Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда жер сілкінісінен кейін Қазақстан салып берген мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады

мектеп
Фото: KazAID Қазақстанның халықаралық даму агенттігі

Түркияның Газиантеп провинциясы Нұрдағы ауданындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп алғаш рет оқушылар қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мектеп Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен салынған. Бұл жоба Қазақстанның зардап шеккен өңірді қалпына келтіруге қосқан үлесі. Оның үстіне Қазақстан мен Түркия халықтарының өзара ынтымағы мен бірлігінің символы.

Қазақстанның халықаралық даму агенттігі KazAID мәліметінше, мектеп 960 оқушыға арналған. Мұнда бастауыш білім беруге арналған 32 сынып және мектепке дейінгі білім беруге арналған 4 сынып бар. Қазір білім ордасында 50 мұғалім жұмыс істейді.

Агенттік өкілінің айтуынша, оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін қажет заманауи инфрақұрылым мен қолайлы жағдай жасалған.

Мектептің ашылу рәсіміне KazAID басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Кылыынчоглу, жергілікті қоғам өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

оқушылар
Фото: KazAID Қазақстанның халықаралық даму агенттігі

Айта кетейік, 2023 жылы Газиантеп провинциясында жойқын жер сілкінісі болған соң Тоқаев Түркия халқына көрсетілген көмек аясында осы мектепті салу туралы бастама көтерген.

Биыл мамыр айында Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған аталған мектептің ашылу рәсіміне бейнебайланыс арқылы қатысты.

Еске салайық, 2023 жылы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті баллдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Күшті жер асты дүмпулері көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Кипр және Иракта да сезілді. Түркиядағы жер сілкінісінен 50 мыңнан астам адам зардап шеккен еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 15:27