"Дәрігердің өзі қатерлі ісікпен 8 жыл жүрген": Маммолог сүт безі обырының алғашқы белгілері мен ерекше оқиғаларды айтып берді
Көпшілік сүт безі қатерлі ісігі міндетті түрде ауырсыну арқылы білінеді деп ойлайды. Алайда дәрігерлердің айтуынша, көбіне бұл сырқат еш белгісіз дамиды және әйелдің өзі байқамай жүргенде асқынып кетуі де мүмкін. Онколог-маммолог Данара Сүлейменова Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қатерлі ісіктің алғашқы белгілері, оны ерте анықтау мен емдеу мүмкіндіктері туралы айтып, дәрігерлік тәжірибесінде кездескен ерекше оқиғаларын бөлісті.
Сүт безі ауырмаса, алаңдаудың қажеті жоқ па?
Сүт безіндегі ауырсыну әйелдерді маммологқа қаралуға итермелейтін негізгі себептердің бірі. Алайда ауырсыну әрдайым қауіпті аурудың белгісі бола бермейді. Көбіне ол ағзадағы гормондық өзгерістерден немесе сүт безінде пайда болған қатерсіз түзілістерден туындайды. Ал қатерлі ісік, керісінше, ұзақ уақыт бойы ешқандай ауырсынусыз дамуы мүмкін. Әсіресе бастапқы кезеңде ісік өте кішкентай болғандықтан, әйел денсаулығында еш өзгеріс байқамауы ықтимал.
Дәрігердің айтуынша, кейбір науқастар кеудесінде түйін пайда болғанын білсе де, ауырмағандықтан оны қауіпті санамайды. Соның салдарынан медициналық көмекке ауру асқынған кезде ғана жүгінеді.
"Сүт безі қатерлі ісігінің ең жиі кездесетін белгісі – бұрын болмаған, ауырмайтын түйіннің пайда болуы. Әйелдер көбіне кеудесі ауырса ғана қауіп бар деп ойлайды. Ал ауырмайтын түйінге аса мән бермейді. Кейде қатерлі ісіктің үшінші сатысын анықтаған кезде науқастан неге ертерек қаралмағанын сұраймын. Сөйтсем, түйіннің пайда болғанына бір-екі жыл өткен. "Ауырмаған соң қауіпті ештеңе емес деп ойладым" дейді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайларды жиі кездестіремін", – дейді Данара Сүлейменова.
Маман сүт безінің пішіні өзгерсе, терісі ішке қарай тартылса немесе емізік ұшынан, әсіресе қан аралас сұйықтық бөлінсе, дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді. Қолтық астындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы да назар аударуды қажет етеді. Дегенмен мұндай өзгерістердің барлығы қатерлі ісік дегенді білдірмейді. Олардың нақты себебін медициналық тексеру арқылы ғана анықтауға болады, дейді маман.
Дәрігердің өзі қатерлі ісікпен сегіз жыл жүрген
Қатерлі ісік диагнозынан қорқу кейде адамның дәрігерге қаралуына кедергі келтіреді, дейді маман. Данара Сүлейменованың тәжірибесінде тіпті медицина саласында жұмыс істейтін маманның өзі күмәнді түзілісті жылдар бойы тексертпеген жағдай болған.
"Менің тәжірибемде ерекше бір жағдай болды. Ультрадыбыстық диагностикамен күн сайын айналысатын дәрігердің өзі сүт безіндегі ісікпен сегіз жыл жүрген. Ол өзін үнемі УДЗ арқылы тексеріп отырған. Түзілісті алғаш көрген кезде-ақ оның ісікке ұқсайтынын түсінген. Бірақ онколог-маммологқа қаралуға батылы жетпеген. Сегіз жылдан кейін ғана дәрігерге келгенде, оның қатерлі ісік екені анықталды. Бақытымызға қарай, ісік өте баяу өсетін түріне жататындықтан, оны әлі де емдеуге мүмкіндік болды", – дейді маман.
