Байларға салынатын салық: Премьер-министр министрліктерге ұсыныс әзірлеуге бір ай уақыт берді
Қазақстанда аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерттеп, ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов жаңа салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мәселесіне де тоқталды. Ұлттық экономика министрлігіне құжатқа қатысты нақты түзетулер топтамасын пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеттелді.

Ал Қаржы министрлігіне жергілікті деңгейде салық жинау көрсеткішін арттыру, көлеңкелі экономиканың үлесін азайту және салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыруды аяқтау тапсырылды. Бұл жұмыста жасанды интеллект технологияларын да қолдану көзделген.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынған еді.
Президент заңды жолмен жиналған активтерді шектеу туралы сөз болып отырмағанын атап өтті. Оның айтуынша, әр азамат елдің дамуына мүмкіндігіне сай әділ үлес қосуы керек. Енді Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірлейді.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды