Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда маркетплейстер 2025 жылы қанша салық төледі

салық
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда электрондық коммерция қарқынды дамып, онымен бірге ірі маркетплейстерден түсетін салық түсімі мен цифрлық төлемдердің маңызы артып келеді. Fintech in Kazakhstan жыл сайынғы зерттеуінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстандағы ең ірі бес маркетплейс жалпы шамамен 413 миллион доллар (185,2 млрд. теңге) салық төлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Салық төлемі бойынша Kaspi.kz көш бастады. Компания Қазақстан бюджетіне 265,7 миллион доллар (119,1 млрд. теңге) көлемінде салық аударған. Одан кейін Wildberries – 111 миллион доллар (49,7 млрд. теңге), Ozon – 28,4 миллион доллар (12,7 млрд. теңге), OLX – 5,9 миллион доллар (2,6 млрд. теңге) және Halyk Market – 1,8 миллион доллар (807,4 млн. теңге) төлеген.

Осылайша, Kaspi.kz-тің салық төлемі Wildberries көрсеткішінен 2,4 есе жоғары болған. Сонымен қатар компанияның төлеген салығы қалған төрт маркетплейстің жиынтық салық төлемінен де асып түскен.

Маркетплейстер Қазақстандағы электрондық сауданың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып отыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бөлшек электронды сауданың 92%-ы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан.

Бұл сегмент шағын және орта бизнес үшін де маңызды. Зерттеу дерегіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнестің Қазақстан Жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40%-дан асқан.

банктер
Фото: Fintech in Kazakhstan

Электрондық сауданың үлесі 17%-ға жетті

Соңғы жылдары электрондық сауда бөлшек саудадағы үлесін айтарлықтай арттырды. 2019 жылы e-commerce-тің бөлшек саудадағы үлесі 3,7% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 17,1%-ға жеткен.

Бөлшек электрондық сауда нарығының көлемі 2023 жылы 5,3 миллиард доллардан 2024 жылы 6,7 миллиард долларға дейін өскен. Демек бір жыл ішінде нарық 26%-ға ұлғайған.

Қызмет көрсету саласындағы электрондық коммерция да қарқынды өсіп келеді. Оның көлемі 3,5 миллиард доллардан 5,2 миллиард долларға дейін, яғни 48%-ға артқан.

Ал трансшекаралық карта төлемдерінің көлемі осы кезеңде 3 миллиард доллардан 4,2 миллиард долларға дейін өсіп, 40%-ға көбейген.

Қазақстан қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшіп келеді

Сонымен қатар қазақстандықтардың төлем жасау әдеті де өзгеріп жатыр. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 2019 жылы 67%-дан 2026 жылы 88%-ға дейін өскен.

Салыстырмалы түрде алғанда, Қазақстандағы тұтынушылық төлемдердің жалпы көлеміндегі қолма-қол ақшаның үлесі шамамен 12%.

Бұл көрсеткіш Норвегиядағы 4%-дан, Қытай мен Швециядағы 5%-дан, Оңтүстік Кореядағы 7%-дан, Ұлыбританиядағы 10%-дан және АҚШ-тағы 11%-дан жоғары. Ал Бразилияда қолма-қол төлемдердің үлесі 17%.

Қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымының дамуы пайдаланушылар мен төлем құралдарының санының өсуіне де әсер етіп отыр.

Мәселен, онлайн-банкингтің белсенді пайдаланушыларының саны 2019 жылы 23 миллионнан 2025 жылы 34 миллионға дейін өскен. Бұл – 1,5 есе өсім.

Ал айналымдағы төлем карталарының саны осы кезеңде 33 миллионнан 85 миллионға дейін, яғни 2,6 есеге артқан.

Төлем қабылдау инфрақұрылымы да жылдам кеңейіп келеді. POS-терминалдардың саны 2022 жылы 300 мыңнан 2025 жылы 1,3 миллионға дейін көбейген. Бұл – 4,3 есе өсім.

Ал қолма-қол ақшасыз төлем қабылдайтын сауда нүктелерінің саны 509 мыңнан 945 мыңға дейін, яғни 1,9 есеге өскен.

QR-төлемдер жаппай қолданысқа еніп жатыр

Қазақстандағы тағы бір маңызды тренд – QR арқылы төлем жасаудың кең таралуы. QR-транзакциялардың көлемі 2023 жылы 1,5 миллиардтан 2025 жылы 3,8 миллиардқа дейін өскен. Демек екі жыл ішінде операциялар саны 2,5 есе артқан.

Операциялар саны бойынша QR-төлемдердің үлесі 2023 жылы 14%-дан 2025 жылы 28%-ға дейін өскен. Ал ақша көлеміндегі үлесі 6%-дан 10%-ға дейін артқан.

Бұл жағдайда бір QR-транзакцияның орташа сомасы шамамен 10 доллар болады. Ал интернет және мобильді банкинг арқылы жасалатын бір төлемнің орташа сомасы 41 доллар шамасында. Сондықтан QR-төлемдердің операция саны бойынша үлесі мен ақша көлеміндегі үлесінің арасында айырмашылық бар.

Ал ірі сомадағы төлемдер әлі де негізінен интернет және мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылады. Бұл арнаға қолма-қол ақшасыз транзакциялардың жалпы көлемінің шамамен 80%-ы тиесілі.

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында QR-төлемдердің көлемі шамамен 17 миллиард доллар болған. Демек бұл 8 триллион теңге. Салыстыру үшін, осы кезеңде POS-терминалдар арқылы 16 миллиард доллар немесе 7,5 триллион теңге көлемінде төлем жасалған.

Осылайша, QR-төлемдер айналым көлемі бойынша екінші жыл қатарынан POS-терминалдардан озып отыр.

Жалпы бұл көрсеткіштер Қазақстандағы сауда және төлем инфрақұрылымының қалай өзгеріп жатқанын көрсетеді. Маркетплейстер электрондық сауданың негізгі арнасына айналса, QR-төлемдер күнделікті есеп айырысудың жаппай қолданылатын құралына айналып келеді. Ал қолма-қол ақшасыз төлемдер тұтынушылық төлемдердің басым бөлігін құрайды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда шетелдік маркетплейстерге қатысты салық талаптарын күшейту ұсынылғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 09:25