Мәдениет саласынан өз орнын табар – Ішкі істер министрлігі блогермен билеген екі полицейдің жұмыстан шығарылуына қатысты
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Хан-Шатыр маңында мысырлық блогермен билеген екі полицейдің жұмыстан шығарылуын орынды деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Игорь Лепехадан жұмыстан шығарылған полиция қызметкерлерін қайта қызметке алу мүмкін бе, деп сұрады.
“Жалпы алғанда, бұл мәселеде қоғам пікірі екіге бөлінді деп объективті түрде айту керек. Бірі қолдаса, енді бірі үзілді-кесілді қарсы болды. Алайда бұл мәселе тәртіптік комиссияда қаралды. Комиссия олардың әрекетін кем дегенде қызметтік әдеп нормаларын және полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзу деп бағалады. Қызметте жүрген полицейлер қандай да бір блогерлерге өзін көтеруіне рұқсат беріп, тағы басқа әрекеттер жасауы дұрыс емес”, – деді Игорь Лепеха.
Оның жауабына қарағанда, қыздарды қызметіне қайта алу жоспарланып отырған жоқ.
“Мүмкін, біз консервативті адамдар шығармыз. Бірақ біз бұлай әрекет етуге болмайды деп есептейміз. Тәртіптік комиссия екі қызды жұмыстан шығарған дұрыс деген шешімге келді. Олар, бәлкім, мәдениет саласынан өз орындарын табар”, – деді вице-министр.
Жағдайдың мән-жайы
Бұған дейін әлеуметтік желіде Хан-Шатыр маңында түсірілген видео тараған еді. Кадрдан мысырлық блогердің екі полиция қызметкерімен билегенін көруге болады. Видеодағы бір эпизодта ол қыздардың бірін көтеріп алып, бірнеше рет айналдырады.
Бұл видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бір тарап туристпен билегені үшін полиция қызметкерлерін жұмыстан шығару тым қатаң шара деп санайды.
Ал екінші тарап полицейлер қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде тәртіп пен әдеп талаптарын сақтауы керек екенін айтты. Олардың пікірінше, азаматтармен және ел қонақтарымен бейресми қарым-қатынас кезінде де бұл талаптар сақталуы тиіс.
Ішкі істер министрлігі де қызметкерлердің әрекетін құптамаған тараптың ұстанымын қолдады. Кейін полиция қызметкерлерінің жұмыстан шығарылғаны ресми түрде расталды.
"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр
