"Бөліп төлеу де несие": Қазақстандықтардың табысынан көп несие алуына тыйым салынады

Ұлттық банк қазақстандықтардың табысынан артық қарыз алуына тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда азаматтардың несиеге қолжетімділігін тікелей олардың табысына байланыстыратын жаңа көрсеткіш – "қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін" (ҚТҚ) енгізуді жоспарлануда. Яғни, егер адамның табысы жеткіліксіз болса, оған несие берілмейді.
"Егер адамның табысы 200 мың теңге болса, ол 50 миллион теңге көлемінде несие міндеттемесін алмауы тиіс. Сондай-ақ банк те оған мұндай қарыз бермеуі керек", — дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Жаңа "қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті" (ҚТҚ) осы жылдың жазында күшіне енуі мүмкін. Қазір Қазақстанда тек ай сайынғы жүктемені есепке алатын қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) қолданылады.
Ұлттық банк мәліметінше, бұл екі құрал бір-бірін толықтырып отырады.
"Қарапайым тілмен айтқанда, ҚТҚ сіздің жылдық табысыңызға қатысты қанша жалпы қарыз ала алатыныңызды көрсетеді. Ал ҚЖК – ай сайын қарызды өтеуге қанша қаражат жұмсайтыныңызды білдіреді", – дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
ОқыңызРеформаның жеке бір бөлігі қазір несиелік статистикаға жиі енбей қалатын бөліп төлеу жүйесіне қатысты. Баймағамбетовтың айтуынша, қазір бөліп төлеуді ұсынатын көздер өте көп: сатушылардың өздері бөліп төлеуге береді, банктік емес ұйымдар бар және т.б. Мұндай бөліп төлеуге алынған қарыздар көбіне реттеуден тыс қалып қояды, яғни банктер жаңа несие беру кезінде оларды көрмейді. Соның салдарынан азаматтардың нақты қарыз жүктемесі бұрмаланады.
"Бөліп төлеу жүйесін реттелетін алаңға енгізу туралы бастама бар, сонда олар туралы ақпарат кредиттік бюроға түсіп, коэффициенттерді есептеу кезінде ескеріледі. Қазір алдымен жалпы банктік емес бөліп төлеу түрлерін реттеу аясына енгізу қажет. Ал банктер беретін бөліп төлеуге келсек, ол – кәдімгі тұтынушылық несие, тек пайыз мөлшерлемесі нөлге тең немесе соған жақын болады. Сондықтан мұндай бөліп төлеу есепке алынады", — дейді Баймағамбетов.
Ұлттық банк өкілдері өзгерістердің мақсаты несие алуға тыйым салу емес, керісінше азаматтардың шамадан тыс қарыздану қаупін азайту екенін атап өтті.
"Біз жаңа құрал – “қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін” енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қаржылық сауаттылық және жеке қаржыны басқару тұрғысынан дұрыс қадам. Бірақ оны сақтықпен енгіземіз. Біздің мақсатымыз – адамдардың қарызға батып кетпеуі. Тұтынушылық несие беруді қатаңдату немесе мүлде тоқтату деген мақсат жоқ", – деді Тимур Сүлейменов.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде тұтынушылық несие мен бөліп төлеуге шектеу енгізілетіні туралы жазған едік.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