Перзентханада суретке түскен қазақстандық 4 сәби 20 жылдан соң Threads арқылы бір-бірін тапты
Threads әлеуметтік желісінде 20 жыл бұрын перзентханада бірге жатқан балаларды іздеген жігіт үшеуін де тапты. Санжар Диярбек 2005 жылдың қаңтарында Жамбыл облысы Шу ауданындағы перзентханада бірге түскен суреттегі балаларды іздеп, желіге жазба жариялаған. Көп ұзамай оның жазбасына жауап беріп, іздеген балалары бірінен соң бірі табылған. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Санжардың сөзінше, бала кезінде түскен суреттері отбасындағы фотоальбомдарда көп сақталған. Солардың ішінде перзентханада басқа балалармен бірге түскен суреті де бар. Жігітті осы суреттегі балалардың кейін қайда жүргені көптен бері қызықтырып келген.
"Менің бала кезімдегі суреттерім фотоальбомдарда көп сақталған. Тұңғыш бала болғандықтан ба, үйдегілер кішкентай кезімізде көп суретке түсірген. Перзентханада түскен осы суретімді бұрыннан көріп жүретінмін. Бір күні оны галереядан көріп қалып, суреттегі балалар қазір қайда жүр екен деп ойладым. Содан Threads желісіне жариялап, іздеп көрмек болдым", – дейді Санжар.
Ол Threads желісінде өз оқырмандары бар болғандықтан, жазбаны сол жерде жариялауды ұйғарған. Жазба желі қолданушылары арасында тез тарап, көпшілік балаларды іздеуге атсалысқан.
Алдымен Дана, кейін Анель табылды
Санжардың айтуынша, жазба жарияланғаннан кейін көп ұзамай алғашқы жауап келген. Дана есімді қыз суреттегі балалардың бірі өзі екенін айтып, хабарласқан. Кейін Анель есімді қыз да суреттің жалғасын жариялап, өзін таныған.
"Бірінші болып Дана шықты. Ол суреттегі төрт баланың бірі екенін жазды. Одан кейін Анель суреттің жалғасын салып, өзінің де сол балалардың бірі екенін айтты. Сөйтіп, іздеуіміз жалғаса берді", – дейді ол.
Ал соңғы баланы табуға оның анасының жазбасы көмектескен. Ол пікір қалдырып, суреттегі баланың өз ұлы Әділет екенін жеткізген. Осылайша, 2005 жылдың қаңтарында перзентханада бірге жатқан төрт баланың барлығы анықталды. Олар Санжар, Анель, Дана және Әділет. Төртеуі қайта кездесуді жоспарлап отыр.

Санжардың айтуынша, қазір балалардың үшеуі өзара байланысқа шыққан. Ал Әділет Көкшетауда, Дана Таразда тұрады. Арадағы қашықтыққа байланысты бәрінің бірден кездесуі әзірге қиын болғанымен, олар болашақта бас қосуға ниетті.
"Бұйырса, мүмкіндік болса, жиналып, тағы бір рет осындай суретке түскіміз келеді. Осы оқиғаға көп адам көмектесті. Ең алдымен, Алланың қалауымен, одан кейін Threads желісіндегі қолданушылардың арқасында төртеуіміз де табылдық. Төртеу түгел болса төбедегі келеді дегендей бір жақсы жаңалық болып қалар. Баршаға рахмет! Енді осы құраммен “Қызық премияға" барсақ қалай болады екен деп отырмыз. Тарихи жайт қой, не дегенмен...", – дейді Санжар Диярбек.
Ол төрт баланың 20 жылдан кейін қайта табысуын ерекше оқиға деп санайды.
Жазбаға пікір қалдырған оқырмандар да әзілдерін аямады. Бірі Санжар мен Әнелді, Дана мен Әділетті жұп қылса, енді бірі есімдері үйлесіп тұрғанын айтып, әзілдеген. Сондай-ақ желі қолданушылары төрт баланың достығы жалғасып, қайта кездескен сәтіне куә болуға ниет білдірген.
Айта кетейік, Санжар Диярбек қазір Алматы коммуналдық колледжінде мұғалім болып жұмыс істейді. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Сонымен қатар айтыскер ақын ретінде танылып жүр.
Перзентханада суретке түскен қазақстандық 4 сәби 20 жылдан соң Threads арқылы бір-бірін тапты