"Толтыруға мәжбүрлеп жатыр": Мұғалімдер балалар мен ата-аналардың жеке дерегін жинайтын жаңа платформаға қарсы шықты
Қазақстандық мұғалімдер “Balazhan” платформасына балалар мен олардың ата-аналары туралы жеке мәліметтерді енгізуге мәжбүрлеп жатқанын айтып, наразылық білдірді. Олардың сөзінше, жүйеде ата-аналардың жеке сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы, жұмыс орны, тіпті қай мектепте оқығаны туралы ақпарат та сұралады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналар мен мұғалімдер әлеуметтік желіде “Balazhan” жаңа платформасын талқылап жатыр. Instagram желісіндегі “Pedsouzkz” педагогикалық қозғалысының парақшасында мұғалімдердің өтініші жарияланды. Олар платформаны толтыру кезінде оқушылардың жеке деректерін де енгізу қажет екенін айтқан.
Мұғалімдер не дейді?
“Жеке деректерді өңдеуге келісім беруге міндеттіміз бе? Осы жағы алаңдатып отыр”, – деп жазған мұғалімдердің бірі.
“Психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі бітті. Енді Balazhan басталды. Бір мәліметті Word форматында толтырамыз, кейін жыл сайын жаңа платформалар шығып, сол ақпаратты қайта енгіземіз. Ата-аналардың білімі мен өмірбаянынан бастап, әлеуметтік жағдайына дейін сұрайды. Мұның бәрі не үшін қажет? Сынып жетекшілерінің міндеті тым көп емес пе? Ал сынып сағаты үшін ақы төленбейді", – деп жазған мұғалімдердің бірі.
Тағы бір педагог балалар мен ата-аналардың жеке деректерін платформаға енгізудің заңдылығына күмән келтірген.
“Жыл сайын жаңа сайт шығады, соның бәрін көз майымызды тауысып толтырамыз. Мұғалімдерді осылай қинай беруді тоқтату керек”, – деп жазған ол.
“Қаламыздағы мектептердің бірінде мұғалім әрі сынып жетекшісі болып жұмыс істеймін. Қазір бізді мектептерде “Balazhan” платформасын толтыруға мәжбүрлеп жатыр. Онда ата-аналардың барлық жеке дерегі сұралады. Тіпті олардың қай мектепте оқығаны, жеке сәйкестендіру нөмірі, мекенжайы, қайда жұмыс істейтіні туралы ақпаратты енгізу керек", – деп жазған қазақстандықтардың бірі.
Оқу-ағарту министрлігі не дейді?
Оқу-ағарту министрлігі “Balazhan” платформасына қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство оның балаларға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін хабарлады.
Платформаны Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026–2030 жылдарға арналған “Қазақстан балалары” тұжырымдамасы аясында енгізіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, платформаның басты мақсаты – ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды дер кезінде анықтап, оларға қажет көмек ұйымдастыру.
“Balazhan” платформасы балалар мен олардың отбасы туралы жаңа мәліметтер жинау талабын енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және түрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді біртұтас цифрлық платформаға біріктіріледі”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, бастапқы деректер платформаға бір рет енгізіледі. Кейін олар қажет болған жағдайда ғана жаңартылады.
Мамандардың пікірінше, бұл қағазбастылықты азайтып, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
“Balazhan” – Ұлттық білім беру деректер қорының бір модулі. Балалардың жеке деректері заңнама талаптарына сәйкес қорғалады. Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларға тұрақты түрде көмек көрсетуді қамтамасыз етуге және ұсынылатын көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған”, – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық ата-аналар оқушылардың шаш үлгісі мен киіміне қатысты талаптарға қарсы шыққаны туралы жазған едік.
Жатақхананы аңдып, студент қыздарды зорлаған: ҚазҰУ-ды дүр сілкіндірген маньяк қалай ұсталды
