Трамп Ресейге қарсы 500%-ға дейін баж салығын енгізбек: Қазақстанға қандай қауіп төніп тұр?
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды кеңейту туралы заңға қол қойды. Құжатта Владимир Путинге жеке санкциялар енгізу қарастырылған. Сонымен қатар Ресей тауарларына 500%-ға дейін, ал олардың мұнайы мен газын көп сатып алатын елдердің тауарларына 100%-ға дейін баж салығы салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CBS News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжаттың ресми атауы – "Линдси О. Грэмнің Ресей мен Иранға қарсы санкциялар туралы 2026 жылғы заңы". Заңға республикалық сенатор, марқұм Линдси Грэмнің есімі берілген. Ол бұл шектеулерді қабылдату үшін бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген.
Путинге қандай санкциялар енгізіледі?
Заң мәтінінде Ресей басшылығына қарсы жеке санкциялар бөлек көрсетілген. Тізімнің басында Ресей президенті Владимир Путин тұр.
Шектеулер АҚШ аумағында орналасқан немесе америкалық тұлғалардың бақылауындағы мүлік пен қаржы активтерін бұғаттауды көздейді. Сонымен қатар ресейлік шенеуніктердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салынып, олардың қолданыстағы америкалық визаларының күші жойылады.
Путиннен бөлек, санкциялар Ресей премьер-министріне, қорғаныс, сыртқы істер, қаржы, энергетика және өнеркәсіп министрлеріне, әскер қолбасшылығына, ФСБ, СВР және Росгвардия басшылығына да қатысты болады.
Оған қоса шектеулер Ресейдің Сбербанк, ВТБ және Газпромбанк секілді банктеріне, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына, энергетикалық жобаларына, олигархтарына және Ресейдің "көлеңкелі флоты" құрамындағы кемелерге енгізіледі.
500%-ға дейін баж салығы
Заң АҚШ президентін 30 күн ішінде Ресейден келетін барлық тауарларға салынатын баж салығын көтеруге міндеттейді. Оның мөлшері 500%-ға дейін жетуі мүмкін.
Ал Ресей мұнайы немесе газын ең көп сатып алатын бес елдің қатарына кіретін немесе Мәскеуге мұнай санкцияларын айналып өтуге көмектесетін мемлекеттерден келетін тауарларға 100%-ға дейін баж салығы салынуы мүмкін.
АҚШ президенті ұлттық мүддеге сай деп тапса, жекелеген санкциялар мен баж салығын уақытша алып тастауға құқылы. Мұндай жағдайда Ақ үй бұл шешімнің себебін Конгреске жазбаша түрде түсіндіруі керек.
АҚШ Өкілдер палатасы заңды 262 дауыс "қолдап", 159 дауыс "қарсы" нәтижесімен мақұлдады. Бұған дейін Сенатта құжатты 86 сенатор қолдап, 11-і қарсы болған.
Демократ сенаторлардың бір бөлігі заңға қарсы шықты. Олар құжат Трампқа үшінші елдерге қатысты сауда шектеулерін енгізуде тым кең өкілеттік береді деп мәлімдеді.
Заң Иранның энергетика және қару-жарақ секторларына салынған америкалық санкциялардың мерзімін ұзартады. Заң авторлары санкциялар Ресейдің мұнай мен газ экспортынан түсетін кірісін азайтып, елге экономикалық қысымды күшейтеді деп есептейді. Осы арқылы Мәскеуді Украинадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге баруға ынталандыру көзделген.
Ресей не дейді?
Заңға қол қойылғанға дейін Кремль жаңа америкалық санкциялар Украинадағы бейбіт келіссөздерге жол табуды қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты.
"Әрине, бұл құжаттың қабылдану барысын бақылап отырмыз. Бұл – достық емес әрекеттерге жатады. АҚШ тарапынан қосымша санкциялар енгізілуі Украинадағы бейбіт реттеу жолдарын іздеу жұмыстарына сөзсіз қиындық туғызады", – деді ол.
Санкциялар Қазақстанға әсер ете ме?
Қазақстан бұл заңда тікелей аталмайды. Бұған дейін Конгресте Ресейге қарсы енгізілетін сауда шектеулерін Қазақстанға да қолдану ұсынылған еді. Алайда депутаттар бұл ұсынысты қолдамады.
Алайда жаңа шаралар Қазақстанның Ресеймен жұмыс істейтін банктеріне, делдалдарына және логистикалық компанияларына жанама түрде әсер етуі мүмкін. АҚШ Қазақстан арқылы тауарлардың Ресейге қайта экспортталуына, ресейлік банктермен, энергетикалық компаниялармен және қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарымен жасалатын операцияларға бақылауды күшейтуі ықтимал.
АҚШ Қазақстанды Ресейдің мұнайы мен газын ең көп сатып алатын бес елдің бірі деп таныса бізге де тікелей қауіп төнуі мүмкін. Оған қоса Қазақстан Ресейге салынған мұнай санкцияларын айналып өтуге көмектесіп жатыр деп танылса, ел тауарларына 100%-ға дейін баж салығы салынуы мүмкін.
Мұндай жағдайда АҚШ Қазақстаннан импортталатын барлық тауарларға 100%-ға дейін баж салығын енгізе алады.
Сонымен қатар АҚШ президенті Қазақстанды немесе кез келген басқа мемлекетті ұлттық мүддеге сай деп тапқан жағдайда бұл шектеулерден босата алады.
"68 мың теңге келді": Қазақстандықтар коммуналдық қызмет бағасының күрт өсуіне шағымданды