Елімізде жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді: Алдымен кімдер тексеріледі?
Үкімет әлеуметтік көмектің жаңа жүйесін сынақтан өткізбек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2027 жылдан бастап енгізілетін тәртіп алдымен қандай отбасыларға қолданылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сынақтан өтеді. Қаңтар мен ақпанда алдымен табысы жоғары азаматтардың жағдайы қаралады. Ал ақпаннан сәуірге дейін ауқатты отбасылар қамтылады.
Министрлік қараша айында жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтінін нақтылап, дайындықты аяқтауды жоспарлап отыр. Ал желтоқсанда Отбасының цифрлық картасы банктердің ақпараттық жүйелерімен байланыстырылады.

Бұған дейін Қазақстанда 2027 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік көмектің кейбір түрлері отбасының тұрмыс жағдайына қарай берілетіні хабарланған еді. Жаңа тәртіп бойынша отбасының қанша табыс табатыны ғана емес, ақшасының қайда жұмсалатыны да ескерілмек.
"Отбасының жағдайын бағалағанда оның табысы ғана емес, ипотекасы мен басқа да несиелері, көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы және күнделікті шығындары ескеріледі. Сондай-ақ отбасында жалғыз адам табыс тауып отырса немесе бір ғана баспанасы болса, бұл да назарға алынады. Яғни пәтері немесе көлігі бар азаматтар бірден ауқатты деп танылмайды. Отбасының жалпы тұрмыс жағдайы жан-жақты бағаланады", – деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.
Бұл мәліметтер Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталмақ.
Министрдің сөзінше, алғашқы кезеңде жаңа жүйенің қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні тексеріледі. Сынақ аяқталған соң оны әрі қарай қолдану мәселесі шешіледі. Бұл жұмыстарға өңір әкімдіктері мен басқа да мемлекеттік органдар қатыспақ.
Еске салайық, 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдер жүйесін сынға алған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік көмекке мұқтаж емес, тұрмысы жақсы отбасылар да жәрдемақы алып келген. Соның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып, елде мектептер мен ауруханалардың тапшылығы арта түскен.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды