Қазақстандықтар ЖРВИ белгілеріне жаппай шағымданып жатыр: Ресми статистика не дейді
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда күзгі маусым басталғалы бері ЖРВИ жағдайлары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есеге аз тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, олар қыркүйек айынан бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылыққа апта сайын мониторинг жүргізіп келеді. Тұмау жағдайлары тіркелген жоқ, сондай-ақ елде бұрын белгісіз болған жаңа респираторлық вирустар анықталған жоқ.
“COVID-19 басқа да маусымдық респираторлық вирустармен қатар айналымда жүр. Бұл ретте Қазақстанда бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ. Күз мезгілінде респираторлық инфекциялардың айналымы дәстүрлі түрде күшейеді. Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайды апта сайын бақылауды жалғастырып жатыр”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Халық ЖРВИ туралы не дейді?
Ал әлеуметтік желіде қазақстандықтардың пікірі мүлдем басқа. Threads-те соңғы кезде қандай вирус жүріп жатқан туралы қолданушылар түсінбей дал болып жатқанын жазған еді.

Алматылықтар арасында соңғы уақытта тұмау мен ЖРВИ белгілеріне ұқсас симптомдарға шағымданатын тұрғындар көбейген. Әлеуметтік желі қолданушылары өздерін нашар сезініп жүргенін айтып, ауруды қалай емдеу керегін бір-бірінен сұраған.
Тұрғындардың бірі Алматыда қазір қатты тұмау тарап жатқанын естігенін айтып, аурудан емделіп жүргендерден қандай дәрі-дәрмек қолданып, қандай ем қабылдап жатқанын бөлісуді сұраған. Ол өзі де өзін өте нашар сезініп жүргенін жазған.
Тағы бір тұрғын аурудың вирус екенін сұрап, тамағы мен мұрны қайта-қайта ауыратынын айтқан. Оның сөзінше, бұл жағдай бір айға жуық уақыт бойы жалғасып келеді. Тіпті ем ретінде укол алып жүргеніне қарамастан, ауру белгілері басылмаған.
Кейбір тұрғындар дене қызуы көтерілмесе де, ЖРВИ-ге тән белгілер байқалатынын жазған. Олардың арасында тамақтың қатты ауыруы, мұрыннан су ағуы және жалпы әлсіздік бар. Осыған байланысты тұрғындар дене қызуының болмауы ағзаның вируспен күреспей жатқанын білдіре ме деген сұрақ қойған. Сонымен қатар мұндай белгілердің қазіргі уақытта көптеген адамда кездесіп жүргенін атап өткен.
Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы өзінде ЖРВИ белгілеріне ұқсас жағдай байқалғанын, алайда дене қызуы көтерілмегенін айтқан. Оның тамағы қатты ауырып, мұрнынан су аққан. Кейде жөтеліп, қатарынан бірнеше рет түшкіретінін жазған. Осы белгілерге алаңдаған тұрғын өзінің жағдайы асқынып кеткен жоқ па деген сұрақ қойған.
Осылайша әлеуметтік желідегі жазбаларда алматылықтар тамақ ауруы, мұрыннан су ағуы, жөтел, жиі түшкіру және әлсіздік сияқты белгілерге жиі шағымданып, аурудың ұзаққа созылып жатқанына алаңдайтынын білдірген.
Айта кетейік, бұған дейін де әлеуметтік желіде қазақстандықтар күз басталғалы ауада әлдебір вирус тарап, жаппай ауырып жатқанын жазды. Қазақстандықтардың айтуынша, бұған дейінгі ауруынан айықпастан үшінші рет сырқаттанып қалғанын, бүкіл отбасы мүшелері де аурудан бас көтере алмай жатқанын жазды.
"68 мың теңге келді": Қазақстандықтар коммуналдық қызмет бағасының күрт өсуіне шағымданды