Қазақстанда шетелдік маркетплейстерге қатысты салық талаптарын күшейту ұсынылды
Қазақстанда шетелдік маркетплейстер мен басқа да шетелдік интернет-компанияларға салықтық бақылауды күшейту ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігі "Ашық НҚА" порталында Салық кодексіне енгізілетін тиісті түзетулер жобасын жариялады.
Қазір салық органдары Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркелген шетелдік компаниялардың пайдасына жасалған төлемдер туралы ақпарат алады. Заңға түзету енгузі арқылы бұл жереже Қазақстанда тіркелмеген шетелдік интернет-компанияларға да қолданылмақ.
Жобаға сәйкес, банктер мен төлем ұйымдары мына екі шарт қатар орындалған жағдайда, Қазақстанда тіркелмеген шетелдік компанияның пайдасына бір тоқсан ішінде жасалған төлемдер мен аударымдардың жалпы сомасы туралы мәліметті салық органдарына ұсынуға міндеттеледі:
- күнтізбелік тоқсан ішінде оның пайдасына 100-ден астам төлем мен аударым жасалса;
- мұндай операциялардың жалпы сомасы 1000 АЕК-тен (2026 жылы 4,3 миллион теңге) асса.
Бұл өзгеріс Қазақстан аумағында интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін шетелдік компанияларға қатысты болмақ.
Сонымен қатар жоба мәтіні сүйенсек, салық органдарына шетелдік компаниялар бөлінісінде төлемдер мен аударымдардың жалпы сомасы ғана берілетіні айтылған. Бұл түзетуде салық органдарына әрбір қазақстандықтың қандай тауар сатып алғаны немесе қандай сатып алулар жасағаны туралы мәліметтерді беру қарастырылмаған.
Әзірлеушілер негіздемеде жеткізу қызметтерінің деректерін келтірген. Оған сәйкес, қазақстандық тұтынушыларға электронды сауда арқылы тауарлар мен қызметтерді 200–250-ден астам шетелдік компания ұсынады. Құжат олардың шамамен 120-сы ғана шартты түрде тіркеуден өткені айтылған.
Мұндай компанияларды анықтау үшін салық органдарына екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдарынан қазақстандық тұтынушылардың тауарлар мен қызметтерді қай шетелдік компаниялардан сатып алатыны туралы мәліметтерді алу мүмкіндігін беру ұсынылған.
Әзірлеушілердің айтуынша, қазақстандықтарға тауарлар мен қызметтерді сататын, бірақ Қазақстан бюджетіне салық төлемейтін, тіркелмеген шетелдік маркетплейстер мен онлайн-сервистердің саны айтарлықтай көп. Құжаттағы ақпаратқа сәйкес, 100-ден астам шетелдік компания тіркеуден өту және ҚҚС төлеу бойынша міндеттемелерін орындамай отыр.
Егер түзетулерді Құрылтай депутаттары мен президент мақұлдаса, өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін маркетплейстер “Қазақстанда жасалған” таңбасы бар отандық тауарларға басымдық беруге міндеттелетіні туралы жазған едік.
Алматыда бір айлық сәбидің басына төбеден біреу қаламсап лақтырған: Полиция тексеру бастады
