Қазақ тіліне қатысты дауға қалған Рамиль Мухоряпов FlyArystan директорлар кеңесіне қайта сайланды
Chocofamily Holding компаниясының негізін қалаушы әрі тең иесі Рамиль Мухоряпов FlyArystan директорлар кеңесіндегі тәуелсіз директор қызметін тағы үш жылға сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рамиль Мухоряпов FlyArystan компаниясының тәуелсіз директоры қызметін сақтап қалды. Ол бұл лауазымды 2026 жылғы 11 қазаннан 2029 жылғы 10 қазанға дейін атқарады. Сонымен қатар директорлар кеңесіндегі жұмысы үшін оған берілетін сыйақы мен өтемақы көлемі де бекітілді.
Бұл шешімді FlyArystan-ның жалғыз акционері — Air Astana қабылдаған. Мухоряпов алғаш рет компанияның директорлар кеңесіне 2023 жылдың қыркүйегінде сайланған.
FlyArystan директорлар кеңесінің құрамына Мухоряповтан бөлек Air Astana бас директоры Ибрахим Жанлыел және FlyArystan президенті Йохан Эйдхаген кірді. Жанлыел директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Акционер компанияны қаржыландыру мен флотын кеңейтуге қатысты да шешім қабылдады.
FlyArystan Air Astana пайдасына құны 4 мың теңгеден болатын 2 млн жай акция орналастырады. Осылайша орналастырудың жалпы көлемі 8 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар FlyArystan операциялық лизингке Airbus A320neo ұшағын алады. Ұшақты жеткізу 2026 жылдың қарашасына жоспарланған, ал лизинг мерзімі – 8 жыл.
Бастапқыда бұл ұшақты Air Astana операциялық лизингке алуы жоспарланған. Алайда кейін лизинг алушы ретінде FlyArystan белгіленді. Ал Air Astana лоукостердің лизинг шарты бойынша төлем міндеттемелеріне кепіл болады.
Акционердің барлық шешімі бірауыздан қабылданған.
Еске салайық, 2022 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповқа қатысты жанжал туындаған еді. Желіде Ресейден қоныс аударушылармен кездесудің видеосы тарап, Мухоряпов жиналған қауым алдында сөз сөйлеген. Рамиль Мухоряпов ресейліктерге оларды түсіне тұра қазақ тілінде жауап беру "біртүрлі және бұл ұлтшылдықтың белгісі" деп айтқан еді. Спикердің бұл пікірі желі қолданушыларының ашуын тудырды.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