Дәрігер сүт безі обырының барлық түрі бірдей дамымайтынын түсіндірді. Кейбір ісіктер бірнеше жыл бойы баяу өссе, енді біреулері санаулы айдың ішінде бірнеше сантиметрге дейін ұлғаюы мүмкін.
Қатерлі ісіктің басты қаупі оның тек сүт безінде өсуінде емес. Уақыт өте келе ісік жасушалары қан мен лимфа арқылы басқа мүшелерге таралуы ықтимал. Мұны медицинада метастаз деп атайды. Сүт безі обыры көбіне өкпеге, бауырға, сүйекке және миға таралуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер күмәнді түзілісті ұзақ уақыт бақылап қана жүрмей, оның нақты қандай ісік екенін анықтауға кеңес береді.
Алты баласын бағып жүріп, өзіне уақыт таппаған ана
Дәрігердің айтуынша, әйелдердің денсаулығына уақытылы көңіл бөлмеуіне отбасындағы жауапкершіліктің көптігі де әсер етеді. Әсіресе балаларының тәрбиесімен, үй шаруасымен және жақындарының мәселесімен айналысатын әйелдер өз денсаулығын кейінге қалдырып жатады.
Маманның қабылдауына бірде кеудесінде үлкен ісігі бар әйел келген. Науқас түйіннің пайда болғанын бұрыннан білсе де, қызы жоғары оқу орнына түскенше тексерілуді кейінге қалдырып отырған. Дәрігерлер одан сүт безі қатерлі ісігінің екінші сатысын анықтаған.
Тағы бір жағдайда Астанаға жақын ауылда тұратын алты баланың анасы ауруын асқындырып алған.
"Жақында маған алты баласы бар әйел келді. Ол Астанаға жақын ауылда тұрады, яғни қаладағы емханаларға жетуге мүмкіндігі болған. Бірақ әйел үнемі не жүкті болып, не бала емізіп жүрген. Өз денсаулығына қарауға уақыты болмаған. Ақырында сүт безіндегі ісік жеті сантиметрге дейін өскен. Мұндай көлемдегі түйін қолмен анық сезіледі. Өкінішке қарай, бізде әйелдер ең алдымен балаларының, күйеуінің, ата-анасының жағдайын ойлайды. Ал өз денсаулығын ең соңғы орынға қояды", – дейді Данара Сүлейменова.
Бір ер адамның екі әйелі де сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан
Данара Сүлейменова дәрігерлік тәжірибесінде өзін ерекше таңғалдырған және әлі күнге дейін ұмытпаған оқиғасын да айтып берді.
"Англиядан жаңадан оралған кезім еді. Өзім 25 жастамын, қабылдауыма 24 жастағы жас ана келді. Жақында ғана босанған екен. Сүт безінде ісік анықталып, тексеру жүргіздік. Мен ол үшін қатты уайымдадым, өйткені өзі өте жас еді. Өкінішке қарай, ауруы ауыр болып, метастаздар тез тарады. Бір жылдың ішінде қайтыс болды. Қызы бір жасқа да толмаған еді. Күйеуі мен анасы қатты қайғырды, тіпті балама емдеу жолдары бар ма деп сұрады", – деп еске алды дәрігер.
Арада бірнеше жыл өткен соң маманның қабылдауына тағы бір жас әйел келген. Ол да бала емізіп жүрген және сүт безі қатерлі ісігінің ауыр түріне шалдыққан. Кейін дәрігер бұл науқастың өзі бұрын емдеген марқұм әйелдің күйеуіне тұрмысқа шыққанын білген. Яғни бір ер адамның бірінші әйелі сүт безі қатерлі ісігінен көз жұмса, кейін екінші әйелінен де осы ауру анықталған.
Бұл сәйкестік маманды қатты таңғалдырғанын айтады.
Неліктен қатерлі ісік жас әйелдерде де кездесіп жатыр?
Сүт безі қатерлі ісігі көбіне жасы үлкен әйелдерде анықталады. Дегенмен кейінгі жылдары бұл диагноз 30-35 жастағы әйелдер арасында да жиірек кездесіп жүр. Данара Сүлейменова еңбек жолын бастаған кезде мұндай жастағы науқастар сирек болғанын айтады. Қазір жас әйелдер арасында аурудың кездесуі бұрынғыдай таңғаларлық жағдай емес, дейді ол.
