Ұлттық банк Қазақстандағы бөліп төлеу тәртібін өзгертуді ұсынды: Не өзгереді
Ұлттық банк Қазақстанда бөліп төлеу тәртібін өзгерту туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық Банк бөліп төлеу мен BNPL-өнімдері ("Buy Now, Pay Later" немесе "қазір сатып ал да, кейін төле") нарығын талдау мәселесіне арналған дискуссиялық құжат жариялады.
Ұлттық банк мәліметінше, қазір Қазақстанда тұтыну тауарларынан бастап автокөлік пен жылжымайтын мүлікке дейінгі түрлі салаларда қымбат тауарлар мен қызметтердің ауқымды бөлігі бөліп төлеуге рәсімделе береді.
Ұлттық банк қаржылық және қаржылық емес бөліп төлеудің айырмашылығы бар екенін атап өтті.
- қаржылық бөліп төлеу – банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) ұсынатын бөліп төлеу;
- қаржылық емес бөліп төлеу – тауарлар мен қызметтерді сатушылар немесе қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу.
Егер мәмілеге банк немесе микроқаржы ұйымы қатысса, ол несиелік шарт болып саналады және тұтынушылық несие беруді реттеу талаптарына бағынады.
Ал қаржылық емес ұйымдар ұсынатын өнімдер азаматтық-құқықтық қатынастар аясында реттеледі, несие тарихында көрсетілмейді және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарына жатпайды. Бұл азаматтың басқа қарыздар алған кезде төлем қабілеттілігін бағалауды қиындатуы мүмкін.
Мұны түзету үшін қаржылық емес несие берушілерге сатып алушының төлем қабілеттілігін бағалау және берілген бөліп төлеу туралы ақпаратты кредиттік бюроға ұсыну міндетін енгізу ұсынылған.
Сондай-ақ қаржылық емес бөліп төлеу бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарға шекті мөлшер белгілеу және кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру ережелерін қайта қарау жоспарланған.
Қаржылық емес модельдерге, атап айтқанда, мамандандырылған провайдерлер арқылы ұсынылатын BNPL, тауарларды немесе автокөліктерді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға алу, сондай-ақ сатушылар мен құрылыс компаниялары ұсынатын бөліп төлеу жатады.
Құжатта BNPL қызметтерін реттеудің тәсілдері де қарастырылған.
Ұлттық банк мына ережерлерді енгізуді ұсынған:
- BNPL-провайдері арқылы ұсынылатын қаржыландыруды қаржылық қызмет ретінде тану;
- мәміле талаптарын ашып көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеу;
- ақпаратты кредиттік бюроларға міндетті түрде беру;
- тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын кеңейту;
- төлем қабілеттілігін бағалау және борыштық жүктеме көрсеткішін есептеу.
Бұл ретте Ұлттық банк бұл тәсілдердің әзірге алдын ала ұсыныстар екенін және талқылау қорытындысы бойынша өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
Ұлттық банк бөліп төлеуге тыйым салуды немесе банктер мен микроқаржы ұйымдарының өнімдеріне жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Талқылауға ұсынылған құжатта банк заңнамасымен реттелмейтін бөліп төлеу түрлеріне қатысты мәселелер көтерілген.
Құжаты сегіз апта бойы талқылауда болады. Жауаптар, пікірлер мен ұсыныстарды 2026 жылдың 3 қарашасына дейін [email protected] электрондық поштасына жолдауға болады. Келіп түскен ұсыныстар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жолданады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бөліп төлеу кезінде жасырын комиссиялар мен қарызға шектеу қойылатыны туралы жазған едік.
Қазақстандықтар круизбен әлем аралаймыз деп сотталған әйелге алданып қалған
