-жөнімізді, телефон нөмірімізді, қайда тұратынымызды, ата-аналардың жұмыс орны мен қызметін, балалардың бауырлары қайда оқитынын көрсетуіміз керек екен. Тіпті қай университетті бітіргенімізді де сұрады. Мұның бәрі не үшін қажет? Статистика үшін бе? Бұл мәліметтер мемлекеттік базаларда онсыз да бар ғой. Неге жеке ақпаратымызды әртүрлі мекеме қызметкерлерінің қолынан өткізуіміз керек?" – деп жазды желі қолданушысы.

Жазба авторы мұншалықты көп ақпарат жинау жеке деректердің бөтен адамдардың қолына түсу қаупін арттырады деп алаңдайтынын да жасырмады.

Ал zarecnyi_nails_kris есімді қолданушы мектептің отбасының жеке өміріне қатысты сұрақтар қойғанын айтып, өзіне мұндай сауалдардың ыңғайсыздық тудырғанын жеткізген.

 

"Біздің сауалнамада "Балаңызбен қаншалықты жиі уақыт өткізесіз?", "Өз үйіңіз бар ма, әлде жалдап тұрасыз ба?", "Отбасыңыз толық па?" деген сұрақтар болды. Жалақыны сұрамады. Бірақ басқа сұрақтардың өзі ұнамады, сондықтан толтырмадым. Кейін балама психологиялық тест өткізуге рұқсат сұрағанда, директорға барып, бәрінен бас тартатыным туралы екі дана өтініш жазғым келді. Алайда сынып жетекшісі барудың қажеті жоқ деп тоқтатты", – дейді ата-ана.

Тағы бір ата-ана мектептің Balazhan платформасына арналған сауалнамасында отбасы мүшелерінің білімі мен жұмысы ғана емес, тұрмыстық жағдайы да сұралғанын жазған.

 

"Түсінбеймін, бізде мектеп пе, әлде прокуратура ма? Оларға осыншама жеке ақпарат не үшін қажет? Balazhan платформасында жұбайымның және менің білімімді, баланың әкесі мен анасы қайда жұмыс істейтінін, қандай мамандық иесі екенін сұрайды. Одан бөлек, ата-анасының ажырасқан-ажыраспағанын, бөлек тұратынын, біреуінің шетелде жұмыс істейтінін көрсету керек екен. Тіпті пәтерде, жеке үйде немесе жатақханада тұратынымызды да сұрайды", – деп жазды 1001crystal есімді қолданушы.

Осы жазбаның астына пікір қалдырған тағы бір тұрғын мектептің жалақы мөлшерін де сұрағанын айтқан.

Жазба авторларының басты алаңдайтын мәселесі – жиналған мәліметтердің қайда кететіні және оларды кімдер көре алатыны болып отырған көрінеді. Кейбірі мұндай ақпараттың бөтен адамдардың қолына түсуінен қауіптенетінін де жасырмады.

Мектепке ата-аналардың жеке мәліметтері не үшін қажет?

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, мектептер оқушылар мен олардың отбасылары туралы мәліметтерді арнайы құжаттарға енгізеді. Бұл тәртіп 2020 жылғы 6 сәуірде қабылданған №130 бұйрықпен реттелген екен. Құжатта мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері жүргізуге тиіс құжаттардың тізімі толық көрсетілген. Соның бірі – мектептің әлеуметтік паспорты. Яғни, бұл мектепте оқитын балалардың отбасылық және тұрмыстық жағдайы туралы мәлімет жинақталған құжат.

Ол арқылы мектеп қай баланың әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін, қайсысына ерекше көңіл бөлу керегін анықтай алады. Мәселен, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтер жиналады. Сондай-ақ құжаттарда ата-аналардың білімі, жұмыс орны, мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетіледі. 

Алайда министрлік ата-аналардың нақты қай жоғары оқу орнын бітіргені, қандай қызмет атқаратыны және балалардың аға-әпкелері қайда оқитыны туралы мәліметтер мектепке не үшін қажет екенін түсіндірген жоқ.

Balazhan платформасына қандай мәліметтер енгізіледі?

Ата-аналардың наразылығына себеп болған тағы бір мәселелердің бірі – Balazhan платформасы. Министрлік түсіндіруінше, бұл жүйе мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтердің жұмысын жеңілдету үшін енгізілген. Яғни бұрын мектептер оқушылар мен олардың отбасылары туралы ақпаратты қағазға жазып, әртүрлі құжатта сақтаған. Енді осы мәліметтер бір электронды жүйеге жиналып жатыр. Алайда ведомство жаңа платформа енгізілгенімен, ата-аналардан бұрынғыдан көп ақпарат сұралмауы керек деп отыр.

Жүйеге баланың отбасылық жағдайы, ата-анасы және әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер енгізілетін көрінеді. Ведомство бұл ақпараттың кімдерге қолжетімді болатынын да түсіндірді.

"Жеке деректерге тек өз қызметтік міндеттері шегінде мектептің уәкілетті қызметкерлері қол жеткізе алады. Олар платформаға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, ақпараттың құпия сақталуын қамтамасыз етуге міндетті", – деп мәлімдеді ведомство.

Ата-аналар жеке мәліметтерін беруден бас тарта ала ма?

Ата-аналарды алаңдатқан басты сұрақ – мектеп талап еткен ақпараттың бәрін ұсыну міндетті ме деген сауал болып отыр. Мысалы, ата-ана өзінің жалақысы, бітірген университеті немесе отбасы мүшелері туралы мәлімет бергісі келмесе, не болады?

Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті былай деп түсініктеме берді:

"Ата-аналардың тиісті ақпаратты ұсынуы – баланы оқыту, тәрбиелеу және қолдау барысында отбасы мен білім беру ұйымының өзара әрекеттесуінің бір бөлігі", – деп жауап берді комитет.

Алайда ведомство ата-аналар нақты қандай мәліметтерді беруге міндетті екенін, қай ақпаратты ұсынудан бас тарта алатынын және мұндай жағдайда балаға қандай да бір шектеу қойыла ма деген редакция сұрағына да нақты жауап бермеді.

Баланы психологиялық тексеруден бас тартуға бола ма?

Әлеуметтік желіде кей ата-ана балаларынан психологиялық тест алуға да қарсы екенін жазған. Олар тексеру нәтижелері қайда сақталатынын және кейін қандай мақсатта қолданылатынын білгісі келгендерін айтады Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, ата-аналар баласына психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуден белгіленген тәртіппен бас тарта алады. Ол үшін мектеп әкімшілігіне жүгініп, өтініш білдіру керек екен.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық мұғалімдер балалар мен ата-аналардың жеке мәліметтерін жинауға арналған Balazhan платформасына наразылық білдірген еді. Олардың айтуынша, мектеп басшылығы ұстаздарды жүйеге ақпарат енгізуге мәжбүрлеген. Бұл мұғалімдердің жұмыс жүктемесін едәуір арттырған.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 17:05