Алайда маман мұның нақты бір себебін бөліп көрсету мүмкін емесін ескертеді. Өйткені қатерлі ісіктің дамуына әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін.
"Мен еңбек жолымды бастаған кезде 30-35 жастағы әйелдерден сүт безі қатерлі ісігін анықтау өте сирек кездесетін. Қазір мұндай науқастарды жиі көреміз. Бірақ оның нақты себебін айта алмаймыз. Өйткені сүт безі қатерлі ісігіне көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, әйелдердің алғашқы баласын бұрынғыдан кешірек босануы да қауіп факторларының бірі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар тұқым қуалайтын генетикалық өзгерістер бар әйелдерде ауру ертерек пайда болуы мүмкін. Сондықтан жас әйелдер де өз отбасындағы аурулар тарихын білгені дұрыс", – дейді маммолог.
Маман тұқым қуалайтын генетикалық өзгерістер тек ана жағынан берілмейтінін түсіндірді. Мұндай ерекшеліктер әке жағынан да берілуі мүмкін. Сондықтан отбасында сүт безі немесе аналық без қатерлі ісігімен ауырған адамдар болса, олардың нақты қандай диагноз алғанын және ауру неше жасында анықталғанын білу маңызды. Отбасында ер адамның сүт безі қатерлі ісігіне шалдығуы да генетикалық қауіп факторларын тексеруге себеп болуы мүмкін екенін айтады маман.

Тұқымында қатерлі ісік болмаған әйел де ауыруы мүмкін бе?
Кей әйел анасы, әжесі немесе жақын туыстары қатерлі ісікке шалдықпағандықтан, өзіне бұл ауру қауіп төндірмейді деп есептейді. Алайда сүт безі қатерлі ісігінің көп бөлігі тұқым қуалайтын белгілі генетикалық өзгерістермен байланысты емес. Ауру адамның өмір сүру барысында жасушаларында пайда болған өзгерістерден де дамуы мүмкін, дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, сүт безі обыры жағдайларының шамамен 85%-ы осындай тұқым қуаламайтын түріне жатады.
"Әсіресе анасы, туған әпкесі немесе сіңлісі сүт безі қатерлі ісігімен ауырса, оған назар аудару керек. Мұндай жағдайда дәрігермен кеңесіп, генетикалық тексерудің қажеттілігін анықтаған дұрыс", – дейді Данара Сүлейменова.
Маман әр әйелдің ауруға шалдығу қаупін жеке бағалау маңызды екенін айтады. Дәрігерлер ол үшін отбасы тарихын, әйелдің жасын, бұрынғы медициналық тексерулерін және басқа да ерекшеліктерін ескереді. Қауіп деңгейі жоғары адамдарға қосымша тексерулер ұсынылуы мүмкін. Кей жағдайда маммографияны әдеттегіден ертерек бастау немесе магнитті-резонанстық томография жасау қажет болады.
Дезодорант, көкірекше және стресс қатерлі ісік тудыра ма?
Сүт безі қатерлі ісігіне қатысты ел арасында түрлі пікір бар. Кей әйелдер темірі бар көкірекше киюден қорықса, енді бірі дезодорант құрамындағы алюминийді қауіпті санайды екен.
"Темірі бар көкірекше, дезодорант, кеудені соғып алу немесе қатты күйзеліс сүт безі қатерлі ісігін тудыратыны дәлелденген жоқ. Мысалы, алюминий қосылыстарына қатысты зертханалық тәжірибелер жүргізілген. Бірақ әйелдердің қатысуымен жасалған зерттеулер дезодорант қолдану мен сүт безі қатерлі ісігінің арасында сенімді байланыс таппады. Кеуде жарақаттанғаннан кейін түйін пайда болуы мүмкін, алайда ол көбіне қан жиналуынан немесе май тінінің зақымдануынан болады. Мұндай түзілістер міндетті түрде қатерлі ісік деген сөз емес. Ал дұрыс таңдалмаған көкірекше кеудені ауыртуы мүмкін, бірақ қатерлі ісікке әкелетіні дәлелденбеген", – деп түсіндірді маман.
