Жезқазғанда "Қазақмыстың" қолдауымен салынған Ұлытау облысының Орталық мешіті ашылды

13 қарашада Жезқазған қаласында Ұлытау облысының Орталық мешіті салтанатты түрде ашылды. Бір мезетте 3 мың адамға дейін қабылдай алатын діни нысанның құрылысын "Қазақмыс" корпорациясы қаржыландырды.
Ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, "Қазақмыс" корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар мен құрылысқа атсалысқан мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Мешіт құрылысы 2025 жылы басталған. Сол жылдың шілде айында Бас мүфтидің қатысуымен алғашқы іргетасы қаланды. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ал бас мердігері – "Integra Construction" компаниясы. Діни басқарма төралқасының шешімімен нысанға "Ұлытау облысының Орталық мешіті" деген атау берілді.

Жаңа мешіт Жезқазғанның орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 3 800 шаршы метр. Ал айналасындағы 4 855 шаршы метр жер абаттандырылып, көгалдандырылған. Мұнда жұртшылық құлшылық жасап қана қоймай, діни-ағартушылық шараларға қатысып, рухани бас қосуға мүмкіндік алады.
"Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі айрықша, тарихи күн. Халқымыздың тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – дінге, ізгілік пен рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі", – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Орталық мешіттің ашылуы "Қазақмыс" қаржылай қолдау көрсеткен маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.
"Бүгін біз халқымыздың сан ғасырлық дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін жаңа рухани орталықтың есігін айқара ашып отырмыз", – деді "Қазақмыс" корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Компания өңірлердегі әлеуметтік нысандарды дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп келеді. Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында корпорация бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысып жатыр.
Атап айтқанда, Жезқазғанда жаңа мешіттің маңындағы Кеңгір су қоймасының жағалауын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ "Жастар" саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеуден өткізу және "Намыс" балалар мен жасөспірімдер спорт академиясын салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ұлытау университетінің құрылысы да аяқталуға таяу. Оқу орнының жатақхана ғимараты да соңғы кезеңде тұр.

Ал Сәтбаев қаласында Шахтер даңқы алаңын жаңарту және қалалық ауруханаға жаңа травматология бөлімшесі орналасатын қосымша ғимарат салу жобалары қолға алынған.
"Ұлытау облысының дамуы біз үшін айрықша маңызды. Өндірісті жаңғырта отырып, компаниямыздың басты қағидатын – халықтың игілігі үшін еңбек етуді әрдайым басшылыққа аламыз", – деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
2027 жылы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тағы бірнеше нысанның құрылысы басталмақ. Олардың қатарында көпфункциялы конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығы бар.

Бұл жобалар қала келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың білім алуына, спортпен шұғылдануына және мәдени демалысына жаңа мүмкіндіктер ашуды көздейді. Сондай-ақ өңірдегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
"Қазақмыс" алдағы уақытта да Ұлытау облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына ұзақ мерзімді үлес қосатын жобаларды қолдауды жалғастырады.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма