Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды

Фото: greentravel.ua

Ажырасқан ата-аналардың арасындағы кикілжің баланың болашағына балта шабуы мүмкін. Қазақстандық аналар бұрынғы күйеулерінің жеке ренішін алға тартып, балаларының шетелге шығуына қасақана кедергі келтіргенін айтып, әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізді. Stan.kz тілшісі баланы шетелге шығару үшін әкенің келісімі қай кезде қажет екенін және тараптар келіспеген жағдайда мәселені қалай шешуге болатынын анықтап көрді.

 

"Талантты қызым конкурсынан қалды"

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бұрынғы күйеуінің кесірінен 12 жастағы қызының халықаралық байқауға бара алмай қалғанын айтып, ашынды.

"Қызым Аружан 12 жаста. Скрипка тартады. Өткен айда мұғалімі республикалық конкурстан оза шығып, Австралияда өтетін халықаралық байқауға тегін жолдама алғанын қуана жеткізді. Балам күн санап асыға күтті. Жақындағанда балаларды шетелге бастап баратын апайына сенімхат жазу керек болды. Ажырасқанымызға екі жыл болды, арамызда реніш бар. Бірақ баласының болашағы ғой, түсінер деп үміттенгем. Бірақ келіспеді. Артынан шыр-пыр болып: “Бұл демалыс емес, олимпиада ғой! Аружанның арманы!” деп жалындым. Тіпті қызым да жылап: “Папа, рұқсат берші…” деп өтінді. Ал ол болса, телефонын сөндіре салды. Кеше қызымның қатарластары ұшып кетті. Ал Аружан бөлмесінде бұрышқа тығылып, скрипкасын қабына салып қойыпты. Көзі жасқа толып: “Анашым, менің жазығым не?” дейді. Не дерімді білмей қалдым", – дейді ана күйзелісін жасырмай.

"Квота аяқасты шықты, бірақ балам әкесі рұқсат қағазын бермегеннен отадан қалды..."

Тағы бір ана бұрынғы жұбайының қарсылығынан ұлының шетелдегі шұғыл емнен қағылғанын мәлімдеді. Германия клиникасына бөлінген квота текке күйген.

"Ұлым Арманның жүрегіне шұғыл ота жасалуы керек еді. Өткен аптада Германиядағы клиникаға шетелдік квота аяқасты шығып, қуанышымызда шек болмады. Тіпті ұшатын күніміз де белгіленген соң, билет алып қойдым. Бұрынғы күйеуіме хабарласып едім, ол: "Рұқсат бермеймін! Қазір өз отбасым бар. Мазалама, сендерге уақытым жоқ. Тағы ұялмай алимент сұрайсың. Өлсе, өліп қалсын!" – деп телефонды бетіме басты. Нәтижесінде квотамыз күйді, клиника кезекті басқа балаға берді. Ал ұлым әкесін жек көріп отыр... Баланың өмірі таразыға түсіп тұрғанда, бұрынғы өкпені алға тартып кедергі жасауға қалай ары шыдайды?" – дейді ол.

Қазақстанда әкенің келісімі міндетті ме?

Заңгер Қуат Ауғанбектің түсіндіруінше, баланың шетелге шығуына қатысты талаптар сапардың мақсатына және кіммен баратынына тікелей байланысты. Қазақстаннан уақытша шығу үшін екінші ата-ананың нотариаттық келісімі әрқашан бірдей міндетті бола бермейді. Дегенмен баланы үшінші тұлғамен (мұғалім, жетекші, ата-әжесі) жіберген кезде баратын елдің талаптары мен қажетті құжаттарды алдын ала тексерген жөн.

"Қазір әкелердің баласын шетелге жіберуге кедергі келтіруі жиі кездесетін мәселеге айналды. Кейбірі баланың болашағын ойламай, тіпті әдейі шекаралық тыйым қойып тастайды. Ал бар салмақ аналардың иығына түсіп отыр. Ескеретін жайт, шекарада бала қасында анасымен бірге жүрсе де, шекарашылар туу туралы куәлікті міндетті түрде сұратады. Сондықтан кез келген сапардың алдында шекаралық шектеудің бар-жоғын алдын ала тексерген абзал. Егер екінші тарап баланың дамуына, халықаралық байқауларға қатысуына немесе денсаулығына қасақана кедергі келтірсе, бірден қорғаншылық және қамқоршылық органға, кейін сотқа жүгіну керек. Ең бастысы — бұл процестің барлығы жан-жақты алдын ала дайындықты талап етеді", – деді заңгер.

Ал баланың шетелге тұрақты тұруға көшуі – бөлек құқықтық жағдай. Мұндай кезде екінші ата-ананың рұқсаты міндетті түрде талап етіледі. Егер ортақ шешімге келе алмаса, мәселе тек сот арқылы шешіледі.

 

Әкесі әдейі кедергі келтірсе, не істеу керек?

Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда аналар мынадай қадамдарды жасауы тиіс:

  1. Дәлел базасын жинау: Нотариустан бас тарту фактісін ресми тіркеу, әкесімен болған мессенджердегі хат-хабарларды (өш алу мақсатында жасалғанын дәлелдеу үшін) сақтау. Оған қоса, клиникалық анықтамаларды немесе байқаудың ресми шақыру қағазын жинаған жөн.

  2. Қорғаншылық және қамқоршылық органына жүгіну: Мәселені түсіндіріп, ресми қорытынды алу.

  3. Сотқа жүгіну (Ең тиімді жедел жол): Егер емделу немесе маңызды байқау сияқты уақыт тығыз жағдайлар орын алса, сотқа "Екінші ата-ананың келісімінсіз баланы шетелге шығаруға рұқсат алу туралы" жеке талап-арыз беру қажет.

Сот сапардың маңыздылығын ескере отырып, әкесінің келісімінсіз-ақ баланы шетелге шығаруға құқық беретін шешімді қысқа мерзімде шығарып бере алады. Бірақ сотқа өтініш бергеннен кейін ең аз дегенде 2-3 апта уақыт керек. 

Баланы шетелге жібермегені үшін әке ата-ана құқығынан айырыла ма?

Заңгердің сөзінше, баланы шетелге жіберуден бір-екі рет бас тартқаны үшін ғана әкені автоматты түрде ата-ана құқығынан айыру мүмкін емес. Өйткені "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 75-бабына сәйкес, бұл – мемлекет тарапынан қолданылатын ең ауыр шара. Әкесі сотта "Мен баланың қауіпсіздігіне алаңдадым" деп уәж айтса, сот бірден ең қатаң жазаға бармайды.

Дегенмен, егер әрекет баланың өміріне қатер төндірсе (мысалы, шұғыл ота кешіктіріліп, денсаулығына орны толмас зиян келсе), бұл "Ата-ана құқығын теріс пайдалану" ретінде бағаланып, құқықтық шаралар (құқығын шектеу немесе айыру) қарастырылуы мүмкін.

 

"Баланың бүкіл әлемге деген сенімі күйреуі мүмкін"

Балалар психологы Гүлбанум Мурадуллаеваның пікірінше, ата-аналар арасындағы осындай жанжалдар баланың психикасына ауыр соққы болып тиеді.

"Егер әкесі баланы жібермесе, балада әкесіне деген жеккөрушілік сезімі қалыптасуы мүмкін. Психологияда ана – махаббаттың, әке – қорғаныстың символы. Осындай жағдайда бала бүкіл әлемге деген сенімін жоғалтып, “бәрі қауіпті” деген түсінік қалыптастыруы ықтимал. Оның сенімі күйрейді. Ересектер үшін ажырасу, алимент немесе өзара реніш – өткінші эмоция болуы мүмкін. Өйткені олар өз өмірлерін сүріп жатыр. Ал бала үшін бұл – оның қазіргі жастық шағы, оның болашағы. Ата-ананың өкпесі баланың білім алуына, қабілетін дамытуына немесе денсаулығына кедергі болмауы тиіс. Себебі ересектер ұмытқан жағдайдың өзі баланың жадында өмір бойы сақталып, оның болашақта өз отбасын құруына, психологиялық саулығына кері әсер етеді", – дейді маман. 