Дәрігердің айтуынша, әйелдер кейде денсаулығындағы өзгерісті бұрын болған жарақатпен немесе күйзеліспен байланыстырады. Соның салдарынан нақты тексерілуге асықпайды. Алайда кеудеде түйін пайда болса, оның себебін өз бетінше болжауға болмайды. Ол үшін маманға қаралып, қажет зерттеулерден өту керек.

Сүт безін неше жастан бастап тексерту керек?
Маман әйелдерге ай сайын сүт безіндегі өзгерістерге назар аударып отыруға кеңес береді. Етеккірі келетін әйелдерге мұны етеккір аяқталғаннан кейін жасаған ыңғайлы. Өзін-өзі тексеру кезінде кеуденің пішінін, терісінің жағдайын, емізік ұшын және қолтық астындағы өзгерістерді бақылауға болады. Бірақ мұндай тексеру медициналық зерттеулердің орнын баспайды.
Данара Сүлейменова орташа қауіп тобындағы әйелдерге 30 жастан бастап жыл сайын УДЗ жасатуды ұсынатынын айтады. Ал 40 жастан кейін маммографияның маңызы артады. Дегенмен тексеру жиілігі мен әдісін әйелдің жеке қауіп деңгейіне қарай дәрігер анықтауы керек.
"Көп әйел маммологқа барып, дәрігер кеудесін қолымен тексерсе, соның өзі жеткілікті деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Өте кішкентай ісікті тіпті тәжірибелі маманның өзі қолмен анықтай алмауы мүмкін. Сондықтан УДЗ мен маммографияның маңызы зор. Маммографияда көрінетін кейбір өзгерістер УДЗ-да байқалмайды. Ал кейбір түзілістер, керісінше, ультрадыбыстық зерттеуде жақсы көрінеді. Сол себепті тексеру әдісін әйелдің жасына, сүт безінің құрылымына және жеке қауіп деңгейіне қарай таңдау қажет", – дейді ол.
Қазақстанда 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жыл сайын тегін маммографиялық скринингтен өте алады. Ол үшін тіркелген емханаға жүгіну қажет. Дәрігердің айтуынша, бұл скрининг кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кіреді. Сондықтан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесі жоқ әйелдер де белгіленген жасында тегін тексеруден өте алады.
Ал кеудесінде түйін немесе басқа күмәнді белгі байқалған әйелге кезекті скрининг жылын күтудің қажеті жоқ. Ол емханаға шағымымен барып, диагностикалық тексеруге жолдама ала алады.
Қатерлі ісік анықталса, сүт безін міндетті түрде алып тастай ма?
Бұрын сүт безі қатерлі ісігін емдеуде кеудені толық алып тастау жиі қолданылған. Алайда қазіргі медицинада ісік орналасқан бөлікті ғана алып, сүт безін сақтап қалуға мүмкіндік беретін операциялар да жасалады. Операцияның қай түрі таңдалатыны аурудың сатысына, ісіктің көлеміне, орналасуына және басқа медициналық көрсеткіштерге байланысты екен. Сонымен қатар дәрігер сүт безін толық алып тастау қажет болған жағдайда оны қайта қалпына келтірудің де жолдары бар екенін атап өтті.
"Қазір сүт безін толық алып тастау жалғыз емдеу жолы емес. Зерттеулер дұрыс таңдалған науқастарда сүт безін сақтайтын операциялардың нәтижесі толық алып тастау операциясынан кем болмайтынын көрсетті. Қазақстанда да мұндай операциялар жиі жасалып жүр. Әсіресе аурудың бастапқы сатыларында кеудені сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ал толық алып тастау қажет болған жағдайда сүт безін қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін имплант немесе әйелдің өз тіндері пайдаланылады. Мұндай операциялар еліміздің көптеген ірі қаласында қолжетімді", – дейді маммолог.
