Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көп жыл бойы стюардесса болған әйел қатерлі ісікке шалдықты: Сот оның ауруын радиациямен байланыстырды

стюардесса
Фото: Getty Images

Франция соты алғаш рет бортсеріктің сүт безі обырына ғарыштық сәулеленудің әсері болуы мүмкін екенін мойындады. Сот 59 жастағы Air France компаниясының бұрынғы бортсерігі Софи Лэноның ауруын кәсіптік сырқат ретінде танып, оның жұмысы кезінде ұзақ уақыт бойы ғарыштық сәулеленуге, пассивті темекі түтініне және түнгі ауысымдарға ұшырағанын ескерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

59 жастағы Air France әуе компаниясының бұрынғы бортсерігі Софи Лэно өзінің қатерлі ісігін жұмыс жағдайынан туындаған кәсіптік ауру ретінде мойындатуға тырысқан. Енді бұл талап Францияның Байонна қаласындағы соттың маңызды шешімімен расталды. Сот шешімінде ғарыштық сәулелену бортсеріктердің жұмысы кезінде кездесетін үш канцерогенді қауіптің бірі екені айтылған. Қалған екеуі пассивті темекі түтіні мен түнгі уақытта ұзақ жұмыс істеу ретінде тіркелген. Air France ұшақтарында темекі шегуге 2000 жылға дейін рұқсат етілген. Мұндай шешім ремиссия кезеңіндегі Лэноға мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оның алдағы емделу шығындары Францияның денсаулық сақтау жүйесі арқылы толық өтеледі.

Заңгерлердің айтуынша, соттың сүт безі обырын әуе экипажы үшін ресми түрде мойындалған кәсіптік қауіп ретінде тануы осыған ұқсас талаптардың көтерілуіне жол ашады.

"Менің ең үлкен тілегім, шешімім осы қадамға баруға әлі батылы жетпеген басқа әйелдерді жігерлендірсе екен", – деді Лэно.

Софи Лэно Air France компаниясында стюардесса, кейін стюард болып жұмыс істеп, 1989-2019 жылдар аралығында 12 600 сағат ұшқан. Оның ұшу уақытының жартысынан астамы түнгі рейстерге тиесілі болған. Парижден ұзақ қашықтыққа ұшатын көптеген рейстер Солтүстік полюс маңынан өткен. Осы аймақта ғарыштық сәулеленудің әсері жоғары.

Ғарыштық сәулелену – негізінен Күннен және басқа да жұлдыздардан келетін жоғары энергиялы бөлшектер. Air France компаниясы қызметкерлерінің денсаулығы "абсолютті басымдық" екенін мәлімдеді.

Осы айда АҚШ-тағы Гарвард медициналық мектебі жүргізген зерттеу бортсеріктер мен ұшқыштардың 500-ден астам кәсіптің ішінде радиацияға байланысты қатерлі ісіктен қайтыс болу деңгейі ең жоғары мамандықтардың қатарында екенін көрсетті.

Зерттеу бойынша, бортсеріктер арасындағы өлім-жітімнің шамамен 6,9%-ы, ал ұшқыштар арасындағы өлім-жітімнің 6,7%-ы радиациямен байланысты қатерлі ісікке тиесілі болған.

Көрсеткіштер басқа мамандықтармен, соның ішінде ядролық технология саласының қызметкерлерімен салыстырғанда да жоғары болған. Зерттеу авторларының мәліметінше, ядролық технология мамандары бұл тізімде 12-орында тұрған.

Ұшақтардың жоғары биіктікте ұшуы адамдарды ғарыштық сәулеленуге ұшырататыны бұрыннан белгілі. Алайда қарапайым жолаушылар үшін оның әсері статистикалық тұрғыдан елеусіз деп саналады. Ал полюстерде сәулелену деңгейі жоғарырақ, себебі Жердің магнит өрісі басқа аймақтарда ғарыштық сәулелерден қорғаныс қызметін атқарады. Портсмут университетінің қоршаған орта ғылымдары профессоры Джим Смит жеке адамның қатерлі ісігіне нақты радиация себеп болды деп анықтау мүмкін емес екенін айтты.

"Радиациялық қауіпсіздік саласындағы қазіргі ұсынымдарға сәйкес, сәулеленудің кез келген аз мөлшері қатерлі ісікке ықтимал себеп болуы мүмкін. Алайда доза неғұрлым төмен болса, қауіп те соғұрлым аз болады. Әуе экипажының ғарыштық сәулелерден алатын белгілі дозасына сүйенсек, биікте тұрақты ұшатын экипаж мүшелерінде қатерлі ісікке шалдығу қаупі аздап жоғары болуы мүмкін", – деді профессор Смит.

Лэноның адвокаты Элизабет Леру Францияда сүт безі обыры мен белгілі бір кәсіптік қауіптердің арасындағы байланыс медбикелер секілді бірқатар мамандықтар үшін бұрыннан мойындалғанын, алайда бұл бортсерікке қатысты алғашқы жағдай екенін айтты.

Air France компаниясы Лэноның сот ісіне қатыспағанын және сот шешімінің негізділігіне қатысты өз ұстанымы бар екенін мәлімдеді.

"Қызметкерлеріміздің денсаулығы мен қауіпсіздігі – абсолютті басымдығымыз. Әрбір қызметкер нормативтік талаптардан әлдеқайда жоғары деңгейде медициналық бақылаумен қамтамасыз етіледі", – делінген компания мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияда 41 жастағы Саймон Пирсонға 2017 жылы полицитемия вера және гемохроматоз диагноздары қойылған. Ол жеті жыл бойы аталған аурулардан емделіп, 42 медициналық процедурадан өткен. Алайда 2025 жылы жүргізілген тексерулер оның бұл аурулардың ешқайсысымен ауырмағанын көрсеткен. Аурухана кейін диагноздың қате қойылғанын мойындап, Пирсоннан кешірім сұрады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 29 Тамыз, 2026 18:00