Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады

Сәбиді босандырып жатқанда құлатып алған
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Алматы облысында туғанына небәрі бес күн болған нәресте көз жұмды. Марқұм сәбидің туысының айтуынша, босану бөлімесіне мүгедектер арбасымен апара жатқанда әпкесінің сәбиі сол сәтте дүниеге келіп, еденге құлап кеткен. Кейін нәрестенің миына қан құйылып, ота жасалғанымен аман алып қалу мүмкін болмаған. Қазір оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталып, туыстары істің әділ тергелуін талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиғаның қалай болғанын Бибінұр есімді желі пайдаланушысы жазды. Айтуынша, дәрігерлер босандырар кезде тиісті қауіпсіздік шарасын орындамаған.  

“Кеше мен жиенімді жоғалттым. Бала небәрі 5 күн ғана өмір сүрді”, – деп жазды ол. 

“Сәби дүниеге келіп жатқанда арба қозғалып ол жерге құлаған”

Бибінұр оқиғаның қалай болғанын редакциямызға толығырақ айтып берді. 

“Менің әпкем Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы перзентханада босанды. Оның толғағы өте жылдам басталған. Оны арнайы босану төсегінде емес, мүгедектер арбасымен босану бөліміне апара жатқан. Негізі зембіл болуы керек еді. Сол сәтте сәби кенеттен дүниеге келіп, арба қозғалып тұрған кезде жерге құлап кеткен. Медициналық қызметкерлер тиісті шара қолданбаған. Керісінше бәрі жақсы екенін айтып сәбиді анасына берген.

Бірнеше сағаттан кейін педиатр мен реаниматолог анасына баланың жағдайы жақсы екенін айтқан. Алайда біраз уақыттан соң нәрестенің денесі көгеріп, оттегі жетіспеушілігінің белгілері байқалған. Дәрігерлер оған шамамен 15–20 минут оттегі беріп, кейін қайтадан анасының қасына әкелген. Бірақ сәби қайтадан көгеріп, тыныс алуы қиындаған”, – деп баяндады ол. 

Жиенінің жағдайы келесі күні таңертең ауырлай түскен. Бибінұрдың айтуынша келесі күні ғана дәрігерлер оның жағдайына алаңдай бастаған. 

“Келесі күні бала тамақ ішпей қойды. Тыныс алуы да қиындаған. Дәрігерлер компьютерлік томография (КТ) жасау туралы шешім қабылдады. Кейін олар нәрестенің миына қан құйылғанын айтып, оған шұғыл операция қажет екенін хабарлады. Содан кейін баланы ота жасау үшін ГРЭС-тегі облыстық ауруханаға жеткізген. Басқа аурухананың дәрігерлері сәбидің сол кезде-ақ жарақатпен түскенін айтты. Ол жақта дәрігерлер операция жасағанымен, үш күннен кейін сәби қайтыс болды. Оны аман алып қала алмады”, – деп жазды ол. 

 “Мұқият болуға шақырамын”

Алматылық өзге әйелдерге осындай жайттардың алдын алуға, мұқият болуға шақырды. 

“Біз барлық тиісті органдарға арыз жазамыз. Бірақ сонымен қатар барлық болашақ аналарды ескерткім келеді. Мұқият болыңыздар, сақ болыңыздар. Біздің отбасымызда болған жағдай ең алдымен денсаулық сақтау жүйесіндегі салғырттықтың және өз ісіне жауап бере алмаудың салдары.

Дәрігерлер үйге келіп, кешірім сұрап, өз кінәсін мойындады. Алайда мұнымен сәбиді кері қайтара алмаймыз. Біз бәрібір тергеудің нәтижесін күтеміз. Мен ешкімді кінәлағым келмейді. Тек басқа босанатын әйелдерге сақ болуға және өздеріне тиісті деңгейде назарды талап етуге кеңес бергім келеді”, – деп қорытты ол. 

Stan.kz тілшісі оқиғаға байланысты Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан пікір сұрап көрді. Ведомство қазір тексерістің басталғанын мәлімдеді. 

“ШЖҚ "Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы" КМК әлеуметтік желілерде жарияланған жарияланымға байланысты төмендегіні хабарлайды. Аталған жағдай бойынша ШЖҚ "Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы" КМК-де медициналық көмектің көрсетілу сапасына ішкі аудит, сондай-ақ өтініште көрсетілген фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Қорытынды тұжырымдар ішкі тергеп-тексеру нәтижелері, медициналық құжаттамаға жүргізілген сараптамалық бағалау және уәкілетті сараптамалық ұйымдардың қорытындылары негізінде жасалатын болады. Барлық тексеру іс-шаралары аяқталып, түпкілікті қорытындылар алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады”, – деді ведомство. 
Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 16:48