Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе не өзгереді және кімдердің табысы өседі

ең төменгі жалақы экономист
Фото: magnific.com

2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамға әсер етуі мүмкін. Жалақыдан бөлек, бала күтіміне, жұмысынан айырылуға және жүктілік пен босануға байланысты кейбір әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшері, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарының есептеу шектері де өзгеруі ықтимал. Алайда экономистер табыстың көбейгенімен, халықтың сатып алу мүмкіндігі бәрібір толық өтелмейтінін айтады. Оның үстіне, бұл өзгеріс тауарлар мен қызметтер бағасына қосымша қысым түсіруі мүмкін.

 

Ең төменгі жалақы кімдерге әсер етеді?

Ең төменгі жалақы – жұмыс беруші қызметкерге толық айлық жұмыс нормасын орындағаны үшін төлеуге міндетті ең төменгі жалақы мөлшері. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері 85 мың теңге деңгейінде сақталып келеді. Соңғы рет ол 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге көтерілген.

2027 жылдан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс бюджет саласы қызметкерлеріне де, жеке компанияларда жұмыс істейтін азаматтарға да қатысты болуы мүмкін. Жұмыс берушілер қызметкерлеріне белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен жалақы төлей алмайды.

Экономист Арман Бейсенбайдың айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі Қазақстандағы 1,8 миллион адамға әсер етуі мүмкін. Оның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.

"Бұрын 85 мың теңге алған адамдардың жалақысы 110 мың теңгеге дейін өсуі керек. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтарға жататын, табысы төмен азаматтар да бар. Менің түсінуімше, Еңбек министрлігі де әртүрлі есептерінде ең төменгі жалақы алатын азаматтардың саны туралы айтқан. Әртүрлі бағалаулар бойынша, Қазақстанда мұндай адамдардың саны шамамен 1,8 миллионға дейін жетеді. Яғни, жаңа жылдан олар 110 мың теңге алады. Бірақ бұл олардың өмір сүру деңгейі көтеріледі дегенді білдірмейді. Сатып алу қабілеті де айтарлықтай артпайды. Себебі бұл – көптен бері қолға алынуы керек болған, инфляцияның әсерінен туындаған жағдайды қуып жетуге бағытталған шешім", – дейді қаржыгер.

Маманның пікірінше, ең төменгі жалақының көтерілуін халықтың нақты табысы артты деп бағалау үшін инфляцияны да ескеру қажет. Өйткені азаматтардың қолына түсетін ақша көбейгенімен, сол қаражатқа сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің көлемі бұрынғы деңгейге жетпеуі мүмкін.

Жалақы өссе, әлеуметтік төлемдер де көбейе ме?

Ең төменгі жалақының мөлшері кейбір әлеуметтік төлемдерді есептеуге әсер етеді. Әсіресе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бала күтімі, жұмысынан айырылу, жүктілік пен босануға байланысты төлемдерде есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі маңызды.

Бұл төлемдерді есептегенде адамның орташа айлық табысы ескеріледі. Алайда есепке алынатын табыс жеті ең төменгі жалақыдан аспауға тиіс. Егер ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көтерілсе, есептік табыстың ең жоғары шегі 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін артады.

Бала күтіміне байланысты төлем

Бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері ата-ананың орташа айлық табысына байланысты есептеледі. Қолданыстағы есептеу тәртібі бойынша төлем орташа айлық табыстың 40%-ына тең. Бұл ретте есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі жеті ең төменгі жалақымен шектеледі.

Егер жаңа мөлшер қолданылса, есептік табыстың шегі мен төлемнің ең жоғары мөлшері мынадай болуы мүмкін:

  • Қазіргі есептік табыс шегі – айына 595 мың теңге;

  • Жаңа есептік табыс шегі – айына 770 мың теңге;

  • Қазіргі ең жоғары айлық төлем – 238 мың теңге;

  • Жаңа шек бойынша ең жоғары айлық төлем – 308 мың теңге.

Дегенмен бұл сома барлық ата-анаға берілетін төлем емес. Нақты мөлшері адамның орташа табысына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі есептеу талаптарына байланысты болады.