Маманның айтуынша, қатерлі ісік үшінші немесе төртінші сатыда анықталса, емдеу әлдеқайда күрделене түседі. Төртінші сатыда ісік жасушалары басқа мүшелерге таралып үлгереді. Дегенмен бұл барлық науқастың емге жауап бермейтінін білдірмейді. Қазір химиятерапиядан бөлек, нысаналы терапия мен иммунотерапия сияқты заманауи емдеу тәсілдері қолданылады.
Олардың көмегімен кейбір науқастарда аурудың дамуын ұзақ уақыт бақылауда ұстауға мүмкіндік бар.
"Қазақстанда көмектесе алмаймыз деген": Екі баласын жалғыз өсірген әйелдің оқиғасы
Данара Сүлейменованың тәжірибесінде ауыр диагнозға қарамастан, емнен жақсы нәтиже алған науқастар да болған. Солардың бірі – кәмелетке толмаған екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жас әйел. Одан қатерлі ісіктің асқынған түрі анықталып, ауру басқа мүшелеріне де тарап үлгерген. Дәрігердің еске алуынша, әйелге Қазақстанда көмектесу мүмкіндігі шектеулі екені айтылған. Осыдан кейін ол емделуге қаражат жинап, Түркияға аттанған.
"Содан ол емделуге қаражат жинап, Түркияға барды. Сол жақта иммунотерапия қабылдады. Бақытымызға қарай, ағзасы емге жақсы жауап берді. Жағдайы айтарлықтай жақсарды, бәріміз қатты қуандық. Өйткені ол әлі жас, оның үстіне екі кішкентай баласын жалғыз өсіріп отырған ана еді", – деп еске алды Данара Сүлейменова.
Қазір әйелдің жағдайы жақсы. Дегенмен ол емін толық тоқтатпаған, екі ай сайын арнайы препарат қабылдап тұрады. Дәрігердің айтуынша, қазір ол әйел әлеуметтік желіде өз оқиғасымен бөлісіп, қатерлі ісікпен күресіп жүрген басқа науқастарды жігерлендіріп жүрген көрінеді.
Бұрын балаларының жылағанына немесе қыңырлығына кейде шаршаған ана ауыр дертпен күрескен кезде сол сәттердің өзін сағынғанын айтады. Қазір ол балаларымен өткізген әр күнді бағалап, өмірдегі қарапайым қуаныштарға алғыс айтуды үйренген.
Қатерлі ісіктің алдын алу үшін не істеу керек?
Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына адамның өзі өзгерте алмайтын және өмір салты арқылы ықпал ете алатын факторлар әсер етеді.
Бірінші топқа жас, жыныс және тұқым қуалайтын генетикалық ерекшеліктер жатады. Ал екінші топқа артық салмақ, дене белсенділігінің төмендігі, ішімдік ішу сияқты жағдайлар кіреді екен.
"Әйел өзінің өмір салтын өзгерту арқылы кейбір қауіп факторларын азайта алады. Мысалы, артық салмақтан арылу, дұрыс тамақтану және спортпен айналысу денсаулыққа пайдалы. Темекі шегуден және ішімдіктен бас тартудың да маңызы зор. Баланы емізу сүт безі қатерлі ісігінің қаупін белгілі бір деңгейде төмендетуі мүмкін. Бірақ мұның ешқайсысы әйелді қатерлі ісіктен 100 % қорғай алмайды. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, медициналық тексерулерден уақытылы өту керек. Ең маңыздысы – ауруды мүмкіндігінше ерте анықтау", – дейді маман.
Данара Сүлейменова қатерлі ісіктен толық қорғайды деп жарнамаланатын дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларға да сақтықпен қарауға кеңес береді. Өйткені олардың ешқайсысы сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға кепілдік бермейді. Маманның айтуынша, әйелдер үшін ең маңыздысы – денсаулығындағы өзгерістерге назар аудару, уақытылы тексерілу және күмәнді белгі пайда болса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмау.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды