Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Айыппұл емес, қамау керек”: Бектенов түнде шулаған жүргізушілерге жазаны күшейтуді тапсырды

даусы қатты көлік
Фото: avtoshark.com

Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта қатты шу шығаратын көлік пен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында Премьер-министр Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен түн тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қарсы қандай шара қолданылып жатқанын сұрады.

"Көлік пен мотоциклмен қатты шу шығаратын жүргізушілерге қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Әсіресе түнгі уақытта. Бұл мәселені сізбен бірнеше рет талқыладық. Қатаң шара қолдану қажет, өйткені олар түнде адамдардың тыныштығын бұзады", – деді Бектенов.

Жыл басынан бері 782 дерек тіркелген

Ішкі істер министрі Ержан Саденов полиция қызметкерлері бұл бағытта тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты.

Оның сөзінше, тәртіп бұзушыларды анықтауға бейнебақылау камералары мен тұрғындардың 102 нөміріне түсірген шағымдары көмектеседі.

"Жыл басынан бері осындай 782 дерек тіркелді. Барлық құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 адам қамауға алынды. Көліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз", – деді министр.

Премьер-министр бұл мәселеде айыппұлмен шектеліп қалмауды тапсырды.

"Мұндай жағдайда айыппұл салудың қажеті жоқ. Құқықбұзушыларды қамауға алу керек", – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін заңгерлер көлікте былапыт сөздері бар әндерді қатты қою кей жағдайда әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірген.

Мұндай жағдайда оқиғаның нақты мән-жайына қарай жүргізушіге немесе жолаушыға 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін.

Жауапкершілік белгілеу кезінде көлік терезесінің ашық не жабық болғаны, музыканың қоғамдық орында естілуі, бейнежазбаның болуы және құқық бұзушылықты нақты кім жасағаны сияқты жайттар ескеріледі.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 10:55