Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді

мұғалім
Фото: regnum.ru

Қазақстандық желіде мұғалімдердің түнгі уақытта, жұмыстан тыс кезде көшелер мен ойын-сауық орындарын аралап, рейдке шығып жүргенін мәлімдеді. Айтуынша, мұндай жұмысқа оларды мектеп басшылығы мәжбүрлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бекасыл есімді желі қолданушысының айтуынша, кей мектептерде мұғалімдерге артық жүктеме салу әлі бар. 

“Мектеп мұғалімдерінің түнде, жұмыстан тыс уақытта , көшеге рейдке шығуы қаншалықты заңды? Кафе, ойынхана, клуб т.б. жерден оқушыларды іздеу дұрыс па? Мұғалім, көшенің тәртібін қарайды ма әлде оқушыға сабақ береді ме? Меніңше, ондай рейдке, мектеп басшылығының заңсыз міндеттеуімен шығады. Егерде, мұғалімнің кәмелет жасқа толмаған балалары болса, оларды үйге тастап кетіп, көшеде жұрттың баласын қарайды ма?”, – деп наразы болды ол. 

Желі қолданушылары да мұғалімдерге артылатын артық міндет заң бойынша жойылғанымен мектептерде әлі де жүктеме бар екенін алға тартты. 

“Былтыр мұғалім болып жұмыс істегенде бір рет шыққанмын, әлі де бар бұл міндет”, “Ата-анасы өз балаларына ие болсын”, “Полицейлер шықпай ма”, “Не ғой, мұғалімдерден сабақ өтуді алып тастаңдаршы. Басты міндетіміз – есеп тапсыруға кедергі келтіріп жатыр. Мұғалім сабақ беруі керек дегені несі? Қосымша жұмыс қып бізге”, “Халыққа қызмет көрсету орталығы болып кетпесек болды”, – деп жазды желі жұртшылығы. 

Жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінен пікір сұрап көрді. 

"Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, педагогтерден білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілік пен ақпаратты талап етуге, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды кәсіби міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға тыйым салынады”, – деді министрлік. 

Ведомство мұндай құқық бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделгенін ескертті. Мұнда кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартқаны үшін алғаш рет ескерту беріледі. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, лауазымды адамдарға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. 

“Осындай фактілер орын алған жағдайда, педагогтер аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жүгінуге құқылы. Әрбір өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар расталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады”, – деді министрлік. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық мұғалімдер енді кешкі алтыдан кейін ата-аналардың хабарламасына жауап бермеуге рұқсат етілген болатын. Оқу-ағарту министрі ұстаздардың жеке уақытына құрметпен қарауға шақырды.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 19:34