Басқа елдер бұл мәселені қалай шешеді?

1. Германия және Шенген елдері: Медиация және жедел сот бұйрығы

Германияда және Еуропа елдерінде баланың шетелге шығуына екі ата-ананың да келісімі міндетті. Ал егер әкесі себепсіз бас тартса:

Отбасылық медиация: Алдымен іске арнайы отбасылық медиаторлар мен Балалар ісі жөніндегі ведомство араласады. Олар әкеге сапардың бала үшін неліктен маңызды екенін заңды түрде түсіндіреді.

Жедел сот бұйрығы: Егер мәселе шұғыл болса (емделу, конкурс, олимпиада), анасы сотқа жедел тәртіппен арыз береді. Германия соты бұл өтінішті 24–48 сағаттың ішінде қарап, егер әкенің бас тартуында негізді себеп (мысалы, баланы кейін елге қайтармай қою қаупі) болмаса, "шетелге шығу құқығын" жалғыз анасына беріп, шешім шығарады.

2. АҚШ: Жеке төлқұжат ережесі және Сот санкциясы

АҚШ-та 16 жасқа толмаған балаға төлқұжат беру үшін екі ата-ананың да жеке қатысуы немесе нотариалды рұқсаты талап етіледі.

Сот шешімі арқылы төлқұжат алу: Егер әкесі рұқсат бермей, қол қоюдан бас тартса, анасы сотқа жүгініп, баланы шетелге алып шығуға жеке өзіне эксклюзивті құқық беретін сот шешімін алады. Бұл шешім болса, әкенің келісімінсіз-ақ паспорт жасалып, шекарадан шектеусіз өтуге болады.

3. Түркия: Қамқоршылыққа байланысты шешім

Түркияда ажырасқаннан кейін баланың қамқоршылығы кімге тиесілі болса, соның құқығы басым.

Егер сот шешімінде баланың қамқоршылығы анасына өтіп, әкесінің рұқсатынсыз шетелге шығуына тыйым салатын бөлек ескертпе жазылмаған болса, анасы баласымен бірге әкесінің нотариалды рұқсатынсыз-ақ шетелге саяхаттай алады. Түрік заңнамасы қамқоршысы бар тараптың бала мүддесі үшін шешім қабылдау құқығын жоғары қояды.

4. Ұлыбритания: Шектеу қоюшы тарап шығынды өтейді

Ұлыбританияда ата-ананың бірі екіншісінің рұқсатынсыз баланы 28 күннен артық шетелге алып кете алмайды. Бірақ әкесі 28 күнге дейінгі уақытша сапарға (демалыс, конкурс) себепсіз рұқсат бермей қойса:

Анасы сотқа “Нақты мәселе бойынша сот бұйрығын” алу үшін жүгінеді.

Егер сот әкенің кедергісін "жеке өш алу" немесе "себепсіз қорқыныш" деп тапса, сот сапарға рұқсат беріп қана қоймай, сот шығындарын және күйіп кеткен билеттер мен квотаның айыппұлын әкесіне төлетеді. Бұл тәртіп әкелердің себепсіз кедергі жасауының алдын алады.

5. Халықаралық механизм: Гааға конвенциясы

Әлемнің 100-ден астам елі (ішінде Қазақстан да бар) Балаларды халықаралық деңгейде заңсыз алып кетудің азаматтық-құқықтық аспектілері туралы Гааға конвенциясына қосылған.

Бұл конвенция әкелердің негізгі қорқынышын (мысалы, "анасы баланы шетелге алып кетіп, қайтармай қояды") сейілтуге арналған. Егер анасы баланы емдеуге немесе байқауға апарып, қайтармай қалса, Гааға конвенциясы аясында бала дереу өз еліне мәжбүрлі түрде қайтарылады. Сондықтан дамыған елдердің соттары бұл механизмге сүйеніп, уақытша сапарларға тез арада рұқсат береді.

Ақгүл Айдарбекқызы
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 11:00