Жұмысынан айырылуға байланысты төлем

Жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем де бұрынғы табысына қарай есептеледі. Есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі өскен жағдайда, төлемнің ең жоғары мөлшері де артуы ықтимал.

  • Қазіргі ең жоғары мөлшері – айына 267 750 теңге.

  • Жаңа есептік шек қолданылған жағдайда – айына 346 500 теңгеге дейін.

Бұл – есептеу шегі мен қолданыстағы мөлшерлемеге негізделген ең жоғары ықтимал сома. Әр азаматтың алатын төлемі оның табысына, әлеуметтік аударымдарына және төлем тағайындау талаптарына байланысты анықталады.

Жүктілік пен босануға байланысты төлем

Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді есептегенде де соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс ескеріледі. Есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі жеті ең төменгі жалақымен шектеледі.

Егер бұл шек 595 мың теңгеден 770 мың теңгеге көтерілсе, табысы жоғары жұмыс істейтін әйелдерге төленетін біржолғы төлемнің ең жоғары мөлшері де артуы мүмкін.

Төлемнің нақты сомасы әйелдің соңғы 12 айдағы табысына және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түскен әлеуметтік аударымдарға байланысты есептеледі. Сондықтан есептік шектің өсуі барлық әйелдің төлемі міндетті түрде көбейеді дегенді білдірмейді.

Ең төменгі жалақының өсуі бағаға қалай әсер етеді?

Экономист Арман Бейсенбайдың пікірінше, ең төменгі жалақының көтерілуі инфляцияға қосымша әсер етуі мүмкін. Оның болжамынша, тауарлар мен қызметтердің бағасы тағы 2–5 %-ға өсуі ықтимал.

"Мұндай жағдай бізде жиі кездеседі. Мемлекет жалақыны, ең төменгі жалақыны немесе зейнетақыны көтерсе, бағалар да аздап өседі. Өйткені бұл – экономикада ақша көлемінің артқанын білдіреді. Егер экономикада ақша көбейгенімен, тауарлар мен қызметтердің ұсынысы соған сай артпаса, жалақының өсуі бағаның көтерілуіне әкелуі мүмкін. Бұл – экономиканың қалыпты заңдылықтарының бірі. Ақша көбейді, ал тауар саны өзгермеді. Демек, бір тауарды сатып алуға көбірек ақша жұмсалады. Соның салдарынан баға өседі", – дейді экономист.

Осылайша, жалақының өсуі халықтың қолындағы ақша көлемін арттырғанымен, тауарлар мен қызметтердің ұсынысы өзгермесе, сұраныс күшейіп, бағаға қысым түсуі мүмкін. Дегенмен инфляцияға тек жалақы әсер етпейді. Өндіріс шығындары, импорт бағасы, сұраныс және басқа да экономикалық факторлар да маңызды рөл атқарады. Сондықтан 2–5 %-дық өсімді жалақыны көтерудің міндетті салдары емес, экономистің болжамы ретінде қарастырған жөн.

Халықтың нақты табысы арта ма?

Арман Бейсенбайдың айтуынша, ең төменгі жалақының өсуін халықтың табысы толыққанды артты деп бағалау дұрыс емес. Себебі номиналды табыс пен нақты табыс – екі түрлі көрсеткіш. Номиналды табыс адамның алатын ақшасын білдірсе, нақты табыс сол ақшаға сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің көлемін көрсетеді.

"Халықтың сатып алу қабілеті күрт артпайды. Ол тек бұрынғы сатып алу қабілетінің төмендеуін ішінара өтей алады. Мысалы, 2026 жылы 85 мың теңгеге сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің көлемі 2023 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан жалақыны 110 мың теңгеге көтергеннің өзінде, бұл сома 2023 жылғы 110 мың теңгенің сатып алу қабілетіне тең болмайды. Керісінше, 2027 жылғы 110 мың теңгенің сатып алу қабілеті 2026 жылғы 85 мың теңгенің сатып алу қабілетіне шамалас болуы мүмкін. Яғни, түптеп келгенде, бір деңгейде қалуы ықтимал. Сондықтан номиналды табыс өскенімен, азаматтардың сатып алу қабілеті айтарлықтай артпайды. Олар бұрын жоғалтқан сатып алу қабілетінің белгілі бір бөлігін ғана қалпына келтіреді. Оның нақты қанша бөлігін өтейтінін анықтау үшін тиісті есептеулер жүргізу қажет", – деп санайды қаржыгер.

Демек, жалақының 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге өсуі ақшалай табыстың артқанын білдіреді. Бірақ оның нақты әсерін бағалау үшін осы кезеңдегі инфляцияны, азық-түлік пен қызметтердің бағасын және азаматтардың шығындарын салыстыру қажет.

Әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары өзгере ме?

Ең төменгі жалақының өсуі мемлекеттік қорларға төленетін кейбір міндетті аударымдарды есептеу шектеріне де әсер етеді. Бұл өзгерістер жұмыс берушілерге, жеке кәсіпкерлерге және жоғары жалақы алатын қызметкерлерге қатысты болуы мүмкін.

Әлеуметтік аударымдар

Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейді. Бұл қордан жұмысынан айырылу, жүктілік пен босану және бала күтімі сияқты жағдайларда әлеуметтік төлемдер беріледі.

Қолданыстағы есептеу тәртібі бойынша әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Егер ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріліп, есептік база да соған сәйкес өзгерсе, ең төменгі және ең жоғары аударымдардың сомасы артуы мүмкін.

  • Ең төменгі әлеуметтік аударым – 4 250 теңгеден 5 500 теңгеге дейін.

  • Ең жоғары әлеуметтік аударым – 29 750 теңгеден 38 500 теңгеге дейін.

Міндетті зейнетақы жарналары

Қызметкерлер жалақысының 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына аударады. Бұл жарналарды есептеу кезінде ескерілетін айлық табыстың ең жоғары шегі 50 ең төменгі жалақымен шектеледі.

Егер ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, есептік табыстың ең жоғары шегі 4,25 миллион теңгеден 5,5 миллион теңгеге дейін артады. Бұл, ең алдымен, жоғары жалақы алатын қызметкерлерге әсер етуі мүмкін. Өйткені есепке алынатын табыстың шегі көтерілгенде, олардың зейнетақы жарналарының сомасы да өсуі ықтимал.

Жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін төлейтін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына қатысты есептік шек те 50 ең төменгі жалақыға байланысты болғандықтан, оның мөлшері де өзгеруі мүмкін.

Алайда міндетті төлемдердің барлығы бірдей автоматты түрде өспейді. Нақты сома әр төлемнің есептеу тәртібі мен қолданыстағы заңнамаға байланысты.

Жеке кәсіпкерлердің төлемдері де өсуі мүмкін

Экономистің айтуынша, ең төменгі жалақыға байланысты есептелетін міндетті аударымдардың өзгеруі жеке кәсіпкерлерге де әсер етуі ықтимал. Себебі кейбір төлемдерді есептеу кезінде кәсіпкердің өзі үшін белгілеген табысы негізге алынады.

"Мысалы, жеке кәсіпкердің табысы айына 1 миллион теңге болса да, ол өзіне 85 мың теңге жалақы белгілеп, тиісті аударымдарды осы сомадан есептей алады. Бұл – заңнамада көзделген мүмкіндік. Егер ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, кәсіпкер өзіне белгілейтін жалақыны да осы деңгейге дейін арттыруы керек болады. Салдарынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдердің сомасы да өсуі мүмкін. Мысалы, зейнетақы жарнасының мөлшерлемесі 10 % болса, 85 мың теңгеден 8 500 теңге, ал 110 мың теңгеден 11 мың теңге аударылады", – дейді Арман Бейсенбай.

Сонымен бірге маман нақты өзгерістің әр төлемнің есептеу тәртібі мен қолданыстағы заңнамаға байланысты екенін ескертеді. Сондықтан барлық салық пен әлеуметтік аударым автоматты түрде бірдей мөлшерде өседі деуге болмайды.

