Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тек құрметпен қараймын": Борат образын сомадаған актер Қазақстан халқынан кешірім сұрады

Борат қазақстандықтардан кешірім сұрады
Фото: Conan O'Brien

Британдық актер Саша Барон Коэн Қазақстан халқынан Бораттың бейнесі үшін кешірім сұрады. Ол ойдан шығарылған журналистің шынайы Қазақстанға еш қатысы жоқ екенін айтып, Борат арқылы Қазақстанды емес, америкалықтар мен еуропалықтардың стереотиптері мен надандығын әжуалағысы келгенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Подкаст жүргізушісімен әңгіме барысында актер "Борат" фильмінің алғашқы бөлімі шыққаннан кейін Қазақстан елшілігі ресми шағым түсіргенін еске алды. Коэн сол кездегі наразылықтың орынды болғанын да мойындады.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізге еліктей алмаймын. Шынымды айтсам, сіздердің акценттеріңіздің қандай екенін де білмеймін. Қазақстандықтар, маған ренжімеңіздерші. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын", – деді Коэн.

Актер қазақстандықтардың сырт келбеті де оның кейіпкеріне мүлде ұқсамайтынын атап өтті. Комик фильмнің негізгі мақсаты Қазақстанды мазақ ету емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, сатира арқылы америкалық және еуропалық қоғамдағы надандық пен қалыптасқан стереотиптер сыналған.

"Мен сөйлескен адамдардың надандығын көрсеткім келді. Олар өмірінде естімеген елде осындай сандырақтың болуы мүмкін екеніне сенуге дайын еді", – деді актер.

"Борат" фильмінің алғашқы бөлімі 2006 жылы жарық көрді. Онда ойдан шығарылған қазақстандық журналист АҚШ-қа сапар шегеді. Фильм қоғамдағы нәсілшілдік пен стереотиптерді әжуалауды мақсат еткенімен, Қазақстанда елдің салт-дәстүрін бұрмалап, халықты қорлайтын туынды ретінде қабылданды. Сондықтан фильм елде кең прокатқа шыққан жоқ.

2020 жылы шыққан "Борат-2" де наразылық тудырды. Фильм жарық көрген күні қазақстандық белсенділер Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының алдында акция өткізіп, туындыға тыйым салуды және актердің қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етті.

2021 жылы Коэн қазақстандықтардың Боратты әзіл ретінде қабылдағанын естігенін айтып, елге шақырса, баруға дайын екенін жеткізді. Ол сатираны өз мамандығының ажырамас бөлігі санайтынын да мәлімдеді.

Сол жылдың қаңтарында актер Variety журналына Бораттың бейнесіне қайта оралуды жоспарламайтынын айтты. Оның сөзінше, 2020 жылы кейіпкерді қайта сомдауына АҚШ-тағы саяси жағдай мен демократияға төнген қауіп туралы пікір білдіру ниеті себеп болған.

Еске салсақ, бұған дейін танымал қазақстандық бренд Shoqansuits "Борат" образын қолданғаны үшін сынға қалған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 14:40