Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғарыш саласын таңдадым": Қазақстандық оқушыны әлемнің 117 университеті бірден оқуға шақырды

әлемнің 117 университетінен шақырту алған
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Шымкенттік оқушыны әлемнің 117 университеті бірден оқуға шақырды. АҚШ, Еуропа және Азияның үздік жоғары оқу орындары Дастан Рақыманбердіге грант пен арнайы қолдау ұсынуға дайын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол халықаралық хакатондар мен олимпиадалардағы жеңістерімен ерекше көзге түскен. Жас түлектің табандылығы, тәртібі және білімге деген құштарлығы әлемнің беделді университеттеріне жол ашты.

Дастан Рақыманберді Шымкенттегі №2 мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі. Оған 12 елдің университеттерінен ұсыныс келіп түскен. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Малайзия сияқты елдердің оқу орындары грантпен оқытуға немесе айтарлықтай жеңілдіктер беруге дайын. 

“Мен инженерия, механика, ғарыш саласына қатысты бағытты таңдадым. Себебі бұл салалар Қазақстанда дамып келеді және оны әрі қарай дамытуға болады. Қазір жасанды интеллект көптеген мамандықты алмастыруы мүмкін. Ал инженерия адам еңбегіне негізделген маңызды сала”, – деді Дастан.

Мұғалімдердің айтуынша, бұл жетістіктер ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбектің нәтижесі. Дастан SAT және IELTS емтихандарынан жоғары балл жинап, астрофизика бойынша республикалық олимпиадада топ жарған. Сондай-ақ ол халықаралық және республикалық хакатондарда жүлделі орындарға ие болды. Ал ең үлкен жетістіктерінің бірі – NASA ұйымдастырған жобаларға қатысып, жеңімпаз атануы.

 “Дастан өте зерек, еңбекқор оқушы. Сабақтан қалмай, үнемі белсенді қатысып отырды. Өз еңбегінің арқасында үлкен жетістікке жетті”, – деді математика пәнінің мұғалімі Райхан Калжан.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, Дастан – жалғыз емес. Биыл Шымкенттен шамамен 50 түлек шетелдік университеттердің грантын жеңіп алған.

“Биылғы оқу жылында оқушылар халықаралық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетті. Дубайдағы робототехника жарысында бірінші орын алды. Сонымен қатар республикалық олимпиадаларда да жеңістер бар”, – деді №2 мамандандырылған мектеп-интернат директоры Сапарғали Сауранбаев.

Қазір Дастан болашағын жоспарлап жүр. Оның алдында әлемнің 116 университетінен бас тарту сияқты қиын таңдау тұр.  

Stan.kz
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 16:53