Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сабақ уақытын 30 минутқа қысқартты": Алматы тұрғыны баласы оқитын мектеп маңындағы жол жөндеуіне шағымданды

тар жол кептеліс
Фото: instagram.com/batuhtina

Алматының Бостандық ауданындағы Нұр Алатау, Нұрлытау, Ерменсай және Бағанашыл шағынаудандарының тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып, көлік қозғалысына қиындық келтіріп отырғанын айтып отыр. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігінен ресми түсініктеме сұрады. 

Тұрғындардың бірі Наталья Укасованың мәліметінше, 31 тамызда, оқу жылы басталар алдында, NGS мектебінің маңындағы жол жабыны алынып, алайда арада екі аптадан астам уақыт өтсе де, жөндеу жұмыстары аяқталмаған.

"Қазір аудан іс жүзінде кептелісте тұр. Жолдар тар, кіріп-шығатын бағыттарда ұзын-сонар кезек. Осы жағдайға байланысты мектеп сабақтың басталу уақытын өзгертіп, сабақ ұзақтығын 30 минутқа дейін қысқартқан. Яғни, жол жұмыстарының уақытында әрі дұрыс ұйымдастырылмауы балалардың оқу процесіне тікелей әсер етіп отыр. TAMOS мектебінің маңында жол-көлік оқиғасы болып, жедел жәрдем көлігі баланы қағып кеткен. Ал зардап шеккен балаға бағытталған басқа жедел жәрдем көлігі де, куәгерлердің айтуынша, кептеліске байланысты уақытында жете алмаған", – тұрғын Наталья Укасова.

Наталья Укасованың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жедел көмек тұрғындарға дер кезінде жете алмай қалуы мүмкін деп алаңдайды. Тұрғындар Алматы әкімдігіне үндеу жариялап, қауіпсіз көлік қозғалысын шұғыл қамтамасыз етуді сұрап отыр. Бұдан бөлек, олар жөндеу жұмыстарын аяқтауды, мектептер маңындағы қозғалысты реттеуді және жұмыстың нақты қашан аяқталатынын талап етті.

Алайда аудан тұрғындарының айтуынша, мұндай автобустар қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр және олар да кептелісте тұрып қалады. Үлкен автобустарды пайдалану да тар жолдарға байланысты қиын.

"Егер ұсынылып отырған логикаға сенсек, онда ауданымыздың жолдарын ақылы етіп, тек ақы төлегендерді ғана кіргізу керек пе? Осының бәрі әділетсіз екені анық. Мәселені кімге жолмен жүруге болады деген дауға айналдырмай, жол мәселесінің нақты шешімін талап етейік. Мен де осы ауданның тұрғынымын және күн сайын кептелісте тұрудың қаншалықты қиын екенін түсінемін. Бірақ бүкіл мәселенің шешімін тек ата-аналардың мойнына арту қаншалықты әділ? Онда барлық тұрғынға автобусқа отырыңыздар деуге де болады. Бірақ қазылған жолдар, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың жоқтығы және жедел жәрдем көлігінің өтуінің қиындауы бұдан шешілмейді", – деп шағымданды ата-ана Наталья Укасова.

Ата-аналар әкімдіктен балалары үшін қауіпсіз жолды, көлік қозғалысына ашық жолдарды және жөндеу жұмыстарының нақты аяқталу мерзімін талап етіп отыр. Пікірлердің бірінде тұрғын "Осы аудандардың тұрғындарын әбден әбігерге салды. Неге бәрін оқу жылы басталғанға дейін ұйымдастыруға болмады?" деп жазған.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, "ауданға кіріп-шығатын үш негізгі жолдың біреуі, кейде екеуі қатар жабылып қалады". Оның пікірінше, жағдай көлік қозғалысына айтарлықтай әсер етіп отыр.

Тұрғындардың тағы бір көтеріп отырған мәселесі аудан инфрақұрылымының қазіргі жүктемеге сәйкес келмеуі. Олардың айтуынша, тұрғындар мен көлік саны артқанымен, тар жолдар мен қолданыстағы инфрақұрылым мұндай көлік ағынын көтере алмай отыр.

кептіліс мектеп
Фото: instagram.com/batuhtina

Алматы әкімдігі не деп жауап берді?

Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Жәңгір хан көшесінің №25 үйден №54 үйге дейінгі аралығында жол жамылғысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Аталған учаскедегі жұмыстар ағымдағы жылдың 13 қыркүйегінде басталды. Бүгінгі таңда қолданыстағы жол жамылғысын фрезерлеу жұмыстары орындалып, сондай-ақ кейіннен ұсақ түйіршікті асфальтбетон төсемін төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілді. Осы аптада жаңа асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмыстарын орындау жоспарланып отыр. Басқарма тарапынан жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасына бақылау жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді Алматы әкімдігі.

Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде магистральдық көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал аудандық маңызы бар көшелердегі жұмыстарды 31 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.

"Биыл Алатау ауданында 99 көшені, Әуезов ауданында 16 көшені, Наурызбай ауданында 19 көшені, Бостандық ауданында 39 көшені, Түрксіб ауданында 21 көшені, Жетісу ауданында 44 көшені, Медеу ауданында 78 көшені және Алмалы ауданында 1 көшені орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Қазір аудандар бойынша жөндеу жұмыстарының 70%-ы аяқталды", – деп түсіндірді Алматы әкімдігі.

Бұдан бөлек, NGS мектебіне де хабарластық. Мектеп өкілдері әкімдікке заңгерлері арқылы шағым түсірілгенін айтып, басқа ақпаратты жариялай алмайтынын жеткізді.

Айта кетейік, NGS – Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірі. Табысты жекеменшіктердің арасында білім орда рейтингте жетінші орынға жайғасқанын жазған едік. Мектептің болжамды табысы 4,8 миллиард теңге, ал оқу ақысы айына шамамен 518,8 мың теңге. Мұнда 1035 оқушы білім алады. Мектеп 2018 жылы ашылған. 2019 жылы оқу орны ЮНЕСКО-ның сертификатталған мектебі мәртебесін алды. NGS білім беру концепциясы "Ақылдырақ! Күштірек! Жарқыра!" қағидасына негізделген. Мұнда математикалық бағыт күшейтіліп, ғылыми жобалар мен олимпиадалық қозғалыс дамытылған. Жоғары сыныптарға арналған NGS High School бағдарламасы студенттік білім беру моделіне жақын форматта жүргізіледі. Оқушылар Business study, IELTS және кәсіби бағдар пәндерін оқиды. Мектеп спортқа да ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы Дубайда өткен Alem Cup турнирінде NGS оқушылары жеті жүлделі орын жеңіп алды. Ал баскетбол командасы жасөспірімдер Еуролигасында мектеп атынан қатысу құқығын иеленді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 17:10