Республика күні қарсаңында бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Республика күні қарсаңында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында еңбек адамдары, ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен әскери қызметкерлер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, азаматтар елдің дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталды.
Кімдер жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды?
“Қазақстанның Еңбек Ері” атағы “Kazakhmys Smelting” ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Ә. Доспановқа берілді.
“Музарт” тобының танымал болуына елеулі үлес қосқан композитор Алтынбек Қоразбаев “Отан” орденімен марапатталды.
І дәрежелі “Барыс” орденін “TNS-group” концерні” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Т. Жұмағұлов пен актер Нұржұман Ықтымбаев алды.
ІІ дәрежелі “Барыс” орденіне білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиев пен альпинизм федерациясының вице-президенті Қ. Уәлиев ие болды.
Ал ІІІ дәрежелі “Барыс” ордені “Ново-Приречное” ЖШС директоры В. Тюркинге, “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С. Шаңғұтовқа және басқа да азаматтарға табысталды.
Ғылым, медицина және мәдениет өкілдері де марапатталды
Елдің дамуына үлес қосқан бірқатар ғалым, мәдениет қайраткері мен өндіріс өкілі “Парасат” орденімен марапатталды. Олардың қатарында “Ақмая” шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медициналық университетінің профессоры М. Түсіпбекова және “Радуга” ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.
“Құрмет” орденіне мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, медицина және әлеуметтік қолдау салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар лайық деп танылды. Олардың арасында “Өзенмұнайгаз” АҚ кран машинисі Б. Досқарин, Қарағанды облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Е. Кальмбах, “Астық-STEM” ЖШС бас агрономы Т. Хамидуллин, онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдарды қолдау қорын құрған Н. Плохих, Қызылорда облысындағы “Қамқорлық” оңалту орталығының басшысы А. Мұсафирова және басқа да мамандар бар.
Қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан азаматтар да назардан тыс қалмады. “Ел бірлігі” орденімен Алматы қаласындағы Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г. Аннакулиева, Қарағанды облысындағы “Вайнах” шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы У. Джанаев, Қазақстандық немістердің “Возрождение” қоғамдық қорының атқарушы директоры Д. Редлер және “Tamos Space School” мұғалімі Д. Ромащенко марапатталды.
Ұстаздар, дәрігерлер мен өнер қайраткерлеріне құрмет көрсетілді
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың қызметкерлеріне III дәрежелі “Еңбек даңқы” ордені берілді.
Мәдениет саласындағы еңбегі үшін Б. Бәймен, Т. Мүсілім, П. Палтаев, М. Сайланбек, А. Темкина және басқа да азаматтар “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағына ие болды.
Педагогтер мен білім беру саласының өкілдері Н. Каранда, К. Мәжитова, Е. Омарханов және Н. Сафиуллина “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атағымен марапатталды. Ал Т. Мұсабаев пен Н. Өтеуловке “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілді.
Медицина саласында да бірқатар маманның еңбегі бағаланды. Олардың қатарында Т. Шарманов атындағы Ұлттық медициналық университеттің профессоры Т. Таркина бар. Ол "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болды.
Әскери қызметкерлер де марапатталды
Әскери және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны, заң мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі, ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының бірқатар өкілі мемлекеттік наградаларға ие болды.
Оларға І және ІІ дәрежелі “Даңқ”, І, ІІ және ІІІ дәрежелі “Айбын” ордендері, “Ерлігі үшін” және “Жауынгерлік ерлігі үшін” медальдары табысталды.
Жалпы, Республика күні қарсаңында 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа салалардағы 473 жұмысшы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері және өзге де азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Тіл мәселесі неге көтерілді