Қазақстан әуежайлары қандай заңдарды бұзды және бұл үшін оларды қалай жазалады

Соңғы жылдары Қазақстандағы бірқатар ірі әуежайларға түрлі себептермен айыппұл салынып жатыр. Бірі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзса, енді бірі авиаотын бағасын негізсіз көтерді деп жауапқа тартылған. Әуежайларға салынған миллиондаған айыппұл шын мәнінде мәселелерді шешуге көмектесе ме? Stan.kz тілшісі сот істерін зерттеп, салынған айыппұлдарға шолу жасады.

“Авиаотынды нарықтан жоғары бағада сатып айыппұл алған әуежайлар”
Қостанайдың Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайы
Қостанай облысы, Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты "Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамына қатысты істі қарады. Әуежайға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-бөлігі (нарықта үстемдікке ие компания өз жағдайын теріс пайдаланып, бәсекелестікке кедергі келтіру) бойынша айып тағылған.
Алдымен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті әуежайға тексеру жүргізді. Нәтижесінде "Қостанай халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамы облыстағы авиациялық отын нарығында үстемдікке ие екені анықталды, яғни оның нарықтағы үлесі 35%-дан жоғары. Сондай-ақ, тергеу кезінде әуежайдың өз үстем жағдайын пайдаланып, авиациялық отынға заңсыз жоғары баға қойғаны анықталды. Департамент соттан әуежайды жауапкершілікке тартуды сұрады.
Тергеу барысында әуежай аумағында авиациялық отынды сақтайтын резервуарлар бар екені анықталды. Сондай-ақ, әуежай авиаотын бағасын өздері белгілегені белгілі болды, баға ішкі бұйрықтармен бекітілген. Ішкі тұрақты рейстер мен тұрақты емес рейстер үшін авиаотын тоннасының бағасы 25 мың теңгеге өскен. Дегенмен орташа баға 634 479 теңгеден 561 492 теңгеге дейін төмендеген. "ҚазМұнайГаз-Аэро" компаниясының бағасымен салыстырғанда, әуежайдағы баға 416 141 теңгеден 361 964 теңгеге дейін төмендеген. Яғни, Қостанай әуежайының бағасы нарықтағы бәсекелік бағадан жоғары болып шықты. Жалпы, әуежай осыдан 8 140 971 теңге таза монополиялық табыс тапқан.
Сотта әуежай өкілі де құқық бұзушылық болғанын мойындап, жиналған дәлелдерге қарсылық білдірмеді. Осы фактілерді ескере отырып сот:
“Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы" әкімшілік жауапкершілікке тартылсын. Жаза 8 421 234 теңге айыппұл, сонымен қатар 8 140 971 теңге монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленсін”, – деген қаулы шығарды.
Жалпы мемлекетке төленетін сома – 16 562 205,84 теңге.
Монополиялық жоғары баға деген не?
Кәсіпкерлік кодексінің 175-бабына сәйкес, монополиялық жоғары баға дегеніміз – тауардың бағасы оның өндіріс шығыны мен қалыпты пайдасынан жоғары болған жағдайда белгіленетін баға.
Әзірет Сұлтан атындағы Түркістан халықаралық әуежайы
Осындай жағдай Әзірет Сұлтан атындағы Түркістан халықаралық әуежайында да болған. Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы әуежайға қатысты істі қарады.
Бәсекелестікті қорғау департаменті 2024 жылғы 1 наурыздан 2025 жылғы 31 наурызға дейінгі аралықта әуежайдың әрекеттерін тексерді. Тексеру нәтижесінде әуежайдың монополиялық жағдайын теріс пайдалану белгілері анықталды. Әуежай мен "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС арасындағы келісімшартта резервуарларды жалға беру, мұнай өнімдерін сақтау және әуе кемелерін жанармаймен қамтамасыз ету қызметтері көрсетілген. Келісімшартқа сәйкес әуе кемелеріне жанармай құю қызметі үшін роялти 13% мөлшерінде белгіленген.
Әуежайдың өкілдері келісімшарттың заңға сай екенін, барлық төлемдер қосымша қаржылық мақсатсыз, инфрақұрылымды дамытуға және қызметкерлерге жалақы төлеуге бағытталғанын айтты. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе бойынша роялти – яғни "сату құқығы үшін төлем" келісіммен жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Ал департамент болса, әуежай авиаотынды бөлшек саудада өткізу нарығында үстемдік жасап, басқа жеткізушілерге экономикалық жағынан қолайсыз шарттар қойғанын алға тартты. Әуежай "сату құқығы үшін төлем" арқылы қосымша қаржылық жүктеме жасап, бағаның өсуіне әсер еткен. Бұл басқа нарық қатысушылары үшін теңсіз жағдай туғызады.
2024 жылғы 1 наурыз – 2025 жылғы 31 наурыз аралығында әуежай 286 322 970,4 теңге кіріс алған. Жанармай құю қызметі үшін серіктестікке 13% роялти төленген. Әуежай резервуарларды жалға беру қызметінен 97 245 760 теңге пайда тапқан. Заңда авиаотынды өткізу құқығы үшін алым нормативтік түрде белгіленбеген. Алайда әуежай өз монополиялық жағдайын пайдаланып, қосымша төлем талап еткен.
Сот әуежайдың әрекеттерін Қазақстанның бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу деп таныды. Әуежай өкілдерінің кінәсіздігі туралы уәждері негізсіз деп бағаланды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігін негізге ала отырып, яғни монополиялық немесе үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік нормасына сәйкес, сот әуежайдың осы әрекеттерінен түскен жалпы кірісін есептеп, оның 5%-ы мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Айыппұлдың мөлшері – 14 316 148 теңге.
Ақтау халықаралық әуежайы
Бәсекелестік заңнамасын бұзды деген күдікпен Ақтау халықаралық әуежайы да сотта жауап берді. Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ-на қатысты әкімшілік ісін қарады.
Маңғыстау облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті жүргізген тексеру барысында әуежай авиациялық отынды сақтауға арналған резервуарларды жалға беру қызметінде монополиялық жағдайға ие екені анықталды. 2021 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың шілдесіне дейін әуежай осы қызмет нарығында 100% үлеске ие болған. Департаменттің қорытындысы бойынша, әуежай қызметке монополиялық жоғары баға қойған. Бағаларды салыстыру үшін Атырау халықаралық әуежайының деректері қолданылған. Нәтижесінде, 2021 жылы кейбір авиакомпаниялар үшін баға 2,6–4,3 есе, ал 2022 жылы 2,2–3,5 есе жоғары болған.
Есептеулер бойынша, әуежайдың монополиялық табысы 2021 жылы 67,3 миллион теңге, ал 2022 жылдың алғашқы жеті айында 71,4 миллион теңгені құраған. Жалпы алынған табыс 415,8 миллион теңге деп бағаланған. Департамент әуежай әрекеттерін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-бөлігі бойынша монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағалап, соттан жауапкершілікке тартуды сұраған.
Алайда сот іс материалдарын зерттей келе, әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткенін анықтады. Заң бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылық анықталғаннан кейін заңды тұлға екі ай ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл жағдайда құқық бұзушылық 2024 жылдың маусымында анықталғанымен, әкімшілік хаттама тек 2025 жылдың тамызында жасалған.
Сондықтан сот "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ-на қатысты әкімшілік істі мерзімінің өтуіне байланысты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Қызылорда облысының Қорқыт Ата әуежайы
Дәл осындай заңбұзушылықты Қызылорда облысы бойынша жұмыс істеп тұрған Қорқыт Ата әуежайы да бұзған. Ол да 174-баптың 1-тармақшасы бойынша жауапқа тартылды.
Әуежайға – 7,3 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 2,5 миллион теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне өндірілді. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нұсқама беріп, авиаотын бағасын бір тоннасы ҚҚС-сыз 780 мың теңгеден 533 750 теңгеге дейін төмендетілді.
Абай Құнанбаев атындағы Семей әуежайы
Абай облысы Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Абай Құнанбаев атындағы "Семей халықаралық әуежайы" ЖШС-не қатысты істі қарады.
Іс Абай облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің шағымы негізінде қозғалған. Департаменттің мәліметінше, әуежай Семей әуежайы аумағында авиаотынды бөлшек сату нарығында үстем жағдайды пайдаланып, монополиялық жоғары баға белгілеген.
Тексеру 2022 жылғы қаңтардан 2025 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңді қамтыған. Нәтижесінде, әуежай кейбір кезеңдерде авиаотын бағасын өзіндік құн динамикасын ескермей көтеріп, жоғары пайда алғаны анықталған. Істе көрсетілгендей, Семей әуежайы аумағында авиаотынды сатумен "Семей халықаралық әуежайы" ЖШС мен "ҚазМұнайГаз-Аэро" ЖШС айналысады. Ал "K-Company" ЖШС көтерме жеткізуші ретінде қызмет көрсетеді.
Тергеу қорытындысына сәйкес, монополиялық жоғары баға белгілеу кезеңінде алынған жалпы табыс 293,6 миллион теңге болған. Оның ішінде монополиялық табыс көлемі 8,5 миллион теңгеден асқаны анықталған.
Сот әуежайдың әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-бөлігі бойынша заң бұзушылық деп таныды. Нәтижесінде сот 8,8 миллион теңге айыппұл салу және 8,5 миллион теңге монополиялық табысты мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

“Өрт қауіпсіздігін бұзып, тіркелмеген дәрілерді сақтаған”: Әуежайларға тағы қандай себеппен айыппұл салынды?
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы
Одан бөлек соңғы жылдары әуежайлардың басқа да талаптарды орындамағаны үшін жауапқа тартылған кездері болған. Мәселен, былтыр Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-на қатысты әкімшілік істі қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 16 тамызда Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті әуежайға инспекторлық нұсқама берген. Онда заңнама талаптарының бұзылуын жою керектігі айтылған. Нұсқамада жерүсті қызмет көрсету саласында бірнеше кемшілік анықталған: перрондық қызметкерлер жеткіліксіз, арнайы техника саны аз, әуе кемелеріне қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік талаптары толық сақталмаған.
Тексеру кезінде қызметкерлер тапшылығы мен техниканың жеткіліксіздігі салдарынан әуе кемелерінің зақымданған жағдайлары тіркелгені анықталған. Бұл туралы авиакомпаниялар – SCAT, FlyArystan және Air Astana – шағым білдірген. Олар зақымданған ұшақтар рейстердің кешігуіне және жөндеу шығындарының артуына себеп болғанын хабарлаған.
Инспекторлық нұсқама бойынша әуежайға мерзім берілген. Ол тіпті кейін екі рет ұзартылған. Соған қарамастан, жоспарланған 16 шараның 5-еуі орындалмаған: жерүсті қызмет көрсету персоналының санын арттыру, ұйымдық құрылымды өзгерту және қажетті арнайы техниканы сатып алу мәселелері шешілмеген.
Әуежай өкілдері сотта кейбір шаралар қабылданғанын айтты. Олар багаж тиеу техникасын, багаж тартқыш тракторларды және басқа да арнайы техникаларды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізгенін, бірақ кейбір конкурстар нәтижесіз өткенін жеткізді. Сондай-ақ акционерлердің ауысуы, директорлар кеңесінің бірнеше рет өзгеруі және ұйымды сенімгерлік басқаруға беру шешім қабылдауды қиындатқанын айтты.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды. Соттың пікірінше, инспекторлық нұсқама заңды түрде берілген және оны міндетті түрде орындау керек. Әуежай нұсқамаға заңда көрсетілген тәртіппен шағым түсірмеген. Сот барлық материалдарды зерттей отырып, әуежай мемлекеттік бақылау органының заңды талабын орындамаған деп қорытындылады. Осыған сәйкес, сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі (мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптарын орындамау) бойынша әуежайды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот қаулысымен әуежайға 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 966 000 теңге айыппұл салынды.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – тағы бір іс
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-на қатысты тағы бір әкімшілік істі қарады.
