Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2030 жылға дейін 21 логистикалық орталық салынады

логистика
Фото: Pexels

Қазақстанда 2030 жылға дейін тағы 21 логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Қазір ел ішінде 46 орталық жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев 29 қазанда Үкімет отырысында Қазақстан транзиттік жүктерді тарту үшін шетелдердегі логистикалық инфрақұрылымды да дамытып жатқанын мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның өз ішіндегі терминалдық инфрақұрылыммен қатар, серіктес мемлекеттердің аумағында логистикалық орталықтар ашуға да басымдық беріліп отыр. Мұндағы мақсат – халықаралық көлік дәліздері арқылы өтетін жүк көлемін арттыру.

Қазір шетелде үш логистикалық орталық жұмыс істейді. Олар Қытайдың Ляньюньган және Сиань қалаларында, сондай-ақ Грузияның Поти қаласында орналасқан.

Бұдан бөлек, тағы жеті орталықты іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында Ресейдегі Селятино, Беларусьтегі Свислочь, Өзбекстандағы Ташкент, Қытайдағы Чэнду, Әзербайжандағы Алят, Румыниядағы Констанца және Венгриядағы нысандар бар.

“Бұл инфрақұрылым негізінен “Қазақстан темір жолы” компаниясының, сондай-ақ басқа да қазақстандық логистикалық операторлардың қатысуымен дамып жатыр”, – деді Талғат Ластаев.

Қазақстанның логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі Мемлекет басшысының да назарында. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 11:00