Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кореялық топтың әншісі Бораттың суреті бар жейде киіп, қазақстандық бишінің биін қайталады

Борат кореялық әнші
Фото: Әлеуметтік желіден

Оңтүстіккореялық ENHYPEN тобының мүшесі Ян Чонвон хореографиясын астаналық биші Рания қойған "Bloody Paradise" әніне билеп, видео жариялады. Қазақстандықтар оның Бораттың суреті бар шолақ жейде кигенін байқап, әншіні сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видео тараған соң қазақстандықтар бұл туралы X әлеуметтік желісінде кеңінен жазып, талқылады. Оларды биді қазақстандық қыз қойғанына қарамастан әртістің Қазақстан туралы жалған стереотиптердің символы деп қабылдайтын кейіпкер бейнеленген футболкамен шыққаны ашуландырды.

“Ояныңдар! Бұл не сұмдық! Сөзім жоқ! Бораттың суреті бар киімді үстіне жабыстырып алыпты”, “Басымызға шығып болды”, “Боратты бүкіл әлем біледі. Чонвонды “білмей қалды” деп ақтаудың қажеті жоқ”, “Корея халқы мұндайларды хейтпен жоқ қылып жіберер еді”, “Осы күнге дейін ENHYPEN-нің жанкүйері болдым. Бірақ бұл жайт барлығын өзгертті. “Борат” фильмі қазақты мазақ етіп, намысын таптаған фильм, – деп жазды желідегілер. 

Алайда мұның білместік екенін айтып, әртісті қорғап жатқан жанкүйерлер де жетерлік. 

“Қайдағы жоқ Бораттың футболкасы үшін хейт жасағандарға айтарым, оның кім екенін шетелдік түгілі қазірігі қазақтар білмейді. Америкалықтар, шетелдіктер Қазақстанды Борат арқылы таниды, айтады. Олай болса, футбол матчында Бораттың киімін кигендерге неге айтпадыңдар”, “Өз халқым үшін ұяламын, сондай жиеркенішті дүние жасадыңдар. Енді Чонвон Қазақстан дегенде не ойлайды”, – деп жазды жанкүйерлер.

Қазақстандықтар әртістің кешірім сұрауын және желідегі видеоның өшірілуін күтті. Алайда тек таңда ғана әнші тікелей эфирде жейдені лақтырып жібергенін айтты. 

“Мен футболкаға қатысты жағдай үшін қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Бұл футболканың кей адамдардың көңіліне тиетінін білмедім. Оны жай ғана қарапайым футболка деп ойладым. Кейін оның Қазақстан туралы жағымсыз стереотиптермен байланысты фильмге қатысты екенін білдім. Оның мағынасын білмесем де, жейдені бірден лақтырып тастадым. Бұл жағдай үшін қатты өкінемін. Адамдардың сезімін елемеу ниетім болған жоқ, бірақ ренжіткенім үшін кешірім сұраймын. Сондай-ақ бұл бидің хореографы да Қазақстаннан екенін кейін білдім. Ол туралы да білмеген едім”, – деп кешірім сұрады әнші.

Әртіс алдағы уақытта мұндай жағдайға тап болмас үшін мұқият болатынн жеткізді. Ол ресми парақшадан видеоны өшірген.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 19 Шілде, 2026 11:53