Іс материалдары бойынша, Астана қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті әуежайды тексерді. Тексеру барысында әуежай мемлекет меншігіндегі жер учаскесінің бір бөлігін заңсыз пайдаланғаны анықталды. Әуежай аумағында, Қабанбай батыр даңғылы жағынан, екі шлагбаум орнатылып, шамамен 1,6 гектар жер автотұрақ ретінде қолданылған. Алайда бұл жер әуежайға ресми түрде берілген учаске шекарасына кірмейді және мемлекет меншігінде екені белгілі болды. Департамент мәліметіне сәйкес, әуежай бұл жерді ақылы автотұрақ ретінде пайдаланып, көліктердің еркін кіруіне кедергі жасаған. Яғни, жер учаскесі тиісті тіркеусіз қолданылған.
Әуежай өкілі сотта айыптауға келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, 2015–2017 жылдары "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында терминалды жаңарту жобасы іске асырылған. Сол кезде кей жерлерге қатысты құжаттар толық рәсімделмеген. Кейін мәселе реттеліп, 2025 жылғы 10 ақпанда жер учаскесіне паспорт алынған. Әуежай құқық бұзуға ниеттенбегенін айтты.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды. Жерді мемлекеттік тіркеусіз пайдалану заңға қайшы, бұл әрекет жерді өз бетінше иелену болып есептеледі. Сот барлық дәлелдерді қарап, әуежайдың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабын бұзғанын анықтады. Бұл бап жерді тіркеусіз пайдалану үшін жауапкершілік қарастырады.
Сот "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-на 700 айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 584 400 теңге айыппұл салды.
Өрт қауіпсіздігін сақтамаған Алматы әуежайы
2025 жылы Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Алматы халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамына қатысты істі қарады. Әуежай үстінен арызды Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасы жазған. Басқарма бұрын анықталған бұзушылықтардың жойылған-жойылмағанын білу үшін әуежайға жоспардан тыс тексеріс жүргізген.
Тексеру нәтижесінде 2025 жылғы 18 ақпанда берілген №258 нұсқама толық орындалмағаны анықталған. Бұл нұсқама өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуды жою туралы болған. Тексеру барысында әуежайдан келесі заң бұзушылықтар анықталған:
- Контейнерлердің орналасуы дұрыс емес.
Air Astana centre ғимаратының батыс жағында контейнерлер жақын орналасқан. Өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша контейнерлер мен ғимараттардың арақашықтығы кемінде 18 метр болуы керек, бірақ бұл талап сақталмаған.
- Ғимараттардың жоспарлау құрылымына өзгерістер енгізілген.
Бұл өзгерістердің салдарынан:
– автоматты өрт дабылы жүйесінің қамту аймағы азайған;
– автоматты өрт сөндіру жүйесінің тиімділігі төмендеген.
- Бұл заң бұзушылықтар СВХ қоймасы (кедендік курьерлік қызмет) мен халықаралық Т-2 терминалында да (багаж бөліміндегі 1–8 тұрмыстық бөлмелер) анықталған:
- Ішкі өрт крандары істен шыққан.
Сот отырысына WhatsApp мобильді байланысы арқылы қатысқан әуежай өкілі А.Т. Джазыбаев әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген жағдайларды растады. Ол нұсқамада көрсетілген талаптардың кейбірі орындалмағанын мойындады.
Сот әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша қатысушының түсініктемесін тыңдап, істің барлық материалдарын зерттеп, келесі қорытындыға келді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес, егер ұйым мемлекеттік бақылау немесе қадағалау органдарының заңды талаптарын, нұсқамаларын немесе қаулыларын орындамаса немесе дұрыс орындамаса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сот әуежайға 500 АЕК, яғни 2 162 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Заң бойынша әуежай жұмысын тоқтату да мүмкін еді. Бірақ әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты бұл шара қолданылмаған.
Ақтау халықаралық әуежайы – мерзімі өткен, тіркелмеген дәрі-дәрмек сақтаған
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ-ға қатысты әкімшілік іс қарады. Анықталғандай, 2025 жылғы 11 ақпанда Маңғыстау көлік прокуратурасы және Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мамандары әуежайдың медициналық пунктін тексерген. Нәтижесінде әуежайда Қазақстанда тіркелмеген дәрілер мен медициналық бұйымдар, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен препараттар сақталғаны белгілі болды.
Мысалы:
- Эуфиллин 24 мг/мл (5 мл) – 1 флакон, жарамдылық мерзімі 2025 жылдың қаңтарына дейін;
- Bioflokage Budget көктамыр канюлясы – 1 дана, жарамдылық мерзімі 2023 жылдың желтоқсанына дейін;
- Диопамин ампулалары – 8 дана, жарамдылық мерзімі 2027 жылдың қаңтарына дейін;
- Стерильді таңғыш пакеттері – 4 дана, жарамдылық мерзімі 2029 жылдың бірінші тоқсанына дейін.
Әуежай бұл дәрі-дәрмектер мен құралдарды қалалық дәріханалардан сатып алғанын, бірақ сатып алу кезінде жарамдылық мерзімі мен тіркеу нөмірлерін тексермегенін түсіндірді.
Соттың пікірінше, тіркелмеген немесе мерзімі өткен дәрілерді сақтау мен қолдану Қазақстанның денсаулық сақтау заңдарын бұзу болып саналады. Мұндай әрекет әуежай қызметкерлері, ұшу экипажы, жолаушылар мен келушілер үшін қауіпті. Әуежай стратегиялық нысан болғандықтан, бұл заң бұзушылық ерекше қауіпті деп бағаланды.
Сот "Ақтау халықаралық әуежайы" АҚ-ны кінәлі деп таныды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 3-бөлігін қолданды. Әуежайға ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 5 898 000 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа қатысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тәркіленіп, жойылды.
Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты "Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы" АҚ-ның шағымын қарады.
2025 жылғы 20 қарашада Энергетика министрлігінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті әуежайды әкімшілік кодекстің 301-бабы 1-бөлігі (күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын уақытында алмағаны үшін) бойынша жауапкершілікке тартқан. Себебі әуежай күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындық паспортының белгіленген мерзімде алынуын қамтамасыз етпеген. Осыған байланысты әуежайға 5 898 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Әуежай соттан бұл шешімді жоюды сұрады. Себебі компания бұл айыппұл заңсыз деп санайтындарын жеткізді. Айтуларынша, істі департаменттің лауазымды тұлғасы қараған. Ал олар алдын ала сотқа беруді сұраған. Жалпы құжатқа байланысты дайындық актісі жасалған, комиссия жұмыс істеген. Бірақ құжатты қол қоюға уақыт жетпеген. Компания барлық мүмкін шараны жасағанын, электр желілерін беру мәселесі бойынша сыртқы ұйымдарға бірнеше рет жүгінгенін, бірақ мәселенің шешілмегенін жеткізді. Атап айтқанда әуежай электр желілерін беру мәселесі бойынша бірнеше рет АО "Атырау Жарық" пен "Батысаралық электр желілері" АО "KEGOC"-ке жүгінген. Бірақ мәселе шешілмеген.
Ал Энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті департамент болса керісінше, компания энергия жеткізуші ұйым болғандықтан паспортты уақытында алу міндетті деп түсіндірді. Паспорт рәсімделмегені нақты әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Құжаттарды портал арқылы дұрыс тапсыру да жасалмаған.
Сот істі қарап, барлық құжаттар мен түсініктемелерді зерттеді. Сот түсінгені бойынша, компания комиссия құрған. Дайындық актісі бар, бірақ ресми паспортты уақытында алу міндеті орындалмаған. Компанияның ішкі құжаттары немесе комиссияның актілері ресми заңмен бекітілген паспорттың орнына жарамайды. Сондықтан компания айыппұл төлеуден босатылмайтын болды.
Сот шешімі бойынша айыппұл толық өндірілмей, 30%-ға азайтылды. Компания 4 128 600 теңге айыппұл салынды.
