"16 жасында алып қашты": Марқұм Мадинаның анасы қызының өліміне қатысты күмәнін айтты

19 жастағы Мадина Рашидқызының анасы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қызының қазасына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мадинаның анасы әңгімесін қызының отбасылық өмірінен бастады. Оның сөзінше, Мадина болашақ күйеуімен интернет арқылы танысқан.
“16 жасында алып қашты”
Анасы бастапқыда бұл некеге қарсы болғанын және қызын “алып қашып кеткенін” айтты. Алайда кейін Мадинаның өзі жігітпен бірге қалу туралы шешім қабылдаған.
“Күйеу бала жұмыссыз, 23 жаста болды. Ал қызым 18 жаста еді, ертең 19 жасқа толар еді. Оны 16 жасында алып қашты. Біз қалдырмаймыз деп шешіп едік, қызым өзі қаламын деді”, – дейді марқұмның анасы.
Анасы қызының қайтыс болғанын Мадинаның құрбысынан естіген. Оның айтуынша, жерлеу рәсіміне марқұмның күйеуі де, күйеуінің туыстары да келмеген.
“Бүгін қызымды жерледік. Жаназаға ешқайсысы келмеді. Қызымның денесін алып кетіп бара жатқанда “күйеу бала өлтірді” деп айтып кеттім. Олардың жаны қиналып тұрған жоқ қой, бәрібір. Қызым ақкөңіл еді, жастай кетті”, – деді ол.

“Бет-ауызы көгеріп, көк ала қойдай болған”
Мадинаның жеңгесі Аяжан Сейілбекқызы қайынсіңлісінің денесін өз көзімен көргенін айтты.
“Мәйітті басынан аяғына дейін көрдім. Шашы сабан-сабан, қораның ішінде ұрған ба деп ойладық. Денесін сүйреген деп ойладық, себебі аяғынан беліне дейін сырылған. Арқасында шыбықтың іздері бар, ұрған болуы керек. Бүйрегі ісіп кеткен, көкпеңбек болып тұрды. Бет-ауызы көгеріп, көк ала қойдай болған. Оны суретке де түсіріп алдық. Тырнақтары қап-қара болып кеткен”, – дейді ол.
Анасына видео келген
Аяжан Сейілбекқызының айтуынша, қыз қайтыс болардан көп ұзамай анасының WhatsApp-ына Мадинаның аккаунтынан видео келген. Құрбысының айтуынша, видеода көйлектің етегі көрінеді, ал адам белгілі бір биіктеу жерде – шелек немесе басқа заттың үстінде тұрған болуы мүмкін. Кадрда адамның бет тұсына шамалас деңгейде тұрған арқан да болған.
“Анасына қызының WhatsApp-ынан мен асылайын деп жатырмын деген сипатта видео келді. Бірақ оны күйеуі түсірген деп ойлап отырмыз. Өйткені көйлек тізесінен асады, беті көрінбейді, жіпті түсірген, ал аяғы әйел адамның денесіне ұқсамады. Күйеуі өтірік видео түсірген деп ойлап отырмыз. Бізде барлық видео, дәлел бар”, – дейді ол.
Марқұмның жақындары әділдік орнауын талап етеді. Олар кінәлілердің жауапқа тартылып, заң аясында тиісті жазасын алғанын қалайды.
“Біздің талабымыз – істің ақиқаты анықталсын. Бұл қыз өз-өзіне қол салатын адам емес еді. Ол өмірді жақсы көретін, ерке өскен қыз болатын. Баласын қатты жақсы көрді. Оның үстіне, аяғы ауыр болған. Ойлаңызшы, 10 айлық баласы бар, өзі жүкті әйел өзін өлімге қия ма? Біз бұған сенбейміз. Оны ұрып-соққан. Ұрып жатқан кезде абайсызда өлтіріп алып, кейін қылмысын жасыру үшін асып қойған болуы мүмкін деп ойлаймыз”, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл мәлімдемелер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оларды тергеу органдары тексеруге тиіс.
Тергеу туралы не белгілі?
Жамбыл облысының Полиция департаменті бұған дейін өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша соталды тергеу басталғанын мәлімдеген.
Құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айтты.
Тергеу мүддесіне байланысты полиция басқа ақпаратты жарияламады.
Еске салайық, 17 тамызда Жамбыл облысының Мерке ауылында 19 жастағы Мадина Рашидқызымен қоштасу рәсімі өтті. Жас келіншектің артында сегіз айлық сәбиі қалды. Алдын ала мәлімет бойынша Мадина отбасындағы жанжалдардан кейін өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары осы нұсқаға сенбейтінін айтып отыр. Қоштасу рәсіміне журналистер де қатысып, марқұмның күйеуінің туыстары болмағанын байқаған.
Туыстарының айтуынша, Мадинаның қайын жұрты қоштасуға келмеген. Бұған дейін Мадинаның құрбысы қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеген. Құрбысы оның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан. Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған. Мадина "Барни" тәттісін жегені үшін күйеуінің оны ұрғанын айтқан деген ақпарат тараған. Осыдан кейін жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған. Оқиға бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, адамды суицидке жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстандық ер адам қолына бұрауыш тығып алып, көз жұмды: Туыстары дәрігерлердің салғырттығына шағымданды