"Қызғаныштан ұрып-соғып, тек келесі күні жедел-жәрдем шақырған": Ақтөбеде әйелін өлтірген ер адам 8 жылға сотталды
Ақтөбеде азаматтық некедегі жұбайын ұрып, өліміне себеп болған 40 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Тергеу дерегінше, ол әйелді қызғаныштан соққыға жығып, кейін жедел жәрдемді бірден шақырмаған. Лариса Елезарова сегіз күн жансақтау бөлімінде жатып, 18 қыркүйекте көз жұмған. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылы 9 қыркүйекте болған. Лариса 18 қыркүйекте ауруханада көз жұмды. 40 жастағы сотталушы кінәсін мойындамады. Ол әйелдің пәтерде құлаған кезде жарақат алғанын айтқан. Алайда сараптама қорытындылары жарақаттың құлаудан емес, соққыдан болғанын растады.
Прокурордың айтуынша, сотталушы мас күйінде әйелдің беті мен денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Прокурор сотқа дейінгі тергеу кезінде жиналған айғақтар, куәлардың көрсетулері және сараптама қорытындылары сотталушының кінәсін дәлелдейтінін айтты.
“Сотталушы пәтер ішінде өзара сөзге келіп, мас күйінде қатты затпен оң көзінен бір рет, бір рет жақ тұсынан, бірнеше рет денесінен соққы жасады. Сотталушы сот алды тергеуі, сот отырысы кезінде өзіне тағылған айыпты мойындамады. 2025 жылы қазанда сот сарапшысы берген қорытындысы бойынша, 2025 жылы 18 қыркүйекте көз жұмған Елезарованың өлімі соққыдан, соққының салдарынан миға қан кетуден болғаны анықталды. Жабық бас-ми жарақаты болған. Мумжа сол күні ішкен. Ол соққы жасағаннан кейін жедел жәрдемді келесі күні шақырып тұр. Ал оның өмірі қыл үстінде еді. Сотталушы аяушылық танытпаған”, – деді прокурор.
Прокурор сотталушыны қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
2025 жылғы қазанда жүргізілген сот-медициналық сараптама Лариса Елезарованың өлімі жабық бас-ми жарақаты мен миға қан құйылу салдарынан болғанын көрсетті. 2026 жылғы мамырда қосымша сараптама жүргізіліп, бұрынғы қорытындылар расталды.
Сот отырысында Бишімбаев ісімен танылған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров миға қан құйылудың салдарын түсіндірді.
“50 миллилитрден асатын гематома адамның өміріне қауіп төндіреді. Ал 90 миллилитр қан жиналса, ми қысылады да, оның қызметі күрт бұзылады. Жарақат салдарынан мидың қан тамырлары зақымданған, қан жиналған. Бұл жерде тек қан тамырларының зақымдануы ғана емес, жарақат әсерінен ми тінінің соғылу белгілері де бар”, - деді сарапшы Халимназаров.

Марқұмның туыстары үшін Ларисаның өлімінің нақты себебін анықтау ұзаққа созылған. Отбасы марқұмның денесін қазып алып, бірнеше рет сараптама жүргізілгенін баяндады.
“Лариса сотталушыны өз пәтеріне кіргізді. Ал ол қызғанышты сылтауратып, оны оқшаулады. Құрбыларымен араласуына рұқсат бермеді. Әрбір қадамын бақылап, үйден тек өзімен бірге ғана шығарды. Жақындарымен араласуын шектеді. Мұның бәрі әпкеміздің көмек сұрайтын, оған араша түсетін адамдары болмауы үшін жасалғандай. 2025 жылы 9 қыркүйекте кезекті қызғанышын пайдаланып, оған зорлық көрсетті. Бұл кездейсоқ соққы немесе жай ғана жанжал емес. Біз мұны әпкеміздің өмірін қиған қатыгез әрекет деп санаймыз. Лариса жан азабын тартып, сегіз күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысты. 18 қыркүйекте оның жүрегі тоқтады. Әкем қызының кісі қолынан қаза болғанын анықтау үшін оның мәйітін эксгумациялауға мәжбүр болды. Соңғы деміне дейін күресті”, – деді марқұмның інісі.
Ларисаның қазасынан кейін бұл отбасы тағы да қара жамылған. Марқұмның бірінші күйеуі мен әкесі арасында жанжал туындап, Ларисаның әкесі де қаза болды. Жанжал баспана дауына қатысты болуы мүмкін. Бұл іс тергеуде.
Сот 40 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Марқұмның туыстары моральдық зиян үшін 50 миллион теңге өндіріп алуды сұраған. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, 8 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар қорғаушы шығындары үшін 1 миллион теңге төлеуі тиіс.
Айта кетейік, кешегі өткен үкімет отырысында ішкі істер министрлігі мас күйде отбасында жанжал шығарған 68,7 мыңнан астам адамның жауапқа тартылғанын айтты. Ал 2026 жылдың тоғыз айында 3,6 мыңнан астам азамат алкогольге тәуелділіктен оңалтудан өткен.
Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге алынса, Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді