Әйелін 39 рет пышақтаған қазақстандық экс-полицей 15 жылға сотталды
Алматыда үш баласының көзінше азаматтық некедегі әйелін аса қатыгездікпен өлтірген бұрынғы полиция қызметкері 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда азаматтық некедегі әйелін өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Шамамен бір жарым жыл бұрын ол әйеліне балаларының көзінше 39 рет пышақ сұққан.
Сот шешімімен айыпталушы орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.
Ер адам қылмысты аффект жағдайында жасағанын және есін тек ауруханада жиғанын айтқан. Алайда сот полиция қызметкерлерінің куәліктеріне сүйеніп, оның бұл уәжіне сенбеді.

Қайғылы оқиға өткен жылдың мамыр айында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, отбасылық жанжал кезінде бұрынғы полицей азаматтық некедегі әйеліне бірнеше рет пышақтаған. Кейін өзіне қол жұмсамақ болғанымен, аман қалған. Ерлі-зайыптының үш баласы бар.
Сот Серік Накимовты аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сондай-ақ марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Марқұмның туыстары сот үкіміне көңілі толатынын жеткізді. Алайда олар айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
"Үкімге ризамын. Бірақ мен өмір бойына соттауды сұраған едім. Аллаға шүкір, осының өзіне рақмет. Енді оны Алла жазаласын. Балалары аман-есен, дені сау болсын", – деді марқұмның туысы.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Жазира есімді әйелді бұрынғы күйеуі Талант 16 рет пышақтаған. Марқұмның құрбысының айтуынша, ерлі-зайыпты 2015 жылы шаңырақ көтеріп, екі қыз тәрбиелеген. Кейін ажырасқанымен, бұрынғы күйеуі әйелді мазалап, бірнеше рет күш көрсеткен. Жазира оның үстінен 2026 жылдың 18 тамызы мен 7 қыркүйегінде полицияға арыз жазған. Тіпті ер адамның өзін пышақпен аңдып жүргенін де хабарлаған. Алайда арада көп уақыт өтпей, 23 қыркүйекте әйел кісі қолынан қаза тапты. Қазір күдікті ұсталып, адам өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Марқұмның артында екі қызы қалды.