Ең төменгі жалақы неге медианалық жалақымен байланысты болуы керек?

Экономист ең төменгі жалақыны белгілеуде елдегі нақты жалақы көрсеткіштерін негізге алатын әдіске көшуді ұсынады. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері ең төменгі жалақыны халықаралық тәжірибеге сай есептеу мәселесі талқыланып келеді. Бұл тәсіл бойынша ең төменгі жалақы елдегі медианалық жалақының кемінде 50%-ына тең болуы керек.

Медианалық жалақы – қызметкерлердің жалақысын ең төменнен жоғарыға қарай орналастырғанда дәл ортасында тұратын көрсеткіш. Яғни қызметкерлердің жартысы одан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алады.

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы медианалық жалақы 348 415 теңге болған. Оның жартысы шамамен 174 208 теңгеге тең. Демек, осы әдіс қолданылған жағдайда ең төменгі жалақы 175 мың теңгеге жуық болар еді.

Бұл – қолданыстағы мөлшер емес, медианалық жалақыға негізделген есептің нәтижесі.

"Мұндай жүйе енгізілсе, медианалық жалақы өскен сайын ең төменгі жалақы да автоматты түрде артады. Осылайша, оның мөлшері нақты экономикалық көрсеткішке байланысты белгіленер еді. Алайда бұл әдістемеге көшу мәселесі бірнеше рет кейінге шегерілген. 2024, 2025 және 2026 жылдары да жаңа тәсілге көшу туралы айтылғанымен, нақты өзгеріс болмады. Бұл – ең қисынды тәсілдердің бірі. Өйткені келесі жылы ең төменгі жалақының қанша болатынын есептеу үшін медианалық жалақыны білу жеткілікті болар еді. Оның 50 пайызын есептеу арқылы жаңа мөлшерді анықтауға болады", – дейді экономист.

Арман Бейсенбайдың пікірінше, ең төменгі жалақыны медианалық көрсеткішпен байланыстыру оның мөлшерін белгілеуді түсінікті әрі болжамды етер еді. Мұндай жағдайда жалақының ең төменгі шегі елдегі еңбек нарығы мен табыс деңгейінің өзгеруіне қарай қайта есептеліп отырады.

Ең төменгі жалақыны кім және қалай белгілейді?

Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақыны белгілеудің нақты математикалық формуласы жоқ. Оның мөлшері бюджет мүмкіндігі мен мемлекеттік шешімдерге байланысты айқындалады.

"Ең төменгі жалақыны есептеудің нақты әдістемесі жоқ. Президент белгілі бір соманы жариялайды. Әрине, оған қандай да бір деректер негіз болуы мүмкін. Алайда бұл соманың қалай есептелгені бізге белгісіз", – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, ең төменгі жалақыны есептеу кезінде халықтың нақты табысы, өмір сүру деңгейі және медианалық жалақы сияқты көрсеткіштер ескерілуі керек. Ал нақты формула енгізілсе, ең төменгі жалақы жеке шешімдерге ғана тәуелді болмай, елдегі жалақы деңгейінің өзгеруіне қарай белгіленер еді.

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесі де өзгеріп жатыр. Азаматтарды тұрмыстық жағдайына қарай A, B, C, D және E санаттарына бөлу мәселесі талқылануда. Бұл тәсіл енгізілген жағдайда әлеуметтік көмектің берілуі немесе мөлшері адамның қай санатқа жататынына байланысты болуы мүмкін.

Экономистің пайымдауынша, ең төменгі жалақыны көтеру мен әлеуметтік қолдауды қайта бөлу мәселелері халықтың табысын қолдау шараларымен байланысты қарастырылуы мүмкін. Дегенмен ең төменгі жалақының өсуі азаматтардың нақты тұрмыс деңгейін қаншалықты жақсартатыны инфляцияға, табыс мөлшеріне және әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібіне байланысты болады.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі жалақы 25 мың теңгеге өседі. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етпек.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 17:55