“Әуежайлардың инфрақұрылымды ұстап тұруға табысы жетпейді”
Экономист, еркін сарапшы Денис Кривошеевтың айтуынша, бүгінде елдегі әуежайлар жеткілікті қаржыландырылып жатқан жоқ.
“Олардың инфрақұрылымды дұрыс деңгейде ұстап тұруға табысы жетпейді. Көп әуежайлар шығынын өз табысымен жаба алмайды, яғни өзін-өзі ақтамайды. Сол себепті олар бюджеттен бөлінетін қаржыға сүйенеді. Сонымен қатар, әуежайлардың табыс табатын мүмкіндіктері азайып бара жатыр. Бұрын өз аумағында жанармай сатып пайда тапса, қазір ондай мүмкіндіктер шектелуде. Алдағы уақытта кейбір әуежай қызметтерін көрсету құқығынан да айырылуы мүмкін. Нәтижесінде оларға табыс әкелетін тек ұшақ тұрағы, ұшу-қону жолағы және рулеж жолдары ғана қалуы ықтимал. Бірақ бұл орта және шағын әуежайларға толық жұмыс істеуге жеткіліксіз”, – деді маман.
Сарапшы республика аумағында авиациялық хабтар құру туралы ұсыныстар айтылғанымен оны орындау да қиындық тудыратынын жеткізді.
“Қазіргі географиялық және көлік жағдайларын ескерсек, мұндай жобаларды жүзеге асыру оңай емес. Елді транзиттік аялдама ретінде пайдалану үшін өте арзан жанармай беру керек. Бірақ арзан жанармай беру бәріне бірдей тиімді емес. Мұндай жағдайда әуе компаниялары немесе әуежай табысынан айырылады, бюджетке түсетін қаржы азаяды. Себебі өңделген жанармайдан мемлекет те пайда көрмей қалады. Қысқасы, жанармайдан немесе басқа да мүмкіндіктерден коммерциялық табыс табуға қолайлы жағдай жасалмай отыр.
Оның үстіне біз негізгі көлік жолдарының бойында тұрған жоқпыз. Хаб тек Ресей мен Қазақстан шекарасына жақын жерде ғана құрылуы мүмкін. Оның өзінде Ресейдің импорт пен экспортқа қатысты қиындықтарына байланысты пайда болып отыр. Яғни кейбір тауарлар мен бағыттар өзгергендіктен, біздің аймақ арқылы уақытша балама жолдар қолданылады. Егер Ресейдегі сауда мәселелері шешіліп, бұрынғы жеткізу жолдары қайта қалыпқа келсе, онда біздің бағыттар арқылы өтетін тасымал азаюы мүмкін. Сол кезде бұл маршруттардың маңызы да төмендейді”, – деп қосты ол.
- Қазақстанда Boeing ұшақтарына қызмет көрсететін орталық ашылады
- Қазақстандықтар үшін шетелге демалуға ең тиімді айлар аталды
“Жүк ұшақтары ұшу-қону жолағына қатты салмақ түсіріп, тоздырады”
Маманның айтуынша министрлік қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Алайда елде оны іске асыратын кәсіби мамандар жеткіліксіз.
“Техникалық жағынан алғанда, республика әуежайлары негізінен талапқа сай. Мысалы, Алматы әуежайы күрделі ауа райында да, қалың тұманда да ұшақ қабылдай алады. Яғни қазіргі міндеттер мен бар қаржы көлеміне қарай техникалық мүмкіндіктер жеткілікті. Дегенмен басқару мәселелері бар. Мәселен, Астанада екінші ұшу-қону жолағы жоқ. Бұл елорда әуежайы үшін үлкен кемшілік. Әсіресе ауа райы жиі құбылатын, ұшу жағдайы тәуекелді аймақта бұл өте маңызды. Себебі екі жолақ болса, бірі мұз болып қатса, екіншісін тазалап пайдалануға болар еді. Немесе бір жолақ тозып, жөндеуді қажет етсе, оны уақытша жауып, екіншісі арқылы жұмыс істеу тиімді болар еді”, – деді ол
Денис Кривошеев осы тұста жүк ұшақтарына да көп назар аударылуы керек екенін тілге тиек етті.
