Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

43 мың адам зардап шеккен «Экспресс Займ» желісінің иесіне іздеу жарияланды

Ержан Шакиров
Фото: qamqor.gov.kz

Қазақстанда “Экспресс Займ” микроқаржы ұйымдары желісінің иесі Ержан Шакиров іздеуге жарияланды. Қаржы мониторингі агенттігі компанияға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, ұйым 43 мың қазақстандықпен 181 мыңнан астам микрокредит шартын жасасып, клиенттерден жасырын ақылы қызмет үшін ақша алған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

ҚМА
Фото: Қаржы мониторингі агенттігі

 

“Экспресс Займ” иесі не себепті іздеуге жарияланды?

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында 40 жастағы Ержан Шакировтың іздеуде жүргені туралы ақпарат жарияланған. Оны іздеуге Қаржы мониторингі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастамашы болған.

Ашық деректерге сәйкес, Ержан Шакировтың атына жеке кәсіпкерлік пен “Микроқаржы ұйымы “Экспресс Займ” ЖШС тіркелген. Kompra.kz дерегінде ол компанияның жалғыз иесі ретінде көрсетілген. Ұйым Қарағанды қаласында, Қазыбек би ауданындағы Степной-2 шағынауданында тіркелген.

“Экспресс Займ” Қазақстанның бірнеше қаласында бөлімшелері бар микроқаржы ұйымдарының желісі ретінде жұмыс істейді. Компанияның сайтындағы ақпарат бойынша, оның бөлімшелері Қарағанды, Теміртау, Астана, Павлодар, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Алматы, Атырау және өзге де қалаларда орналасқан.

43 мың адамға қатысты 181 мыңнан астам келісім жасалған

20 қазанда Қаржы мониторингі агенттігі “Экспресс Займ” микроқаржы ұйымына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Агенттік мәліметінше, 2024 жылдың тамызында компания клиенттерге қосымша ақылы “консультация” қызметін енгізген. Алайда қарыз алушыларға бұл қызметтен бас тартуға болатыны түсіндірілмеген. Керісінше, ол микрокредит алу немесе келісімшарт мерзімін ұзарту үшін міндетті шарт ретінде ұсынылған.

Қызметтің құны клиенттің негізгі қарызына бірден қосылған. Соның салдарынан адамдар сұраған ақшасынан аз соманы қолына алғанымен, пайыз бен қарызды толық көлемде төлеуге мәжбүр болған. Ал келісімшарт мерзімі ұзартылған сайын қосымша қызметтің ақысы қайта есептеліп отырған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл тәсілден 43 мың қазақстандық зардап шеккен. Олармен жалпы саны 181 мыңнан астам келісімшарт жасалған.

Ведомство хабарламасында микроқаржы ұйымы директорының орынбасарына үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны айтылған. Тергеу жалғасып жатыр.

Компания жұмысын тоқтатты ма?

Осы ақпарат тарағаннан кейін “Экспресс Займ” компаниясы өз сайтында түсініктеме жариялаған. Ұйымның мәлімдеуінше, барлық бөлімше әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр және компания қызметін тоқтату туралы шешім қабылданбаған.

Сондай-ақ компания бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер тергеудің алдын ала ұстанымына негізделгенін атап өткен.

Ержан Шакировтың іздеуге жариялануы оның кінәсі сотта дәлелденді дегенді білдірмейді. Қылмыстық істің мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Айта кетейік, Қазақстанда 7 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды.

Айнура Дарибаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 17:16