“Жалпы қауіпсіздік тұрғысынан тағы бір мәселе бар. Қазақстан әуежайлары соңғы жылдары жүк ұшақтарынан тез табыс табуға тырысты. Бірақ жүк ұшақтары өте ауыр болады. Олар қонғанда да, ұшқанда да ұшу-қону жолағына қатты салмақ түсіреді, тез тоздырады. Бұл жалпы жолмен жүретін ауыр жүк көліктері сияқты, олар жолды тез бұзады. Яғни, жүк ұшақтары өте ауыр болғандықтан, қонғанда ұшу-қону жолағына зақым келтіреді. Әуежайлар қысқа мерзімді пайда табады. Бірақ кейін жолақты қалпына келтіруге үлкен шығын шығаруы тиіс. Шындығында, әуежайлардың негізгі мақсаты жүк емес, жолаушыларға қызмет көрсету болған. Сондықтан жүк хабтарын құру басты міндет емес, бастысы – жолаушыларды қамтамасыз ету. Жалпы, бұл салада ережелер салыстырмалы түрде дұрыс жұмыс істейді”, – деді ол.
“Бұл айыппұлдардың еш әсері жоқ: Керісінше, әуежайларды қорғау керек”
Маманның айтуынша, осындай мәселелерге қарамастан әуежайлар өз қаражатын өздері қамтамасыз етуге тырысады. Ал билет бағасының көтерілуі отын мен басқа мәселелерге емес, ұшақ санының аз болуына байланысты.
“Көп жағдайда әуе компаниялардың өз отын қоймалары бар. Мысалы, Шымкент, Астана, Алматы сияқты негізгі авиа орталықтарда негізгі цистерналары бар. Олар өздері отынды сатып алып, өздері пайдаланады. Сондықтан әуежайдың бұл тұрғыдағы табысы туралы айтар әңгіме көбіне миф. Халықаралық рейстерден әуежайлар біраз табыс табуы мүмкін, бірақ бұл қалыпты коммерциялық іс. Сол себепті “әуежай ақша таппауы керек” деген ой мағынасыз көрінеді. Яғни, билеттер қымбат немесе арзан болуының басты себебі – әуежай емес, әуе компанияның өз жұмыс тиімділігі. Мысалы, жаңа аэробустарды сатып алу кейде үлкен қиындықтар мен рейстердің тоқтауына әкеледі. Қазір Алматы әуежайында бес-алты ұшақ ұшпай тұр, бұл сұранысқа әсер етеді. Яғни ұшақ саны аз болса, билеттердің бағасы көтеріледі”, – деп түсіндірді ол.
Маман әуе компанияларында бюрократия, кейде жемқорлық пен басқа да қиындықтар бар екенін жасырмады.
“Негізгі мәселе – әуе акомпаниялардың өзіндегі басқару жүйесі. Мысалы, үкімет көбінесе тек айыппұл салады. Бұл айыппұлдар әуе компанияларға немесе әуежайларға елеулі әсер етпейді. 5-7 миллион теңге олар үшін мүлде ауырлық тудырмайды. Шындығында, егер әуежай қызметінің бағасы дұрыс коммерциялық тұрғыда есептелсе, ешқандай заң бұзушылық болмайды. Ал шағын әуежайларда адамдар аз табыс табады. Бәрі бюджетке немесе әкімдіктің қаржылай қолдауына тәуелді. Мұндай әуежайларды айыптау ешқандай пайда әкелмейді. Кейде үкіметтің мұндай тәсілдері құдды “әуежайларға қарағанда әуе акомпаниялар маңызды” дегендей көрінеді. Бірақ шын мәнінде керісінше әуе акомпаниялар уақытша келеді де кетеді, ал инфрақұрылым қалады. Мемлекет осы логиканы түсінсе дейміз. Әуежайларды қорғау, олардың инфрақұрылымын сақтау – ең басты нәрсе”, – деп қорытты ол.
"Ай сайын ит-мысықты асырауға 8 миллион теңге жұмсаймын": Қазақстандық панажай иелері далада қалған жануарларды қалай асырайды